5 пайыздық меже: Мәжіліске жол ашылды ма?
5 пайыздық меже: Мәжіліске жол ашылды ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау заңнамасына бірқатар түзету енгізуді қарастыратын заңға қол қойды. Соған сәйкес, енді саяси партиялардың Мәжіліске өту межесі 7-ден 5 пайызға төмендетілетін болды. Бұл бастамадан қандай өзгеріс күтуге болады? Бәсеке қыза түсе ме? Саясаттанушыларға осы сұрақты жолдап, сауалнама жасаған едік.

Расул Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

Бір тармақпен барлық мәселе шешіле қоймайды

– Мәжіліске өту межесінің төмендегеніне қарап, палата құрамының қалай өзгеретінін ешкім айта алмайды деп ой­лаймын. Оның бәрі сайлауға байланысты. Сол уақытта нақтысын білеміз. Егер әділ өтетін болса, қазіргі үш партиядан бөлек тағы да өзге саяси күштердің енуіне мүмкіндік ашылып отыр. Яғни, меженің 7 пайыздан 5 түсуі мұндай мүмкіндіктерді арттырады. Жалпы алғанда, мұндай өзгеріс не үшін қажет? Біріншіден, пікір алмасу, ой жарысы көбірек болуы үшін. Өйткені Парламент – сөйлейтін, талқылайтын жер. Соның нәтижесінде белгілі бір оңтайлы шешімдер қабыл­данады. Ендеше мұндай талқылауларға неғұрлым көбірек саяси күштердің қатысқаны дұрыс. Қазіргі Парламент Мәжілісінде отырған үш партия қазақ қоғамындағы ойларды, мүдделер мен пікірлердің толық жиынтығын білдіреді деп айта алмаймыз. Себебі сол отырған үшеуіне де сенбейтін орта жетіп артылады. Яғни, олардың мүдделері партияда көрініс таппаған деген сөз. Негізі, жаңа партиялар құрылып, олар белсенділігін арттырып, сайлау механизмдері әділ болуға тиіс. Міне, бұл дүниелердің іске асуына қоғамның өзі араласуы керек. Жалпы алғанда, осы бір ғана тармақпен барлық мәселе шешіле салмайды. Бұл бір тәсіл ғана. Әйтсе де, қоғамдағы жағдайды оңалтуға оң әсер береді деп ойлаймын. Ал саны қанша болатыны, қаншасы нақты кіретіні саяси үрдістерге, сайлаудың өтуі мен партиялардың тіркелуіне байланысты болады. Дос Дос КӨШІМ, саясаттанушы:

Саяси партиялар қаптап кетеді деп ойламаймын

– Аталған өзгеріс көп­пар­тиялық жүйеге, оның дамуына белгілі бір деңгейде позитив түрде әсер ететін сыңайлы. Өйткені 7 пайыздың өзін Пар­ламентке өткен екі партия 2012 және 2016 жылдары әрең алған еді. Бұдан байқайтынымыз, партиялардың 7-8 пайыз жинауы оңай емес. 5 пайызды дұрыс деп санаймын. Тіпті, көппартиялық жүйені дамыту үшін 3 пайызға түсірсе де артық болмас еді. Мұндай жағдайға қол жеткізу аса қиын деп те ойламаймын. Себебі бізде Президент айтқан ұсыныстар заңға айналатын үрдіс бар. Мә­селен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың партияларды тіркеу үшін 40 мың емес, 20 мың мүше болғаны дұрысырақ дегені, әйелдерге 30 пайыз квота беру туралы айтқаны партиялық межені 5 пайызға төмен­детуді ұсынғанын айтса болады. Меженің төмендетілгеніне қарап, сең қозғалды деп айта алмаймыз. Бұл бір жағы ғана. Өйткені бұл көппартиялық жүйені дамыту, сайлау жағын демо­кратияландыру деген кешенді түрде жасалатын шараның бір механизмі ғана. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңға толық сараптама жасалып, оның кемінде 10-15 бабына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізіліп жатқан жоқ. Бар болғаны, Президент айтқан үш мәселе ғана көрініс тапты. Меніңше, бұл ретте саяси партиялар туралы ғана емес, Сайлау туралы заңға да біршама өзгеріс керек еді. Себебі бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Саяси партияның билікке баратын негізгі жолы – сайлау. Ал оған жағдай дұрыс жасалмаған кезде нәтиже күту қиын. Керек десеңіз, ауыл әкімдерінің сайлауға қатысуы үшін мемлекеттік қызметте бір жыл жұмыс істеуі керек деген талап қойылды. Бұл – тіпті миға кірмейтін дүние. Сондықтан мұндай заңдарды да қайта қарау керек. Жалпы алғанда, саяси партиялардың жүретін жолына қатысты, билікке апаратын заңдарды қайта қарау керек. Ал енді бірлі-екілі өзгерістен аса әсер бола қоймас. Әлбетте, белгілі бір деңгейде позитив екенін мойын­даймыз. Әйтсе де, осыдан соң саяси партиялар қаптап кетеді деген ой болмауы қажет деп ойлаймын. Соның өзінде осы бар мүмкіндікті саяси күштер мен топтар міндетті түрде пайдаланып қалуға тырысқаны жақсы. Осы арқылы халыққа олар шын­дығында демократиялық партия жасауға бола ма, олар билікке өте ала ма – соны көрсетеді. «Біз жасап едік, әлі де кемшілік бар» дегенді айту үшін де керек. Қазыбек Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы:

5 пайыздық меже – орташа көрсеткіш

– Мәжіліске өту межесін 7 пайыздан 5 пайызға азайту бастамасы бастапқыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ая­сындағы саяси рефор­­ма­ларды жүргізу барысында ұсынылған болатын. Мұндағы әу бастағы мақсат Қазақстандағы саяси партиялардың, жалпы саяси плюрализмді дамытуға бағытталғаны белгілі. Өйткені саяси үрдістерде неғұрлым түрлі бағыттағы саяси партиялар қатысатын болса, соғұрлым оның ауқымды жүруіне мүмкіндік ашылады. Ал енді әлемдік деңгейде қа­райтын болсақ, 5 пайыздық меже – орташа көр­сеткіш. Бұған дейін Қазақстан жоғары пайыздық көр­сеткіші бар елдердің қатарында болған. Салыс­тырмалы түрде айтсақ, Түркияда – 10 пайыз. Өзгеріс енгізу арқылы көршілес Ресей, Украина, Латвия сияқты 5 пайызға көшкелі отыр. Ал Армения тіпті жақында 4 пайызға төмендетті. Жалпы, бұл тенденция саяси партиялардың белсенділігіне, жаңа партия­лардың пайда болуына түрткі болатыны сөзсіз. Де­генмен Қазақстанның мысалында қарастыратын болсақ, соңғы сайлауға қатысқан алты партияның сапа деңгейіне қарасақ, көптеген олқылық жіберілгенін көреміз. Бұл біздегі саяси партияның белсенділігі төмен екенін көрсетті. Олар тек сайлау алдында ғана емес, екі аралықтағы 5-6 жыл уақыт ішінде әр партия өз платформасында сай­лаушылар алдындағы бағдар­ламаларын кең ауқымды ұсынуын жалғастыра беруі керек. Өйткені электоралдық цикл — толассыз жүре беретін үдріс. Бұл болмаса, партияның беделі түсіп кетеді. Екінші жағынан, сайлаушыларының алдында бағ­дарламасын орын­дамауы, қойған мақсаттары мен уәделерін тыңғылықты әрі соңына дейін жеткізбеуінің кесірінен біздегі партиялар сайлау болған кезде дауыс жинай алмай жатады. Сондықтан меже төмендеген күннің өзінде қанша саяси партиялар пайда болса да, Қазақстандағы саяси үрдістерді дамытуға атсалыспаса, қоғамдағы үрдістерге араласпаса, қызметін жан­дандырмаса, «зомби» немесе ел алдында еш беделі жоқ партия болып қала береді. Тіпті, 2-3 пайыз да жинауы қиын болады. Бұл бастаманы қуантарлық жағдай деп қабыл­да­ғанымызбен, осы күннен бастап өзге де саяси пар­тиялар мүмкіндіктерін арттыру үшін өз плат­формасында, бағдарламасы аясында сайлау­шылары­мен неғұрлым белсенді жұмысты жалғастыруы керек деп есептеймін.

Жадыра АҚҚАЙЫР