Қостанай әкімі есеп берді
Қостанай әкімі есеп берді
151
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкім Қостанай өңірінің биылғы төрт айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытынды­лары мен бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп берді. Архимед Мұхамбетовтің ай­туынша, Қостанайда құны ша­мамен 80 миллиард теңге болатын жаңа шойын құю зауытының құрылысы жүріп жатыр. Аталған кәсіпорында 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Мемлекет басшысына еліміз­дегі алғашқы локализациялау ор­талығы құрылысының барысы мен Kia және Renault автомобиль­де­рін құрастырудың жаңа же­лі­сінің іске қосылғаны туралы баян­­далды. Жыл басынан бері өңірде 16 459 автомобиль, оның ішінде 15 599 жеңіл автомобиль, 736 жүк көлігі және 124 автобус шыға­рылды. Жыл соңына дейін 60 мың авто­көлік құрастыру жоспар­ланған. Сонымен қатар Президентке Қостанай облысындағы эпиде­мио­логиялық жағдай туралы мә­лімет берілді. Мекемелер талапқа сай медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының қоры да жеткілікті. 505 мың азаматқа вакцина егу жоспарланса, бүгінге дейін 80 мың­нан астам адамға екпе салын­ған. Сондай-ақ Ashyq мобильді қосымшасы белсенді енгізілуде. Қазір кәсіпкерлерден 270 өтінім қабылданған. Кездесу қорытындысы бо­йын­ша Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі елді мекендерді таза су­мен қамта­ма­сыз ету, сондай-ақ Арқалық жылу электр орталығын жаңғырту жұ­мыстарын тездетіп аяқтау жө­нін­де бірқатар нақты тапсырма берді.