«Лондон - Алматы» сақтандыру компаниясы ер азаматтардан «көлік сатып аларда неге мән беретінін», «қандай түсті ұнататынын», «көлік аларда оның түсіне мән бере ме, ол қаншалықты маңызды?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Зерттеуге Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының 20 мен 60 жас аралығындағы көлік иелері қатысты.
Нәтижесінде, қазақстандықтардың 42 пайызы көліктің техникалық жағдайына емес, түсіне қарап алатыны анықталды. Егер ер-азаматтар автокөлікті салоннан алса, таңдау түске түседі. Ең өтімді түстер: ақ, сұр, қара. Оның ішінде ер-азаматтардың 27,3 пайызы ақ түсті көлікке құмар. Негізі, ақ түсті ұнатқан жүргізушілер ең алдымен қауіпсіздікке ден салады. Олардың сөзінше, ақ түс бірден көзге түседі. Соның арқасында жол-көлік апатына түсудің алдын алады. Сондықтан болар, мұндай түстің көлік иелері – ұқыпты, тиянақты, тәртіпті сақтап, жол ережесін бұзбайтын жүргізушілер.Ал қара түсті көліктің иелері – өздеріне өте сенімді жандар. Содан болар, бұл жүргізушілер біреудің сөзіне құлақ аспайды. Сол сияқты, бұл жол ережесін сақтамай, арасында жылдамдықты қосып, басып озғанды жақсы көреді. Бірақ, мамандардың пікірінше, қара түсті көліктің әр бесіншісі жол апатына түседі. Оған қоса, мұндай түсті көліктерді қараңғы түнде байқау да қиын. Сауалнама жүргізілгеннің тек 31 пайызы жеңіл көліктің түсіне емес, оның жағдайына мән береді.Алайда, мамандардың айтуынша, көзге түсетін бірден-бір түс – сұр. Яғни, сұр немесе сұрғылт түсті көліктерді жауын жауып, тұманды күндері бірден байқауға болады. Оның үстіне, мұндай көліктер кір көтереді. Сол үшін де бұл түсті ұнататындар – қолданысқа қолайлы, ыңғайлы дүниеге жақын.