Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкім Қостанай өңірінің биылғы төрт айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп берді. Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, Қостанайда құны шамамен 80 миллиард теңге болатын жаңа шойын құю зауытының құрылысы жүріп жатыр. Аталған кәсіпорында 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Мемлекет басшысына еліміздегі алғашқы локализациялау орталығы құрылысының барысы мен Kia және Renault автомобильдерін құрастырудың жаңа желісінің іске қосылғаны туралы баяндалды. Жыл басынан бері өңірде 16 459 автомобиль, оның ішінде 15 599 жеңіл автомобиль, 736 жүк көлігі және 124 автобус шығарылды. Жыл соңына дейін 60 мың автокөлік құрастыру жоспарланған. Сонымен қатар Президентке Қостанай облысындағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді. Мекемелер талапқа сай медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының қоры да жеткілікті. 505 мың азаматқа вакцина егу жоспарланса, бүгінге дейін 80 мыңнан астам адамға екпе салынған. Сондай-ақ Ashyq мобильді қосымшасы белсенді енгізілуде. Қазір кәсіпкерлерден 270 өтінім қабылданған. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ Арқалық жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын тездетіп аяқтау жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.