Мәжілістің жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов кімдерге жәрдемақы тағайындалатынын айтты.
"Негізі тұжырымдамалық жаңалықтарға тоқталсақ, біріншіден, I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға жаңа жәрдемақы тағайындау қарастырылған. Бүгінде I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтылмаған, яғни басқа адамның көмегіне зәру, олар – өз бетімен жүре алмайтын мүгедек жандар. Осылайша заң жобасын қабылдау нәтижесінде күтім жасау жәрдемақысымен қосымша 24 мың адам қамтылады", – деді Шәпкенов.Сосын мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы сақталады. Қазіргі кезде ондай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй берілмесе, мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Ал жаңа норманың арқасында 20 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегін сақтай алады. Заң жобасында мүгедек балаға күтім жасау мерзімі 18 жасқа дейін ұзартылып отыр. Бұдан бөлек, заң жобасы аясында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, соның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақы мөлшерін саралауға мүмкіндік береді.
"Бұл ретте мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедек балаға қатысты болады", - деп атап өтті министр.Сондай-ақ, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алу құқығы беріледі. Министрдің сөзіне қарағанда, бұл асыраушысынан айырылған және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
"Қазіргі уақытта мүгедек балалар ата-анасы ажырасқан кезде бір мезгілде алимент пен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Алайда бір немесе екі ата-анасы қайтыс болған жағдайда бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақыға қоса асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады", – деді Шәпкенов.Бүгінгі таңда мүгедектігі бойынша 41 163 – 48 023 теңге, ал асыраушысынан айырылу бойынша 12 063-29 500 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Заң жобасының тағы бір жаңалығы – еңбек жарақатынан мүгедек болып қалған адамдарды мемлекет есебінен оңалту. Ондай шаралар кәсіпорын банкрот болған жағдайда қолға алынады. Осылайша қазірдің өзінде 2 мыңға жуық адам оңалту қызметтерімен және техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі.