Жобалардың 82 пайызы ауылдарда
Жобалардың 82 пайызы ауылдарда
124
оқылды

Халықты еңбекпен қамтуды көздейтін  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының маңызы соңғы екі жылда қатты артып тұр. Осы орайда аталған мемлекеттік бағдарлама ауқымындағы жобалардың мерзімді іске асырылуы Жетісу өңіріндегі жұмыссыздықтың өсуіне жол бермей, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған басқа да  күрделі мәселелердің күрмеуін тарқатты.

Мәселен, халықты еңбекпен қамтуға жауапты тиісті органдар берген мәліметтерге сәйкес, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» жобаларының 82 пайызы ауылдық жерлерде жүзеге асырыл­ған.   «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру барысы тура­лы Үкімет отырысында  сөз алған облыс әкімі де  басты салмақты осы бағытқа сала сөйледі. Өңір  басшысының айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» жобалары бойынша 2021 жылға Алматы облысының қаржыландыру лимиті 31,8 млрд теңге болады, оның ішінде 8 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 13,1 млрд. теңге, шағын несиелендіруге – 2,0 млрд теңге, агроөнеркәсіптік ке­шен жобаларын несиелендіруге – 14,3 млрд теңге және бизнесті қолдауға 2,4 млрд теңге қарас­тырыл­ған. Биылға арналған  инфра­құрылымдық жобалар тұрақты жұмыс орындарын құра отырып 3 ауысымды оқытуды жоюға бағыт­талады. Бүгінде 1 500 орындық 7 мектептің сметалық құжаттары дайын­далып, жер телімі бөлінген.  Кон­курс аяқталып, құрылыс жүр­гізу үшін келісімшарттар жасалып­ты. Алакөл ауданында орналасқан балалардың демалысына арналған «Жалын» лагеріне реконструкция жүргізу шарт жасасу сатысында. Облыс әкімі Үкіметтен құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлуді жеделдетуді сұрады. «Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде осы жылы 29 млрд теңгеге 24 нысанды іске қосу жос­пар­ланып отыр, оларда 1 205 жұмыс орны ашылады. «Бәйтерек» хол­дингінің жеңілдетілген несиелері жобаларды жүзеге асыруға жақсы қолдау болады. Мәселен, бүгінде 18,8 млрд теңгеге 9 жоба қаралуда, оның ішінде 14,3 млрд теңге «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы беріледі», – деді Амандық Баталов. Шағын несие беру бағытында өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Жетісу» кор­порациясы бірлесіп микроқаржы ұйымын  құрды. Аталған ұйым арқылы 480-нен астам жоба қар­жы­ландырылып, 550-ге жуық тұ­рақты жұмыс орны құрылады. Қазір барлық ұйымдастыру мәселе­лері шешілген. Жалпы, жол картасы арқылы 500-ден астам жобаны жүзеге асырып, қосымша 2,8 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы