«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, оңтүстіктен солтүстікке халықты қоныстандыру басталғанына біршама уақыт болған. Екі қолға бір күрек ұсынылып, бастарына баспана беріледі деген соң жұмыссыз жұрт солтүстік облыстарды бетке алып көше бастаған.
Алайда миллиардтар шығындалған жоба көңілден шықпай тұр. Тіпті, Ақмола облысына күнгейден келген бірде-бір отбасы жоқ.
Жобадан неге ши шықты?
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік арнайы бағдарламасы шеңберінде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларға берілетін субсидияның мөлшері бірден 2 есеге, яғни 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін бір-ақ көтерілген. Бұған қалалық және ауылдық жерлерде тұрғын үйді жалға алу үшін берілетін мемлекеттік шығындарды қосыңыз. Президенттің тікелей бастамасымен Ұлттық кеңестің төртінші отырысында көтеріліп, шегелеп тапсырылған мәселеде шикілік неге шықты деген сұрақ өз-өзінен туындайтыны түсінікті. Өйткені бағдарламаға сәйкес, халқының саны аз, демографиялық жағдайы төмендеп кеткен солтүстік облыстарда мәселе шешу түпкілікті мақсат болған. Бірақ Үкімет пен тиісті министрлік және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілмеді ме, әлде басқа себеп болды ма, жер-жерде халықтың кері пікірлері әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген ресми мәліметтеріне сенсек, 2021 жылдың 1 мамырына дейін жұмыс күші мол оңтүстік аймақтардан 607 отбасы, яғни 1 935 адам қоныс аударған. Олардың жұмысқа қабілетті жастағы 593-і, яғни шамамен тек 67 пайызы ғана жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ 35 адам кәсіпкерлік қызметке бет бұрса, үшеуі қайта оқытуға жіберілген. Министрліктің есебінше бәрі ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр деген қорытындыға келуге де болады. Дегенмен тірліктің қамымен қысы қытымыр аяз, жазы салқын солтүстікке ойланып жатпастан келіп қалған тұрғындар арасында енді «ойбайға» басқандар да шығып жатыр.2023 жылға дейін 23,5 мың адамды солтүстікке қоныстандырмақ...
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми жауабына қарағанда, алдағы жылдары қоныс аударатындардың саны күрт өспек. Яғни, 2021-2023 жылдары ғана 23,5 мың адамға дейін қоныстандыру жоспарланған. Министрлік осылайша еңбекке жарамды адамдар ресурстары аз және демографиялық ахуалы төмен аймақтарға көшірілетінін мәлімдеді.Ақмолаға бағдарламаға сәйкес неге адам келмеді?
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша шолу жасаған соң Ақмола облысында да бағдарлама жайын білмек болдық. Бірақ аталған бағдарламамен әзірге облысқа қаражат та, келген адамдар да болмапты. «Бізге бұл бағдарлама бойынша облыс аудандарына келемін деушілер болған жоқ. Ешкімнің келгісі келмейтін сияқты. Тіпті, мемлекеттік бағдарламамен қаржы да қарастырылмаған. Сондықтан бұл бағдарлама жайында еш мәлімет айта алмаймын», – дейді Ақмола облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.ТҮЙІН.
Сонымен, 2017 жылдан басталған бағдарламаның биыл соңғы жылы. Төрт жылда тек 1 935 адам көшірілген. Ал алдағы екі жылда тағы 23 500 адамның солтүстік облыстарға қоныс аударуы көзделген. Миллиардтар бөлінген бағдарлама осылай жүзеге асырылса, алдағы жылы жүктелген осынша адамды қабылдау, тұрғын үй мен тұрақты жұмыс тауып беру мүмкін бола қояр ма екен? Әлде мемлекеттік бағдарлама тағы орындалмай қала ма? Бұл алдағы уақыттың еншісіне қалмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы