1 қыркүйектен бастап дене шынықтыру мұғалімдеріне үстемеақы төлене бастайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тағы бір мәселе - дене шынықтыру мұғалімдеріне төленетін қосымша қаражат. Бұл мәселеге қатысты да біраз сұрақ туындап жатқанын білемін. «Қашан төлейді? Не үшін төлейді? Ол үшін не істеу керек?» деген сияқты сұрақтар бар. Жоспарымызға сәйкес, ең алдымен бұл 1 қыркүйектен қолға алынады. Екіншіден, бұл жай ғана дене шынықтыру пәні болғаны үшін төленетін қаражат емес. Ол - жұмасына үш сағат сабақты секция ретінде қосымша өткізгені үшін төленетін, журналға жазылатын үстемеақы», - деді Асхат Аймағамбетов республикалық педагогикалық кеңесте.Оның атап өтуінше, бұл мәселеге қатысты тиісті нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілген. Сонымен қатар министр ендігі уақытта мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Педагогтарды конкурс арқылы қабылдау да - жаңа норма. Осы айдың соңында мұғалімдерді жұмысқа қабылдау ережесі туралы бұйрық шығады деп ойлаймын. Осыған дейін заңға өзгерту енгізілген болатын», - деді ол.