Түркістан облысында жоғалып кеткен туристерді іздеуге тікұшақ жұмылдырылды. Бұл жайында Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ерік Сарыбаев хабарлады.
«Қазіргі уақытта Түркістан облысының Төле би ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 21 мамыр күні сағат 08.00 шамасында құрамында 7 адам бар бір топ тауға туристік жорыққа шыққан. Олардың 5 асуға бармақ болғаны туралы ақпарат бар. Үш күннен бері жүргізіліп жатқан іздеу жұмыстары нәтиже бермей отыр»,- деді ол.Оның айтуынша, іздестіру жұмысына Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық парктің және шекара қызметінің қызметкерлері, жалпы 50 адам жұмылдырылған. Кеше олар тау асуларында 37 шақырымнан астам жерді жаяу жүру арқылы шолып шықты. Сонымен қатар квадрокоптерлердің көмегімен радиусы 4 шақырымнан асатын аумақ зерттелді.
«Осы уақытқа дейін табиғаттың қолайсыз болуына, яғни, таулы аудандарда қар, жаңбыр жаууына байланысты тікұшақ арқылы іздеу мүмкін болмады. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының әуежайында тұрған Еврокоптер тікұшағы әуеге көтеріліп, іздеу жұмыстарын жүргізуде. Қосымша тағы тікұшақтарды жұмылдыру мәселесі шешіліп жатыр», - деді Ерік Сарыбаев.Бұған дейін Түркістан облысының құтқарушылары Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлаған едік.