Украинадағы Қазақстан елшілігі қазақ диаспорасымен бірлесіп құрылтай өткізді
Украинадағы Қазақстан елшілігі қазақ диаспорасымен бірлесіп құрылтай өткізді
174
оқылды
Киев қаласында Украинадағы қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген Құрылтайды Украинадағы Қазақстан Елшілігі сол жақта тұратын қазақ диаспорасымен бірлесіп ұйымдастырды. Украинаның түкпір-түкпірінен келген қазақ диаспорасының өкілдері құрылтайда бас қосты. Сондай-ақ, Украинаның мемлекеттік органдарының, қоғамдық және іскерлік топтарының өкілдері, БАҚ өкілдері қонақ ретінде шақырылды. Іс-шара ынтымақтастыққа, шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың жадында ұлттық дәстүр-салтымызды жаңғыртуға, оларды жан-жақты қолдауға бағытталған. width= Құрылтай кезінде Украинадағы елші Дархан Кәлетаев Украина қазақтарының қауымдастығын құру туралы бастама көтерді. Қауымдастықтың аймақтық филиалдарын, ақсақалдар кеңесін студенттік құрылымын айқындады. Құрылтайға қатысушылар бұл бастаманы бірауыздан қолдап, Киев қаласындағы «Достық» Қазақ мәдени қоғамының басшысы Данияр Егембердиевті құрылып жатқан қауымдастықтың басшысы етіп сайлады.

«Қазақстан шетелдегі қазақ диаспораларымен байланысын үзбейді және әрдайым қолдайды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Отандастар» қоры құрылды. Қор Украинадағы қазақ диаспорасымен тікелей жұмыс істейді, ересектер мен балаларға арналған қазақ тілін оқытудың онлайн курсын ұйымдастырады, мәдени, іскерлік және басқа да байланыстарды нығайтып, дамытады», – деп атап өтті Д.Кәлетаев.

 width= Оған қоса, Украинаның этносаясат және ар-ождан бостандығы жөніндегі мемлекеттік қызметінің төрағасы Елена Богдан, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Украина Жоғарғы Радасының халық депутаты Сергей Нагорняк және Украинадағы қазақ диаспорасының басшылары мен өкілдері сөз алды. Олар құрылтайдың маңызы мен мәніне ерекше тоқталды, Қазақстан мен Украинаның достық қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға және дамытуға ықпал ететіні де баса айтылды. Украина халық депутаты С.Нагорняк өз сөзінде Қазақ халқының қонақжай екенін атап өтті. «Қазақстанға келген сайын өз үйімде жүргендей сезім кешемін», – деді депутат. Сонымен қатар, құрылтай қатысушыларына «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаевтың жолдауы оқылды.  width= Іс-шарада қазақтың дәстүрлі тағамдары бар фуршет болды, концерт ұйымдастырылды. Оған қазақ диаспорасының, Димаш Құдайбергеннің Украинадағы фан-клубының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, «Туған елім – Қазақстан» тақырыбындағы картиналар мен балалар салған суреттердің көрмесі өтті. Елшілік Air Astana ұлттық әуекомпаниясының Украинадағы өкілдігімен бірлесіп, құрылтайға қатысушылар арасында Киевтен Қазақстанның кез келген қаласына жеткізетін екі әуе билетінің, сондай-ақ басқа да бағалы сыйлықтары бар ұтыс ойынын өткізді. Құрылтайдың соңында қатысушылар қазақстандықтарға және әлемдегі барлық отандастарға арналған үндеуді қабылдады, сол арқылы олар елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық реформаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ олар тарихи Отанымен мәңгілік ажырамас бірлікте екенін, ұлтты біртұтас ететін рухани байланыс барын да ерекше атап өтті.