Жамбыл облысында соңғы қоңыраудан кейін 70-тен астам жасөспірім полицияға жеткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz. 25 мамырда Жамбыл облысының барлық мектептерінде соңғы қоңырауға арналған іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын орындарда патрульдік қызмет жасақтарының тығыздығын күшейтті, сондай-ақ шомылу орындары бақылауға алынған.
"Кафе мен мейрамханаларда мектеп бітіру кешін тойлауға немесе шақырылғандар көп жиналатын осындай іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Тараз қаласының қызыл аймақта екенін ұмытпауымыз керек, осыған байланысты барлық ойын-сауық орындары құқық қорғау органдарының жіті назарында болады", – деді облыстық ПД-нің Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов.Мобильді топтардың рейді барысында ішкі істер органдарына 72 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, 76 ата-ана мен өзге де заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін кафе-бардың екі иесі жауапкершілікке тартылды. Дүкеннің екі иесі- алкоголь өнімдерін сату ережелері туралы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін, 71 ата-ана кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаудың бір дерегі анықталды. Тұтастай алғанда, облыс бойынша іс-шаралар өткізу барысында төтенше жағдайлар орын алған жоқ. Кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту деректері анықталмады, – деп сөзін түйіндеді Қуанышбек Қалжанов.