Белгілі жазушы Ахат Жақсыбаев өмірден озды. Бұл туралы Жазушылар одағының өкілі Думан Рамазан Facebook-тегі парақшасында хабарлады. 1940 жылы 5 шілдеде Павлодар қаласында туған. Арғын тайпасының Сүйіндік руының Қаржас бөлімінен шыққан.
Орта мектепті бітірген соң 1958 — 1960 жылдары Екібастұз қаласында дренажды шахтада жұмыс істеді. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетін филология факультетінің журналистика бөлімін бітірді. 1965 — 1967 жылдары “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1972 — 1992 жылдары “Жұлдыз” журналының жауапты хатшысы, 1993 — 1997 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, 1998 — 2000 жылдары “Ақиқат” журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан “Жас өркен” балалар басылымдары акционерлік қоғамының президенті. 2005 жылдың шілде айында «Жас өркен» ашық акционерлік қоғамы «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылуына байланысты «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры болып тағайындалды. 2007 жылдың ақпан айында өтініші бойынша қызметтен босатылып зейнетке шығып, еркін шығармашылық жұмысқа көшті.