Халықты еңбекпен қамтуды көздейтін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының маңызы соңғы екі жылда қатты артып тұр. Осы орайда аталған мемлекеттік бағдарлама ауқымындағы жобалардың мерзімді іске асырылуы Жетісу өңіріндегі жұмыссыздықтың өсуіне жол бермей, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған басқа да күрделі мәселелердің күрмеуін тарқатты.
Мәселен, халықты еңбекпен қамтуға жауапты тиісті органдар берген мәліметтерге сәйкес, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» жобаларының 82 пайызы ауылдық жерлерде жүзеге асырылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру барысы туралы Үкімет отырысында сөз алған облыс әкімі де басты салмақты осы бағытқа сала сөйледі. Өңір басшысының айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» жобалары бойынша 2021 жылға Алматы облысының қаржыландыру лимиті 31,8 млрд теңге болады, оның ішінде 8 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 13,1 млрд. теңге, шағын несиелендіруге – 2,0 млрд теңге, агроөнеркәсіптік кешен жобаларын несиелендіруге – 14,3 млрд теңге және бизнесті қолдауға 2,4 млрд теңге қарастырылған. Биылға арналған инфрақұрылымдық жобалар тұрақты жұмыс орындарын құра отырып 3 ауысымды оқытуды жоюға бағытталады. Бүгінде 1 500 орындық 7 мектептің сметалық құжаттары дайындалып, жер телімі бөлінген. Конкурс аяқталып, құрылыс жүргізу үшін келісімшарттар жасалыпты. Алакөл ауданында орналасқан балалардың демалысына арналған «Жалын» лагеріне реконструкция жүргізу шарт жасасу сатысында. Облыс әкімі Үкіметтен құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлуді жеделдетуді сұрады. «Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде осы жылы 29 млрд теңгеге 24 нысанды іске қосу жоспарланып отыр, оларда 1 205 жұмыс орны ашылады. «Бәйтерек» холдингінің жеңілдетілген несиелері жобаларды жүзеге асыруға жақсы қолдау болады. Мәселен, бүгінде 18,8 млрд теңгеге 9 жоба қаралуда, оның ішінде 14,3 млрд теңге «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы беріледі», – деді Амандық Баталов. Шағын несие беру бағытында өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Жетісу» корпорациясы бірлесіп микроқаржы ұйымын құрды. Аталған ұйым арқылы 480-нен астам жоба қаржыландырылып, 550-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Қазір барлық ұйымдастыру мәселелері шешілген. Жалпы, жол картасы арқылы 500-ден астам жобаны жүзеге асырып, қосымша 2,8 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған.Болат АБАҒАН, Алматы облысы