Қазақстанның қай қала-ауданында болсын, аялдамаға автобус тоқтаған кезде немесе орнынан қозғалып жүріп кеткен соң ауада қара түтін ұзаққа дейін тұрып қалатын жағдай жиі кездеседі. Мегаполистерде ондай ескі қоғамдық көлік саны жыл санап азайып, барынша экологиялық талаптар сақталған көлік түріне көшу үдерісі басталғаны рас. Ал аймақтарда бұл мәселе әлі күйіп тұр. Одан қала берді, автобустар ғана емес, жеңіл автокөліктердің де түтін будақтататын әдеті бар. Қоршаған ортаға тигізетін зияны заңмен ескерілгенімен, адамдар оның байыбына бара алып жүр ме?
Жалпы алғанда, мәселеге тереңдей берсек, бұдан бөлек себеп жетіп артылады. Тіпті, жаңа көліктің өзінен қоршаған ортаға зиян зат бөлінеді. Осыны ескере отырып, мемлекет халықтың жағдайын түсінгендіктен, белгілі бір нормаға дейін еркін жүріс-тұрысқа рұқсат береді. Ал енді одан асқан жағдайда, айыппұл салынады. Негізі, ескертіп, айыппұл салған соң әлгі бұзылған жерін жөндеуге міндеттеледі. Өйткені олай болмаса, бекітілген соманы төлеумен шектелу мәселені шешпейді. Бар болғаны қазынаға түскен қаражаттың көлеміне ғана әсер етеді. Айтқандай, будақтаған түтін мәселесімен көбіне ескірген көліктер бетпе-бет келеді. Ал ондай көлікті тізгіндеп жүрген адамның жақсырақ тұлпар алуға не айыппұл төлеуге шамасы келе бермеуі де ықтимал.Айыппұл шілдеде бес есе өседі
Ендеше, заң не дейді? Сала маманы Ахметжан Бейсенбеков қолданыстағы заңның шілдеде өзгеретінін айтып отыр. Қазір Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 334-бабында шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтерден асып кететін автокөліктерді және жылжымалы құралдарды пайдалану жайлы жазылған. Жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе екi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Қазіргі есеп бойынша 2 АЕК – 5 834 теңге. Осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. «Әкімшілік құқық бұзу туралы» кодекстің экологияға қатысты баптарына өзгеріс енгізілетін болды. Олар биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Автокөлік құралын пайдалану барысында нормадан асатын деңгейде ауаны ластап немесе шулы дыбыс шығарған жағдайда салынатын айыппұлдар енді бес есе өсіріледі. Яғни, шілдеден кейін жеке тұлғаларға – 29 170 теңге, заңды тұлғаларға — 291 700 теңге. Ал енді қайталанған жағдайда көлемі тиісінше 58 340 теңгеге және 583 400 теңгеге өседі», – дейді заңгер.Мемлекет қаншалықты күресіп жатыр?
Бұл мәселеге мемлекет соншалықты бейжай қарап отыр деуге келмейді. Себебі жыл басында Экологиялық кодекс қабылданып, сол жерде ауаны ластайтындармен күрес шарасы да жазылған. Мәселен, Алматыда жаңартылған екі экопост жұмыс істеп тұр. Жоспар бойынша, қаланың барлық кіреберісінде осындай тексеру бекеттері жұмыс істейді деседі. Мұндағы мақсат қандай? Кім ауаны ластаса, сол үшін төлейді деген принцип. Бастама енді іске асырылып жатқандықтан, жаппай айыппұлға іліктіріп жатпаса керек. Әрі жұмыс кестесі де 24 сағат емес. Күндіз, көлік аз уақытта тексереді. Өйткені онсыз да кептеліс мәселесі күйіп тұрғанда жүргізушілерді одан әрмен «күйдіргісі» келмесе керек. Төрт адамнан тұратын топтың құрамында экологтер бар. Жалпы, қанатқақты жобаның қорытындысы бойынша тәулік жоспары анықталып, бір күнде кемі 500 көлікті тексеру бекітілген. [caption id="attachment_140316" align="alignnone" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Осы ретте тексеріс туралы бірер сөз айта кетсек. Шығарындылардың уыттылығы тексерген уақытта нормадан асып кеткен жүргізушілер базаға енгізіледі. Сөйтіп, оны көп ішінен анықтау оңайлай түседі. Алдағы уақытта базаны «Сергекпен» біріктіру жоспары да бар екен. Көпкомпонентті газ талдауыш арқылы бензинмен және газбен жүретін көліктерді көмірсутек, көміртек оксиді, көміртек диоксиді, азот пен оттегінің тотығу дәрежесін өлшейді. Ал дизельді машиналарда пайданылған газдардың түтінденуін тексереді.Техбайқаудан «былай-ақ» өте салу тенденциясы
Мұндай көпкомпонентті газ талдауыш арқылы тексерісті негізі техникалық байқау кезінде де жүргізеді. Яғни, әр жүргізуші шын мәнінде қаншалықты деңгейде ауа ластап жүргенін білуі тиіс. Десек те, осы тұрғыда тағы бір мәселенің шеті шығады. Ол — біздегі техникалық байқау жүргізетін орталықтардың жұмысындағы шикілік. Сіздің де таныстарыңыздың ішінде ақша беріп, мәселе шешудің шеберіне айналғандар табылатын болар. Ал енді осы маңызды тексеріске атүсті қарағанның кесірінен бүгінгі көтеріп отырған мәселеден бөлек, біраз проблема туындайды. Көліктегі ақауды уақытында біліп, дұрыстамағанның салдарынан өмірі қыршынынан қиылып жатқандар аз емес. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, республика бойынша аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешу мақсатында 17 «Жол картасы» бағдарламасын енгізу көзделіп отыр. Соның ішінде, техникалық байқау орталықтарының жұмысына қатаң бақылау жасау да бар. Яғни, алдағы уақытта аталған орталықтарда заң бұзу фактілері тіркелсе, жұмысын тоқтатып, иесіне айыппұл салынады деседі. Мұндай шара қазір керек-ақ.Көшеде көлік тоқтатып инспектор жүрсе…
Сондай-ақ дамыған елдерде бар тәжірибе – жылжымалы зертханаларды бізде де біртіндеп іске қосып жатыр. Алматы көшелерінде жұмыс істей бастаған мобайл зертхана әлгі стационар экобекет іспеттес. Көлік ішіндегі инспектор көзге шыққан сүйелдей болып көрініп тұрған қозғалыс құралын жол шетіне тоқтатып, тексереді. Шыны керек, мұндай жылжымалы зертхананың көбейгені дұрыс. Себебі бұрын көлік ағынының ішінен қара түтінін будақтатып, орасан зор зиян тигізіп жүргендермен нақты айналысатын ешкім болмаған. Ал енді инспекторлар іске кіріссе, бұл мәселе де біртіндеп шешіле бастар еді. Тексеріс жасалған соң, қажет болса хаттама толтырылады. Осы материалға кірісерден бұрын көз алдымызға осындай көріністі елестеткен едік. Енді осындай зертханалар еліміздің түкпір-түкпірінен ашылып, жұмысқа кіріссе, құба-құп болады. Жеңіл автокөліктерден бөлек, ескірген автобустардың да ауаны ластайтынын жоғарыда атап өттік. Әлі күнге дейін дизельмен жүретін қоғамдық көліктер азаймай отыр. Оны кей қалаларда газбен жабдықтап ауыстырса, енді бір қалаларда тоқпен жүретін түріне алмастырып жатыр. Әрине, дизельге қарағанда газдың өзіне қуануға болады. Бірақ оның адам өміріне төндіретін қаупі де естен шықпауы тиіс. Ал енді тоқпен жүретін заманауи автобустармен толық жабдықтау бір сәтте шешіле қоятын мәселе дей алмаймыз. Өйткені оның құны да тиісінше қымбатырақ. Негізі әр автопарк жұмысына тыңғылықты қараса, экологиялық мәселені шешу жеңілдей түседі. Себебі көбіне ауа ластайтын – қоғамдық көліктер. Жауапты компанияның жұмысын жауапкершілікпен атқаруы жайлы неге сөз қозғадық десеңіз, айтайық. Бекітілген стандарт бойынша, әр жұмыс күні басталар сәтте жүргізуші де, автобус та тексерістен өтуі керек. Яғни, жүрек қағысы нормада болмаса не қан қысымы жоғары не төмен болып тұрса, демек, ол адамның бүгін жұмысқа шығуы біріншіден, өзіне зиян, екіншіден, жолаушылар үшін қауіпті. Сол сияқты қоғамдық көліктің де «саулығына» толық көз жеткізу керек. Бір өкініштісі, осы тұста қол сілтей салып, салғырт қарағаннан жол бойынша жайсыз жағдайлар болып жатады. Эколог Еркін Мырзағали заң жүзінде бір отбасындағы көлік санын бірге қысқарту керек деп отыр. «Жалпы, бұл мәселеге келгенде, біріншіден, қазіргі қоғамдық көліктердің маршруттық автобустың барлығын электрлі түріне ауыстыру керек. Екіншіден, Қазақстанға келіп жатқан қолданыста болған сатып алынатын көліктердің санын шектеу керек. Себебі қазір жанұяның әрбір мүшесінде бір-бір автокөліктен бар. Яғни, халық бүгінде автокөлікті аяқ киімше ауыстырады. Сондықтан осындай шектеу қою арқылы да мәселені шешуге болады деп ойлаймын», – дейді сарапшы. Қазақстан бойынша ауасы ластанған қалалардың рейтингіне кішігірім тоқталайық. Тізімнің басында Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған, Балқаш, Атырау және Теміртау қалалары бар. Әлбетте, мұндағы ауаның ластануына әсер ететін өзге де факторлар бары белгілі. Дегенмен ішіне осы автокөлік қозғалысының кесірі де кіреді. Бір қарағанда, аса мән беруге тұрмайтындай мәселе болып көрінуі мүмкін. Одан да бетер проблема жетерлік деген пікір де айтылар. Десек те, қара түтінге уланып жатқан өкпені аямаса болмайды. Жалпы алғанда, кез келген заң, ереже болсын жан-жақты талданады, дұрыс қолданыс тапса, нәтижесі де қуантады. Бірақ бір әттеген-айы сол, ішінде не шикілік табылады не адамдар ыңғайына қарай икемдеп алады. Алдағы уақытта еліміздің барлық аймағында жылжымалы зертханалар жұмыс істей қалса, инспектормен «бірдеңе қылып келісейік те» деп қиылып тұратындар табылмасына кім кепіл? Мұны енді уақытында көре жатармыз.