Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде білім беру саласын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Салада реформа да көп жасалды, әжептәуір қаржы да құйылды. Бәрі де сапалы білімге қол жеткізу үшін жасалған қадам еді. Бүгінде білім беру саласына ЖІӨ-нің 3,3% бөлінеді. Әйтсе де, елдің экономикалық дамуы ғылым-білімге тікелей байланысты екенін ескерсек, алдағы күндері бұл саланы қаржыландыру да арта түсеріне сенеміз.
Кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі ел болашағын анықтайды. Міне, сондықтан да бұл саладағы қолға алынып жатқан реформалардың маңызы тіпті орасан. Ол ең алдымен заманауи талаптарға сай ғылым мен техниканың, ақпараттық кеңістіктің дамуымен байланысты. Жаңа талаптар білім алудың мәнісін айтарлықтай өзгертті. Мұғалімдер балалардың критикалық ойлауын дамытуға басты назар аударады, фактілерді талдауға үйретеді. Оқушылардың жеке қасиеттерін, мықты қырларын ашуға тырысады. Сондай-ақ оқу процесіне бұрынғыдай қағаз емес, электронды күнделіктер қолдана бастайтын болған. Оған қоса оқушылардың мектептегі жүктемесі де азайған. Егер бұрындары дәрістер негізінен орысша өткізілсе, енді үш тілде оқытылатын болды. Жекелеген мектептерде робототехника дәрістері өтеді. Оқушылар сабақта электронды оқулықтарды да пайдалана бастады.Білім беру саласындағы жаңашылдық
Расы сол, посткеңестік мемлекеттердің бәрінің мектептері «бір шекпеннен» шықты. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде үздіксіз жүргізілген реформалардың арқасында Қазақстанның білім беру жүйесі көршілермен салыстырғанда заман ағымына бейімделе түсті. Елбасы Қазақстанның неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына енуін міндеттегенде, мектептерде пән санының көптігін емес, функционалдық сауаттылыққа мейлінше көңіл аудару керегін айтқан болатын. Яғни, адамның нені білгені емес, сол білімді өмірде қалай қолдана алатыны маңызды. Кеңес мектептерінің, жалпы оқу орындарының бір айырмашылығы – басқа қажетті ақпараттармен бірге қажеті шамалы ақпараттарды да тықпалауында. Сондықтан Қазақстанның білім жүйесі оқушының басын түрлі керексіз цифрлар мен күндерге толтыратын модельден жаңа функционалды сауаттылық тәсіліне көшті. Тағы бір маңызды ерекшелігі – қазақ мектептері 2018 жылдан бастап төрт жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде бере бастады. Бұл жаңашылдыққа көптеген зиялы қауым өкілдері қарсы болды, дегенмен одан нақты қандай нәтиже шығатынын тап басып айту қиын.30 жылда жүздеген мектеп салынды
Қазақстан бойынша барлығы 7 429 мектеп бар. Олардың ішінде шағын жинақты мектеп саны – 2 791. Барлық оқушы саны – 3,4 млн. Шағын жинақты мектептегі балалар саны – 197,1. Ел мектебінде барлығы 344 мың педагог жұмыс істейді. Білім ошақтарының 54 пайызы – қазақ тілінде, 28 пайызы – аралас және 17 пайызы – орыс тілінде. Мектептерде білім беру 2023 жылы толықтай латын әліпбиіне көшуі тиіс. Биыл «Еңбекпен қамту Жол картасы» аясында 64 мектеп салынбақшы. Жалпы, «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2009-2010 жылдары республикада 259 мектеп салынды. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде 1 800-ден астам жаңа мектеп салынды. Ал педагогтердің орташа жалақысы 2001 жылдан бері бірнеше есе өсті.Халықаралық олимпиадаларда табысқа кенеліп жүрміз
Қазақстан мектеп оқушыларының халықаралық олимпиадада жеткен жетістіктері бойынша топ-30 елдің қатарына кірді. Біздің оқушылар 2020 жылдың қорытындысы бойынша 67 алтын, 125 күміс және 195 қола медаль алған. Ең беделді жарыстарға қатысу қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің 110 елінің арасында бейресми командалық есепте үздік 30 елдің қатарына енді. 1998 жылы еліміз 50-орынды қанағат еткені бар. Рас, сол кезден бастап-ақ оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда үздіктердің қатарына ілігіп жүрді. Кейін мұндай жетістіктерге таңғалмайтын болдық. Біздің пайымдауымызша, халықаралық жарыстарда топ жару елімізде дарынды балалардың да, оларды даярлайтын білікті ұстаздардың да мол екенін көрсетеді. Ендігі міндет – тұтас білім сапасын сол оқушылардың деңгейіне жақындату.Білім саласының көш басындағы мектептер
Тәуелсіздік алған жылдардан бері білім беру саласы тек мемлекеттің қолдауымен ғана дамыған жоқ. Салаға өзге елдердің, халықаралық ұйымдардың, қорлардың инвестициясы да тартылды. Сөйтіп, Білім-инновация лицейлері, «Мирас» мектебі, Назарбаев зияткерлік мектептері қатарлы білім ордалары пайда болды. Дарынды балалардың қабілетін шыңдауды көздейтін осынау мектептер еліміздің білім саласын алға сүйреп келе жатқан локомотивтер. Ал оларға ілескен өзге мектептер де алға шыға бастады. Біздің пайымдауымызша, бұл білім культін қалыптастыруға ықпал ететін фактор. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал айтсақ, Қазақстандағы үздік 100 мектеп қатарына Шымкент «Білім-Инновация» ер балалар лицей-интернаты, химия-биология және физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектептері, Абай атындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы, М.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы кіріпті. Ал жақында Қазақ-Британ техникалық университеті қазақстандық үздік мектептердің рейтингісін жасады. Онда оқушылардың әртүрлі пән бойынша үлгерімін байқап, сосын оның жиынтық ұпайын шығарды. Аталған рейтингтің көш басында О.Жәутіков атындағы физика-математика орта мектеп-интернаты тұр. Одан кейінгі орындарды Білім-инновация лицейлері, №173 гимназия, «Дарын» мектебі, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия, Х.Досмұхамбетов атындағы облыстық лицей, Жаңаөзен мектеп гимназиясы, «№134 гимназия», Атыраудың ағылшын тілінен тереңдетіп оқытатын техникалық гимназиясы, Экономикалық лицей бөлісіпті. Міне, бұл да білім саласындағы реформалардың нәтижесі деп білеміз.ҰБТ: бап пен бақ сыналатын сәт
Қазақстанда ҰБТ мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі 2004 жылы енгізілді. Тестілеудің бұл түрі елімізді ТМД бойынша білім саласына тестілеу технологиясын енгізу бойынша үздіктер қатарына шығарды. Бұл білім сапасын арттырып, оқушының білімін неғұрлым дәлме-дәл бағалауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждерге түсетін талапкерлердің де жолын қасақана кесуге жол бермейді. Елімізде тестілеу алғаш рет 1995 жылы енгізілсе, 2004 жылдан бері ҰБТ-ға миллиондаған түлек қатысты. Мәселен, биыл ҰБТ-ға 120 мыңнан астам адам тіркелген, оның бірінші күні 8 мыңнан астам түлек тапсырды. Талапкерлер ҰБТ-ны 2 рет тапсыра алады және мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады. Бұл үміткерлердің грантты жеңіп алу мүмкіндігін айтарлықтай арттыра түспек. Соңғы жаңалық ҰБТ-ны жетілдіру үшін бірер жыл бұрын енгізілген еді. Сөйтіп, тестілеу жүйесін де жыл өткен сайын жетілдіріп, түлектерге қосымша мүмкіндік ұсынып келеміз. Мұның өзі мемлекеттің білім беру саласын бәсекелестікке бейім етіп ұстауға бағытталған амалдың бірі еді. Бұл жалғаса беретіні сөзсіз. Өйткені азат елдің келешегі–білімді ұрпақ.Дәулет АСАУ