«Карьерден тас таситын жүк көліктері ауыл ішімен жүрмесін» – жол үшін жанжалдасқан тұрғындар төбелесті
«Карьерден тас таситын жүк көліктері ауыл ішімен жүрмесін» – жол үшін жанжалдасқан тұрғындар төбелесті
143
оқылды

Карьерден тас таситын жиырмадан астам ауыр техника Ақбұлақ ауылының ішімен өтіп, жолдың тас-талқанын шығарған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Тұрғындар ұзақ жыл күткен асфальт төселгелі ауылдың кіреберісіне блокбекеттер қойып, тас тиелген көліктердің жүруіне кедергі келтіруде. Ал айналма жолды алыссынған жүргізушілер тұрғындармен төбелесіп, екі жақ күнде ұрысады. Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында 20-дан астам карьер бар. Одан тас таситын жүк көліктері жыл он екі ай күндіз-түні ауыл ішімен өтіп, жолдардың астаң-кестеңін шығарған. Биыл бюджеттен ақша бөлініп, асфальт салынғалы тұрғындар ауыл сыртына ауыр көліктер жүрмес үшін бетон бөгеттер орнатып тастапты. Тіпті топ болып күзетуге кірісіп, 8 тоннадан артық жүгі бар көлікті кіргізбейтіні туралы баннер ілген.

Ақбұлақ ауылының тұрғыны Абылайхан Бақытжанұлы: «Бір мезетте кемі 5 бала. Қай уақытта келсеңіз, түнгі 3, 1 таңғы 5-те келсеңіз де, балалар осы жерден табылады. Ауыл жастары бірігіп қалқан қойдық. Бір сағат тоқтамай, тәулікпен кезекшіліктеміз. Мақсат – ауыр жүк көліктерін ауылға кіргізбеу. Өздеріне арнайы айналма жол бар. Ол Ақсудың ішінде. Сол жолмен жүрсін», – дейді.

Жүк көліктері бағдаршамға да қарамай жүйткиді дейді тұрғындар. Тіпті солардың бірі кішкентай баланы да қағып кеткен. Тұрғындар ауыр көліктердің жүруіне қарсы.  Ал тас таситын ауыр техника үшін ауыл сыртымен айналып өтетін айналма жол бар. Бірақ ол жолдың сапасы нашар. Үлкен жолға түскенше ұзақ уақыт кетеді екен. Жүк көлігінің жүргізушісі Әбдірахман Имашев: «Біріншіден – уақыт. Екіншіден, жүк көлігіміздің автобөлшектері тозды. Жол ауыр. Өтіп жүрген жолымыз. Жеті жылдан бері мен осы жолдан өтіп жүргенмін. Ауылдың ішімен бес-он минутта жүреміз. Арғы жақпен 40 минут жүреміз», – дейді. Бір жағында тұрғындар, екіншісінде жүргізушілер болып бөлінген қос тарап күн сайын жанжалдасады. Бүгінде бірі ауылмен «өтеміз» десе, екіншісі «өткізбейміз» деп, қос тарап жаппай төбелесіп тынды. Жаға жыртысып, жұдырық ала жүгіргендерді ауыл ақсақалдары әзер ажыратып алды. Ауылда мұндай жағдайдың болып жатқанына үш аптадан асқанын әкімдік енді біліпті. Жол үшін жанжал шықты дегенді естіп, бүгін атқамінерлер де келді. Аудан әкімінің  орынбасары жүк көліктері айналма жолмен өту керек дейді. Алайда оның жабық тұрғанын білмейді екен.

Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Убайдуллаев: «Халықпен келістік. Қазір облыстық басқармамен аудандық жолаушылар көлігі мен арнайы жұмысшы топпен кездесіп, айналма жолды ашу мәселесін қарастырамыз», – деді.

Ақбұлақ ауылында айға жуық қырқыстан бүгінге дейін бейхабармыз деген аудан билігі бүгін кешке дейін мәселені шешеміз деп уәде берді.

Енді жүк көліктері ауылға кірмей, өз жолымен жүруі тиіс. Бірақ шенеуніктердің сөзіне сенуден қалған ауыл тұрғындары мәселе түбегейлі шешілмейінше, өздері қойған блокбекеттерді алмаймыз деп бекініп отыр.