"Елде соңғы 5-6 жылда ешкім жынысын ауыстырмады": министр жыныс ауыстыру туралы бұйрығын түсіндірді
"Елде соңғы 5-6 жылда ешкім жынысын ауыстырмады": министр жыныс ауыстыру туралы бұйрығын түсіндірді
125
оқылды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыныс ауыстыру туралы бұйрыққа қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы журналист Нартай Аралбайұлының YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, жыныс ауыстыруға қатысты мәселе бұрыннан талқыланып келе жатыр. 2003 жылы Қазақстанда барлық норматив құжат қазіргімен салыстырғанда бірдей болған.
"Оған дейін де КСРО кезінде сол ережелер болған. Мәселе мынада, бұл азаматтарды сәйкестендіру болды, яғни, бұл біздің дәрігерлер, бүкіл комиссия анықтаған белгілі бір бұзушылықтар болды. Бізде денсаулық сақтау жүйесінде "Халық денсаулығы туралы" кодекс шықты, кодексті іске асыру үшін нормативтік-құқықтық актілер шығаруыма тура келді. Тиісінше, біз көптеген жыл бұрын бекітілген бұйрықты қайта шығардық. Мұндай жағдайлар іс жүзінде Қазақстанда аз және олар мемлекет есебінен төленбейді. Яғни, бұл тек азаматтардың құқығы. Мемлекет бюджеті есебінен немесе сақтандыру қоры есебінен төленбейді. "Цой бірдеңе шығарды" деп шулатып жіберді. Ол маған дейін, тіпті менің алдымдағы бес министрге дейін болған жағдай. Бірақ ақпарат алаңында байқадым, түрлі мем тарап кетті. Бірақ бұл жай маған дейін де болған процесс", - деп түсіндірді министр журналист Нартай Аралбайұлының YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Журналистің "Сонда осы бұйрықтан кейін кез келген адам келіп "Мен жынысымды ауыстырғым келеді" деп айта ала ма?" деген сұрағына министр былай жауап берді: "Жоқ, әрине. Ол жерде біраз процедурадан өту керек. Арнайы комиссия бар. Бірақ соңғы бес-алты жылда ондай операция жасалған жоқ". Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда жыныс ауыстыру бойынша қаржы қарастырылмағанын нақтылады. Еске сала кетейік, желіде "Қазақстанда жынысты тегін ауыстыруға рұқсат берілді" деген жалған ақпарат тарап кеткен еді. Денсаулық сақтау министрлігі хабарламаға қатысты түсінік берді. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, "министр Алексей Цой жыныс ауыстыру отасын тегін жасауға арналған бұйрыққа қол қойған". Алайда Денсаулық сақтау министрлігі желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.