Қарағанды облысында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұқтаж жандарға он үйдің кілтін табыстады.
ҚМДБ баспасөз қызметі бір сәтте 10 отбасы баспаналы болғанын хабарлады. Қайырымдылық шарасы «Әнет баба» мешітінде өтті. Мұндай сауапты іс «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асқан. Игі шараға Қарағанды облысына ресми сапармен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Ол Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі қайырымдылық, көмек сұрап келгенге көмектесу екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінге дейін «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен 400-ден аса пәтер берілген. «Бұл – үлкен көрсеткіш. Осынша отбасына қуаныш сыйлап, үй-жайлы болуына ықпал еттік. Міне, бүгін осында келген мұқтаж отбасылар тағы да қуанышқа кенеледі. Біз үшін одан асқан бақыт жоқ», – деді ҚМДБ төрағасы. Баспаналы болғандар арасында көпбалалы отбасылар, ауыл имамы және өзге ұлт өкілі бар. Бұдан бөлек, өңірдің орталық мешітінде 150 мұқтаж отбасына азық-түлік салынған қораптар табысталды.А. ЖОЛДАС