Павлодар облысында полиция қызметкері өзіне оқ атты
Павлодар облысында полиция қызметкері өзіне оқ атты
Павлодар облысы Железинка ауылының прокуратура ғимаратында полиция қызметкері табельдік қаруды пайдаланып, өзіне оқ атты. Полиция қызметкерінің өзін өлтіруге оқталғаны туралы ақпарат 24 мамырда әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тарай бастады, деп хабарлады Pavlodarnews.kz. Облыстық Полиция департаменті ақпаратты растады.
"23 мамырда, сағат 18:10-да Железинка ауылындағы прокуратура ғимаратында аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі оң иығына оқ атқан. Ол ауруханаға жатқызылды, оған ота жасалды", – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.
Қазір полиция қызметкерінің жағдайы тұрақты. Дәрігерлер оқ сүйегі мен дене мүшесіне зиян келтірмегенін хабарлады. Полицейдің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Осы дерек бойынша облыстық Полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушілері тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық кодекстің 105-бабы "өзіне қол салуға жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейдің өзіне оқ атуына не себеп болғаны анықталып жатыр.