Нұр-Сұлтанның іргесіндегі кентте коронавируспен ауырған 50-ден астам науқас суды тасып ішуге мәжбүр
Нұр-Сұлтанның іргесіндегі кентте коронавируспен ауырған 50-ден астам науқас суды тасып ішуге мәжбүр
132
оқылды

Елорданың іргесіндегі Аршалы кентінің тұрғындары төрт күннен бері ауыз сусыз отыр. Қапырық ыстықта краннан су тамбай кенезесі кепкен жұрт әбден дал болып, су іздеп шырылдап жүр.

Мұнымен қоса бау-бақшасы мен қорасындағы малына су таппаған халықтың бұдан өзге де мәселесі жетіп артылады. Жалпы, Аршалыда ауыз су мәселесінің шешілмей, жыр болып келе жатқанына он жылдан асқан. Жұртшылықтың айтуынша қазіргі уақытта халықтың саны он мыңға жуықтап қалған. Бірақ аудан әкімдігінің есебі бойынша аудан орталығы – Аршалы кентінде жеті мыңдай ғана тұрғын бар. Су мәселесін айта-айта әбден мезі болған Аршалы тұрғындары редакцияға хабарласып мән-жайға араласуымызды өтінді. Түйінді жайттың жай-жапсарын білмек болып ауылдың белсенді тұрғындарын тыңдап, аудан әкімдігі мен тиісті органдардан жағдайды анықтауға тырыстық. Төрт күннен бері ыстықта сусыз қалған аудан орталығында ауыз судың жыры жылда қайталанады екен. Бірақ мәселе күні бүгінге дейін шешімін табар емес. Ауыл тұрғындары жергілікті биліктің жұмысты жүйелі жүргізбегендігінен жағдайдың оңалмай тұрғанын баян етті. – Ауыз судан әбден қиналып кеткенімізге көп болды. Төрт күннен бері ми қайнаған ыстықта тамақты жібітетін су таппай қиналып отырмыз. Әкімдіктен сұрасақ ұңғымалардың бітеліп қалғанын айтады. Еккен бау-бақшамыз, картобымыз суғарылмай қалды. Қазір суға сұраныс та көбейіп барады. Ал коммуналдық шаруашылықтың сумен қамтуға шамасы жетер емес, – дейді аудандық аурухана қызметкері Ақылжан Қасқатаев. Тұрғындар Аршалының судан тапшылық көруінің бірнеше себептерін болжады. Халықтың негізгі бөлігі судың болмауын ауылдың маңайын тұтастай қоршаған тау-тасты карьерлерді атады. Бұдан бөлек жергілікті «Аршалы Су Арнасы» коммуналдық шаруашылығының электр энергиясына миллиондаған қарызы да ауыз су мәселесін тудырған деседі. Ал көпшілігі су қорының аздығы мәселенің шешілмеуіне түрткі болып отырғанын баян етті. – Отыздан астам карьерден күнара жарылыстар болып жатады. Қиыршық тастар шығарады. Ауылдың маңы құм-мен шаңға толды. Бұл ауыз суға кері әсерін тигізеді дейді жұрт. Онкологиялық аурулардан облыста көштің басында тұрмыз. Сондай-ақ «Аршалы Су арнасы» коммуналдық шаруашылығы электр энергиясына 11 миллион теңге қарыз екен. АРЭК-ке кепілдік хат беріп сонымен қостырыпты. Бірақ әлі су тамбай тұр. Су қоры түсіп кетеді де сорғылар қыста да істен шығып қалды. Дәл қазір үйлер түгіл аудандық аурухана мен емханада коронавируспен ауырған елуден астам науқас жатыр. Олар суды тасып ішуге мәжбүр. Коммуналдық кәсіпорын күн сайын 9 текше куб су әкеліп беріп отыр. Ал оны ауруханадағы асхана бар, жаңағы науқастар бар, барлығына нәзік жанды әйелдер белдері қайысып тасып жүр. Дезинфекция, аурухананы жуу бәріне су керек қой. Айта-айта мені «оппозицияшыл» деп жүргендер де бар. Бірақ айтпаса сөздің атасы өледі ғой, – дейді Ақылжан Қасқатаев. Ал ауыл ақсақалы, Аршалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы әкімдіктің талай жылдан бері айтып келе жатқан кеңесіне құлақ түрмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, елдің іргесіндегі Арнасай көлінен су тартса су мәселесі баяғыда-ақ түбегейлі шешілер еді. – Ауыз судың бізде жыр болғанына 10 жылдан асып кетті. «Сапалы су» деген бағдарламалардың еш шарапаты болмады. Аршалыдан 5 шақырымдай жердегі Ижевский деген ауылда Жанғораз Дәуітұлы деген құс фабрикасының директоры болған. Сол ауылдың жанындағы Арнасай көлінен су тартып мәселені түбегейлі шешіп алған. Бізге де сол Арнасайдан суды тарту керек. Мұны аудан әкімдігіне айта-айта шаршадым. Бізде су дебеті (қоры) аз. Әкімдік су ұңғымаларының бітеліп қалғанын айтады. Таңертең су жіберілгенін айтқан. Бірақ жоғары қабаттарға әлі су келмей тұр. Жаңа ғана аудан әкімінің орынбасарымен сөйлескенмін. Су насостарын ауыстырғандарын айтып жатыр. Бірақ түбегейлі шешу үшін көп жұмыстар керек. Ауылда бұдан өзге де мәселелер жетерлік. Халықты әбден қажытып жатқан мәселелер жетіп артылады, – дейді Аршалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Биджиев. Мәселені аудан әкімдігінен анықтамақ болдық. Әкімдік жағдайға барынша шешуге ұмтылғанын, алдағы бір-екі күнде судың толықтай берілетініне сендірмек болды. – Бүгіннен бастап су беріле бастады. Аршалыда жеті мыңдай халық тұрады. Оның 40 пайыздан астамына ауыз су «Каз Шпал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы беріледі. Қалған 60 пайызында қазір су мәселесі қиын болып тұр. Екі бірдей насосымыз жанып кеткен. Қазір трассаның бойында су құбырлары жөнделіп жатыр. Әкімдіктің өзінде де су жоқ. Күні кеше ғана облыс әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев келіп, тиісті ведомстволардың басшыларымен су мәселесін шешу жайын талқыға салдық. 13 миллион теңге қаржы бөлініп, ұңғымалар түгел тазартылатын болды. Көкшетаудан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы да арнайы жобаларын беретін болды. Сондай-ақ Арнасай көлінен су тарту жобасын да қолға алмақпыз. Бұған осы жылы облыстан 50 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінбек. Ал «Аршалы су арнасы» электр энергиясына қарызы 11 миллион емес, 9 миллион. Оны кейін төлейміз. Судың болмауына мұның еш қатысы жоқ. Барлығы 8 ұңғыманың төртеуі істеп тұр. Енді төртеуін бүгін жөндеп бітіріп жатырмыз. Ертеңнен бастап су болады», – дейді Аршалы ауданының әкімі Айдар Байманов. Сонымен төрт күннен бері сусыз қалған Аршалы кенті мәселені дереу шешілуін күтуде. Ал әкімдік осы жылы мәселе түбегейлі шешетініне сенімді. Қалай болады? Мұны уақыт көрсетеді...

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы