Мемлекеттік қызметтердің бәрі проактивті форматта көрсетілуі, яғни жүгіндірмей, жүгіртпей-ақ тағайындалуы тиіс. Бұл туралы Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында айтылды. Жиында азаматтардың жекелеген санатын әлеуметтік қорғайтын заң жобасы құпталды.
Депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын I оқылымда мақұлдады. Құжат 7-16 жас арасындағы мүгедек балаларды қайта куәландыруды қарастырады. Заң жобасында қарастырылғандай, мүгедектік тобы енді 7 жастан бастап белгіленбек. Бұған дейін дертінің және кемістігінің дәрежесіне, ауырлығына қарамастан, мүмкіндігі шектеулі балалардың бәрі «16 жасқа дейінгі мүгедек бала» деген жалғыз санатқа жатқызылатын. Енді әр топқа ажыратылады. Яғни, алда бүкіл Қазақстан бойынша 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектік тобы анықталуы үшін қайта куәландырылудан өтуге тура келмек. Осыған байланысты Н.Нығматулин ата-аналар балаларының мүгедектігін дәлелдеу үшін кабинет жағалап, құжат жинамауы үшін аталған рәсімді жеңілдету және оны проактивті форматта енгізу қажет екеніне назар аудартты.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Денсаулық сақтау министрлігімен бірге, қазірден бастап бірлескен іс-қимылдарының алгоритмін түзгені маңызды. Ата-аналар дүрбелеңге түспеуі үшін ақпараттық жүйелердің барлығын интеграциялау процесі жедел аяқталуы керек, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Ол жаңашылдықтарды халыққа дұрыс түсіндіру қажетін қаперге салды.
Заң жобасы І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде жәрдемақы енгізеді. Мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 2 жәрдемақыны да қатар алу құқығын береді. Бұл норма 2 мыңнан астам адамды қамтиды. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезектілігін бала 18 жасқа толған жағдайда да сақтау көзделеді.
Жалпы отырыста депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын I оқылымда мақұлдады. Құжатты талқылау барысында Нұрлан Нығматулин Ресей мен Беларусьтен айырмашылығы сол, Қазақстанда бағалы металдардың заңсыз айналымы саласында жасалған қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанын еске салды. Бізде тек айыппұл ғана салынады.
«Бұл қылмыстық белсенділіктің кең таралып, өсуіне әкелгені анық. Мәселен, тек Степногор өңірінде 2015-2020 жылдар аралығында құрамында алтыны бар, заңсыз өндірілген 6 357 тонна шикізат тәркіленді», – деді палата Спикері. Нәтижесінде, ел экономикасына елеулі залал келтірілді, салықтар, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түспеді.
Айхан ШӘРІП