Үйі жоқ жандарға баспаналы болудың өзі зор бақыт. Азаматтардың әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Бұл ретте негізгі қағидаты, әсіресе әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болып қала бермек. Осы мақсатта тұрғын үй қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін тұрғын үй бағдарламаларының бірегейі – «Нұрлы жер».
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың маңызын, оның тұрғын үй құрылысына мықты серпін беретінін ерекше атап өткен еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларын бірыңғай тұрғын үй саясаты аясында біріктіріп, 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осылайша, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жылу және сумен жабдықтау, су тарту, коммуналдық секторды жаңғырту және өңірлерді дамыту бағдарламаларының аясында үйлерді жөндеу мәселелерін біріктірді. Бұл ретте бағдарламаның бергені мол. Басты мақсаты – қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Елімізде әлеуметке бағдарланған қолжетімді үйлер 2005 жылдан бері салына бастады. Мәселен, дәл сол жылы 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Арада он жыл өткенде, яғни 2015 жылы аталған көрсеткіш 8,9 млн шаршы метр болды. Былтыр 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйдің салынғанына куә болдық. Биылғы меже – 17 млн шаршы метр. Байқағанымыздай, елімізде тұрғын үй құрылысы жыл өткен сайын қарқын алып келеді. 2020 жылы республика бойынша 140 мыңнан астам тұрғын жай пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6 пайызға өсіп, 2 трлн теңге болды. Яғни, мемлекеттің 1 теңгесіне жеке инвесторлардан 5 теңге тартылды. Осы жылдың бірінші тоқсанында да құрылыс саласында дамудың оң серпіні байқалып отыр. Атап айтқанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға ұлғайды. Бұл ретте өңірде де құрылыстың қарқыны жоғары. Өткен жылы Қызылорда облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жүргізу үшін мемлекеттік бюджет есебінен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ өңір бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 1946 пәтер болатын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Биыл да баянды бағдарлама жалғасын тауып, аймақта тұрғын үй құрылысы қарқын алды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 105 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу, оның ішінде жыл аяғына дейін 61 тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарда тұр. Мұнан басқа, мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 662 пәтер болатын 16 жалға берілетін тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 430 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларға табысталатын болады.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы