Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бесінші отырысы болды. Қатысушылар Қазақстан экономикасының пандемиядан кейінгі кезеңдегі үрдістерін, міндеттері мен келешегін талқылады. Кездесуге Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, клуб мүшелері және шақырылған сарапшылар қатысты.
Сенат Төрағасы пікірсайыс алдында COVID-19 пандемиясының әлемдік экономикаға кері әсер тигізгенін атап өтті. Қазақстандық ЖІӨ көрсеткіштері 2,6%-ға қысқарды. Көлік, сауда, қызмет көрсету секторлары ең көп зардап шеккен салалардың бірі болды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, пандемия жағдайында дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған заңдарды сапалы пысықтау және жедел қабылдау Парламенттің міндеті болып табылады. Мәулен Әшімбаев Қазақстан алдында тұрған бірқатар өзекті міндетті атады. Оның ішінде шағын және орта бизнестің даму қарқыны мен жұмыс орындарын қалпына келтіру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен бизнесті цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік шығыстардың мемлекет кірістеріне мөлшерлестігін қамтамасыз ету бар. Сенат Төрағасының айтуынша, биыл бюджет тапшылығы 2020 жылғы ЖІӨ-ге қатысты 3,1%-дан 2021 жылы ЖІӨ-ге қатысты 3,5%-ға дейін өсуі байқалады. «Бюджет тапшылығы ішкі және сыртқы қарыз алу есебінен қаржыландырылып отыр. Бұл жаңа проблема емес. Келесі 2022-2024 жылдардағы үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде осы үрдісті өзгерту қажет. Бюджет шикізаттық емес сектор мен өңдеу өнеркәсібін дамыту есебінен толықтырылуы тиіс. Ресурстарды, оның ішінде мемлекеттік ресурстарды үнемдеу еңбекті ұйымдастырудағы жаңа нысандарды қамтамасыз ете алады. Атап айтқанда, қашықтан жұмыс істеу сипаттарын ұлғайтуға, цифрлық платформаларды неғұрлым белсенді пайдалануға болады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенат Төрағасы пандемия кезінде айқындалған бағыттар бойынша мамандар даярлауды өзекті міндет ретінде атады. Бұл дәрігерлер, әсіресе инфекционистер мен эпидемиологтер, сондай-ақ оқытушылар, IT саласындағы мамандар болып отыр. Пікірталасқа қатысушылар Қазақстан экономикасын қалпына келтіруге қатысты өз болжамдарымен және ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтқанда, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев пандемия кезінде және одан кейін кәсіпкерлер арасында жұмыс күшіне деген қажеттіліктеріне байланысты жүргізілген сауалнама нәтижелері туралы айтып берді. Шараға шақырылған келесі сарапшы Тимур Одилов еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты өз ұсынысын айтты. Айнұр Әмірбекованың таныстырылымының тақырыбы өнеркәсіпті жаһандық жаңа қауіп-қатерлерді ескере отырып дамыту болды, ал Эльдар Шамсутдинов карантиннен кейінгі кезеңдегі микро және шағын бизнестің жай-күйін талдау нәтижелерін айтты. Клуб мүшелері де пандемиядан кейінгі даму келешегі туралы өз ойларымен бөлісті. Мәулен Әшімбаев талқылауды қорытындылай келіп, сарапшылар айтқан ұсыныс-ұсынымды Парламент жұмысында пайдаланылатыны және Ұлттық экономика министрлігі назарға алатынына сенім білдірді.А.СҰЛТАН