Еліміз бойынша 20 мыңға жуық шақырым болатын 3 мыңнан астам каналдың 11 мыңнан астам шақырымының жағдайы сын көтермейді. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90 пайызы ескірген, техникалық деңгейі төмен. Мұндай мәліметтер Парламент Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Түркістан қаласында өткен көшпелі жиынында айтылды.
Көшпелі отырыста суармалы жерлер үшін су көздерін барынша тиімді пайдалану керегін, ол үшін елімізде бірқатар жұмыс атқарылуы тиіс екені айтылды. «Осы бағыттағы Түркістан облысының атқарып жатқан жұмыстарының бәрін үлгі ретінде алуға болады. Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызына тең. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн гектарға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға дейін гидромелиорациялық жүйелер мен 38 жаңа су қоймаларын салу бойынша іс-шаралар әзірленіп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ», – деді көшпелі отырысты ашқан Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев. Комитет төрағасы елдегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермейтінін де атап өтті. Республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 19 772 шақырымдық 3 298 каналдың 11 881 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90% ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиесілі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталып, осы бағыттағы атқарылып жатқан істерімен, алдағы жоспарларымен таныстырып өтті. «Түркістан қаласы аумағындағы аудандарда су тапшылығын шешу мақсатында, ірі су нысандарының құрылысын жүргізудеміз. Оның ішінде «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу», «Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екенін ескеріп, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары әзірленіп жатыр. Бұл жобалар Түркістан өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Жиын барысында белгілі болғандай, Түркістан облысында су ресурстарын реттеумен қатар, ылғал үнемдеу, жаңбырлатып суару технологиясын ендіруге басымдылық берілген. Осы мақсатта Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы ендіріліп, азық-түлік белдеуі құрылады. Бүгінгі күннің өзінде 1,5 мың гектарға аталған технология ендіріп, жылына 2 өнім алынып жатыр. Технологияның тиімділігі су үнемдеумен қатар өнімділікті 3 есеге арттырды. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суару технологиясы ендірілген алқапты 3,5 мың гектарға жеткізу шаралары атқарылуда. Бұдан бөлек, еңбек өнімділігін арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы іске асырылды. 2020 жылы 1999 жоба (5,2 мың га) жүзеге асырылып, қосымша 18,4 млрд теңге өнімі өндірілді. Тәжірибе көрсеткендей, жобаның тиімділігі жылына 1 гектардан 7-8 млн теңге дейін табыс табуға болатынын көрсетті, яғни 2-2,5 есеге артық өнім алынды. Осы бағыттың тиімділігіне орай, осы жылы 8,9 мың гектарға 2 771 жоба жүзеге асырылып, бірінші өнім жиналып жатыр. Сондай-ақ облыста ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз етуде де айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бірнеше су қоймалары мен магистральді каналдар облыстың меншігіне алынып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады, «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасының құрылысы аяқталды. «Түркістан» магистральді каналының 59 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, одан су алатын, бұрын иесіз, жеке меншік, аудандық меншікте болған ұзындығы 751 шақырымдық 161 канал облыстық меншікке өткізілді. Арнайы мекеме құрылып, нәтижесінде, су шығынын болдырмау үшін, алғашқы рет тариф бекітілді (1000 текше метр ағын су үшін 328,6 теңге). Аталған су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың га суармалы жерлерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен тұрақты түрде уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев Қазақстандағы суармалы жерлерді дамыту мәселелері, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың су қорын пайдалану мен оны қорғау мәселелері туралы, «Қазсушар» РМК бас директоры міндетін атқарушы Алтай Елжасовтың республикалық меншіктегі су шаруашылығы объектілерін пайдалану және күтіп ұстау, су беру жағдайы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев Түркістан облысында суармалы жерлерді дамыту перспективалары мен мәселелері туралы ақпараттармен таныстырды. «Жергілікті деңгейде су нысандарын тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларын 78,8 мың га суармалы сумен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл су саласын дамытуға облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа 361 км су объектілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді», – деді облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев.Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы