Түркістан облысында су тапшылығы жойылады
Түркістан облысында су тапшылығы жойылады

Еліміз бойынша 20 мыңға жуық шақырым болатын 3 мыңнан астам каналдың 11 мыңнан астам шақырымының жағдайы сын көтермейді. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90 пайызы ескірген, техникалық деңгейі төмен. Мұндай мәліметтер Парламент Сенатының аграрлық мәсе­ле­лер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің  Түр­кі­стан қаласында өткен көшпелі жиынында айтылды.

Көшпелі отырыста суармалы жерлер үшін су көздерін барынша тиімді пайдалану керегін, ол үшін елімізде бірқатар жұмыс атқарылуы тиіс екені айтылды. «Осы бағыттағы Түркістан  облысының  атқарып жатқан жұмыстарының бәрін үлгі ретінде алуға болады. Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлер­дің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызына тең. Сондықтан да Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн гектарға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға дейін гидромелиорациялық жүйелер мен 38 жаңа су қоймаларын салу бойынша іс-шаралар әзірленіп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ», – деді көшпелі отырысты ашқан Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев. Комитет төрағасы елдегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермей­тінін де атап өтті. Республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 19 772  шақырымдық 3 298 каналдың 11 881 шақырымы қанағаттанар­лықсыз жағдайда. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90% ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты ирригациялық жүйелерді қалпы­на келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарыл­мақ. Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республика­дағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиесілі (548,2 мың гектар) және  70 мың агро­құрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр. Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеев суармалы жерлерді тиімді пайда­лану мәселелеріне тоқталып, осы бағыттағы атқарылып жатқан істерімен, алдағы жоспар­ларымен таныстырып өтті. «Түркістан қаласы аумағындағы аудан­дарда су тапшылығын шешу мақсатында, ірі су нысандарының құрылысын жүргізудеміз. Оның ішінде «Түркістан магистралды кана­лын­да  күрделі жөндеу», «Кеңсай – Қосқор­ған-2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйе­сін жаңғырту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екенін ескеріп, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жоба­лары әзірленіп жатыр. Бұл жобалар Түркістан өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Жиын барысында белгілі болғандай, Түркістан облысында су ресурстарын реттеумен қатар, ылғал үнемдеу, жаңбырлатып суару технологиясын ендіруге басымдылық берілген. Осы мақсатта Түркістан қаласы аума­ғында 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы ендіріліп, азық-түлік бел­деуі құрылады. Бүгінгі күннің өзінде 1,5 мың гектарға аталған технология ендіріп, жылына 2 өнім алынып жатыр. Технологияның тиім­ділігі су үнемдеумен қатар өнімділікті 3 есеге арттырды. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суару технологиясы ендірілген алқапты 3,5 мың гектарға жеткізу шаралары атқарылуда. Бұдан бөлек, еңбек өнімділігін арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы іске асырылды. 2020 жылы 1999 жоба (5,2 мың га) жүзеге асырылып,  қо­сымша  18,4 млрд теңге өнімі өндірілді. Тәжірибе көрсеткендей, жобаның тиімділігі жылына 1 гектардан 7-8 млн теңге дейін табыс табуға болатынын көрсетті, яғни 2-2,5 есеге артық өнім алынды.  Осы бағыттың тиім­ділігіне орай, осы жылы 8,9 мың гектарға 2 771 жоба жүзеге асырылып, бірінші өнім жиналып жатыр. Сондай-ақ  облыста ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз етуде де айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бірне­ше су қоймалары мен магистральді каналдар облыстың меншігіне алынып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады, «Кеңсай-Қос­қор­ған-2» су қоймасының құрылысы аяқтал­ды. «Түркістан» магистральді каналының 59 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, одан су алатын, бұрын иесіз, жеке меншік, аудан­дық меншікте болған ұзындығы 751 шақырым­дық 161 канал облыстық меншікке өткізілді. Арнайы мекеме құрылып, нәтижесінде, су шы­ғынын болдырмау үшін, алғашқы рет та­риф бекітілді (1000 текше метр ағын су үшін 328,6 теңге). Аталған су нысандарын жергілікті деңгейде  тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың га суар­ма­лы жерлерін және Түркістан қаласын кө­гал­дандыру жұмыстарын ағын сумен тұрақ­ты түрде уақытылы қамтамасыз етуге мүмкін­дік берді. Ауыл шаруашылығы  вице-министрі  Руслан Манатаев Қазақстандағы суармалы жерлерді дамыту мәселелері, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың су қорын пайдалану мен оны қорғау мәселелері туралы, «Қазсушар» РМК бас директоры міндетін атқарушы Алтай Елжасовтың республикалық меншіктегі су шаруашылығы объектілерін пайдалану және күтіп ұстау, су беру жағдайы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев Түркістан облысында суармалы жерлерді дамыту перспективалары мен мәсе­ле­лері туралы  ақпараттармен таныстырды. «Жергілікті деңгейде су нысандарын тиім­ді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалала­рын 78,8 мың га суармалы сумен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл су саласын дамытуға облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа 361 км су объектілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді», – деді облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы