Оралда жүкті әйелді ауруханаға апара жатқан жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады
Оралда жүкті әйелді ауруханаға апара жатқан жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады
120
оқылды
Оралда жүкті келіншекті ауруханаға апара жатқан жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады, деп хабарлайды БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі. Оқиға бүгін шамамен сағат 13.47-де болды. С.Тюленин мен М.Шолохов көшелерінің қиылысында жедел жәрдем көлігі мен Toyota Aiphard соқтығысқан. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Бәйтерек ауданы Дариян ауруханасының санитарлық көлігі жүкті әйелді кардиологтан кеңес алу үшін облыстық кардиологиялық орталыққа апара жатқан. Көлікте аурухана медбикесі де болған. Арнайы көлік жарық беру белгілерімен келе жатса да, көліктердің бірі оны өткізбей, сол жағынан соққан. Салдарынан жедел жәрдем көлігі бір бүйіріне аударылып қалды. Оқиға орнына жеткен басқа жедел жәрдем көлігі жүкті келіншекті облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. Тексеру кезінде әйел және 35-36 апта болған шарананың зардап шекпегені анықталды. Дегенмен одан әрі бақылау үшін әйел орталыққа жатқызылды. Жүргізуші зардап шекпеген. Медбикенің аздап денесі көгерген. Полиция департаментінің хабарлауынша, сол мерзімде Абай даңғылында тағы бір жол-көлік оқиғасы болған. Volkswagen Golf автокөлігінің жүргізушісі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпестен, белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан 1952 жылғы ер адамды қағып кеткен. Денсаулық сақтау басқармасы жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған ер адамның қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.