Нарыққа көшкен мемлекет
Нарыққа көшкен мемлекет
268
оқылды

Нарықтық экономика Кеңес Үкіметі үшін «іріп-шіріген және жуырда жойылып тынатын» батыс өмірінің нышаны, бізге жат әлемнің атрибуты болды. Сондықтан КСРО ыды­раған соң Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі бо­­­­­лып респуб­ликамызды нарықтық экономикаға көшірмек болғанда бұған шенеуніктер де, депутаттар да үдере қарсы шыққан. Өйткені жекеменшік пен нарықтық экономиканың артық­шылықтарын көп адам түсіне қойған жоқ. Ал бүгін сонау 90-жылдардағы оқиғалар естелік болып қана қалды. Бұл тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдық шежіренің бір тар­мағы ғана.

Империяның түбіне жеткен жүйе

Кейінгі естеліктерінде Елбасы Жоғарғы Кеңестің (сол кездегі бір палаталы Парламенттің) жекеменшік мәселесіне қатысты рейтингілік дауыс беруден бас тартқанын айтады. Соған қарамастан ол депутаттық корпуспен жұмыс істеуді тоқтатпады. Бұл проблеманы конституция­лық деңгейде шешу қажеттігі күннен-күнге айқындала бер­ді. Себебі кеңестік Конституцияда «жекеменшік» деген сөздің өзі жоқ болатын. Ал бұл ұғым, сондай-ақ елде меншік иелері табының болуы – нарықтық экономиканың ең басты элементі. Ақыры 1995 жылы қабылданған Ата Заңның 6-бабында жекеменшікті қорғау қағидаты бекітілгені мәлім. Осы бағытта жасалған алғашқы тағы бір қадам – бүкіл елде кең көлемді жекешелендіру жүргізу болды. Бірақ салаларды басқарған министрлер, өндірістер мен кәсіп­орын тізгінін ұстаған «қызыл директорлар», экономиканың беталысын түзуге тиісті экономист-­қаржы­герлер түбегейлі өзгерістерге даяр болмай шықты. Ел басшылығына шетелден мамандар, кеңесшілер шақыруға тура келді. Бұйрықты-әкімшілік және жоспарлы экономикада қандай тауардың қанша көлемде шығарылатынын, тіпті қай өңірге және елді мекенге қанша көлемде жеткізі­летінін мемлекет айқындайды. Бұл экономикалық жүйе тек мемлекеттік меншікке сүйенді. Тиісінше, жекеменшікке тыйым салынды. Кәсіпкерлер көлеңкеде, бейресми жұмыс істеуге мәжбүрленді, көзге түсіп қалса, «спекулянт» деп күстәналанды, қылмыстық қудаланды. Мемлекет барлық негізгі экономикалық ресурсты өз бетінше әрі қалағанынша бөлді және шы­ғындады. Барлығы орталықтандырылған түрде жоспарланатын, бөлінетін. Әр тауардың бағасын да мемлекет бекітетін. Бұл ретте ол тауардың өзіндік құны ескеріле бермейтін. Үкіметте «Тәуелсіздік алғаны­мен Қазақстан экономикадағы осы кеңестік бағыт-бағдармен ары қарай жүре береді» деген сенім болды. Ал Елбасы дәл осы жоспарлы экономика Кеңес Ода­ғының түбіне жеткенін түсінді. Содан жа­һандық империяны күй­реткен кеселден жас мемлекеттің ада болуы тиіс екенін дә­лелдеуге тырыс­ты.

Соқтықпалы, соқпақсыз жолдан өтті...

Бертінде ес жиған экономист-­сарапшылар әкімшілік-­жоспарлы экономикадан нарық­тық экономикаға көшу кезінде жүргізілген біраз реформаны аяусыз сынап жүр. Бұ­рынғы жекешелендірулер кезінде бірқатар қателік пен кемшілік бол­ғанына Елбасы да назар аудартты, Үкіметке 2010-­жылдары бас­тал­ған жекешелендірудің 4-толқынында сол олқылықтарға жол бер­меуді жүктеді. Әйткенмен, азаттық таңы ат­қан тұста Қазақстанның ырғалып-жырғалып жүруіне шамасы жоқ-тын. Тәуелсіздіктің тағдыры экономикалық модельді таңдауға тәуелді болды. Экономикалық трансформацияға ерте кірісуден ел ұтты. На­­рықтық қатынастарға өту реформалары жөнінен еліміз өңірдегі көшбасшыға айналды. Өзге алыс-жақын көршілер бізден үйренді, үлгілерімізді кө­шірді, тә­жірибемізді қажетіне жаратты. Нарықтық экономиканың тағы бір басты элементі орта тап еді. Бірақ ол өзінен-өзі пайда болмайды, шетелден әкеле алмайсың. Қазақстан бұл тапты мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы құрды. Яғни, бұған дейін тек мемлекеттің меншігінде болып келген зауыт-кәсіпорындар, инфра­­құ­рылымдық нысандар және өндіріс құралдары белсенді, бастамашыл қазақстандықтарға таратылды, сатылды. – Жекешелендіру – Қазақстанның қазіргі тарихында нағыз қайшылықты кезең болды. Тарихтың бұл кезеңі бұрынғы социалистік елдердің бірде-бірінде бірыңғай баға алған жоқ! Польша, Венгрия және Чехия елдерінен айырма­­шылығымыз сол, біз жекешелендіруді мемлекеттік институттар құ­рылысымен қатар жүргіздік. Батыс инвесторлары Шығыс Еуропаға өз өндірісін апаруға дайын тұрды. Сөйтіп, онда мемлекеттік меншіктің жедел сатылуына ықпал етті. Ал Қазақстанға сол кезде «бандиттік капитализм» үстемдік еткен әріптесі Ресеймен істес болуына тура келді. Біз жекешелендіруді «мем­лекеттік институттар түпкілікті қалыптас­қанға дейін» кейінге қалдыра алдық па? Жекеменшік иелерін қалыптас­тыру үрдісін кейінге шегерсек, экономикалық жағ­дайымыз тіпті қиындай түскен бо­лар еді, – деп жазады Елбасы «Қазақстан жолы» кітабында. Тәуелсіздік қолға тигенде иелігімізде әскери-өнеркәсіптік экономика үшін тиімсіз, бәсекеге қабілетсіз өнімдер өндіретін алып кәсіпорындар бар еді, ол экономика кеңестік мемлекетпен бірге кел­меске кетті. Негізінен, шикізат өн­діретін кәсіпорындар жұмысын жал­ғастырды. Әйтсе де, жас қазақ мемлекетінің тезірек банкрот болып, өзі-ақ тізерлеп келіп, федерацияға қосылуын тілеген Ресей бей­ресми «экономикалық блокада» орнатып, шикізаттарымызды жа­һандық нарыққа өз аумағы арқылы өткізбей жатқанда мұндай зауыттардың да күні қараң еді. Сондықтан Мемлекет басшысы экспортымыз үшін жаһандық нарыққа жол ашу мәселелерімен де қатар айналысты.

Бақты жекешелендіруден іздеді

Мемлекеттік меншікті жекешелендіру 3 кезеңмен жүргізілді. Бұл кезеңдердің әрқайсысының өз мақсаттары мен міндеттері, өз ерек­шелігі болды. Мемлекет келесі кезеңге кіріскенде алдыңғы кезеңдердің қателігі мен мүлт кеткен тұстарын қайталамауға тырысты. – Қазақстанда бұрын-соңды бұған ұқсас іс-шара жүргізілмегеніне назар аударған жөн. Бәрі де бірінші рет, бәрі де жаңа. Оқиғалардың жылдам дамығаны сонша, кейде болып жатқан жағдайларды басқарудың орнына, олардың соңынан жүгіруге тура келді. Бізге сол кездегі экономикалық қатынас­тарды түбірімен өзгерту қажет болды. Кейбір жағдайда туындаған проблемалармен күресу мүмкін бол­май қалды. Өнімдері өтпегендіктен, кәсіпорындар жаппай тоқтады, олардың өтпеген өнімдері қоймаларды толтырды. Халық тұ­тынатын тауарларды шығару ісі үздіксіз қысқарды. Бос қалған сөрелер ұсыныс пен сұраныстың сәйкес емесін көрсетті. Ондаған мың адамдар жұмыссыз, күнкөріске қажетті қар­жысыз қалды, – деп еске түсіреді Тұңғыш Президент. Жалпы, нарыққа көшу қара­пайым қазақстандықтардың біразына игілік әкелді. Еліміздің барлық өңі­рінде бұрын мемлекеттік меншік болып келген баспана тегіс жекешелендіріліп, сонда тұрып жатқан отбасылардың иелігіне табысталды. Ауылдарда, қалалар шетінде үй іргесіндегі және саяжайлық жер телімдері жұртқа үлестірілді.

Жекешелендіру не берді?

Бірінші кезеңнің (1991-1992 жылдар) қорытындысы бойынша мемлекеттік мүліктің 4 771 нысаны жекенің қолына көшкен. Жекешелендірілген кәсіпорындардың жалпы санының 60%-ын бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыс­тық қызмет көрсету, коммуналдық шаруашылық және басқа орта-­шағын нысандар құрады. Басым бөлігі сауда (29,6%) және тұрмыс­тық қызмет көрсету (25,8%) нысандары еді. Екінші кезеңде (1993-1995 жыл­дар) жекешелендірудің 4 түрі – шағын, жаппай, жекелеген жобалар және агроөнеркәсіп кешені бойынша жекешелендірулер жүрді. Бастапқыда шетел инвесторларына тек жекелеген ірі кәсіпорындарды ғана сату жоспарланған. 1993 жылы тізімге 38 объекті тіркелді. Ізінше тізім кеңейтілді. «Ал­маты темекі комбинаты», «Южнефтегаз», ШНОС секілді кеңестік ірі объектілердің ақшаға сатылуы бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ре­во­люциялық қадамға айналды. Алматы темекі фабрикасы үшін америкалық Philip Morris компаниясы 100 миллионнан астам дол­лар төледі, сондай-ақ инвестор өндіріске 240 млн долларын салып, бірден әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асырды, еңбек ұжымының жалақысын көбейтті. 1995 жылы күйреу алдында тұрған «Балхашмысты» Samsung компаниясы алды: ол 1996 жылы «Қазақмыс­тың» 40% үлесін сатып алды, кейін үлесін сатты. Бұл жекешелендіру кезеңінде 6 мыңнан астам нысан өткізілді. Нәтижесінде, жеке бизнеске тиесілі мыңдаған жекеменшік кәсіпорын пайда болып, жемісті жұмыс істей бастады. Үшінші кезең 1996-1998 жылдарды қамтыды. Қаржы министрлігінің дерегінше, 1996 жылы 889 АҚ пен ЖШС-індегі мемлекеттік акция­лар пакеті мен үлесі, сондай-ақ 3 526 әлеуметтік сала нысаны, жылжымайтын мүліктері сатылды. Осы жылы бюджетке 31,2 млрд теңге түсті. 1997 жылы жалпы саны 5 641 жылжымайтын мүлік объектісі, 608 кәсіпорын ак­цияларының мемпакеті жекешелендірілді, денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет салаларының нысандары мем­­лекет иелігінен шығарылды. Бюджет 54,5 млрд теңге кіріс тапты. 1998 жылы 513 АҚ мен ЖШС-індегі акциялар мен үлестері сатылды. 2 716 әлеуметтік сала нысаны бәсекелі ортаға көшті. ІІ және ІІІ кезеңдерде жалпы саны 94 аса ірі кәсіпорын жекешелендірілді, соның ішінде 57-сі шетелдік инвесторлардың иелігіне берілді. Жағымсыз жайттар да болды: қазақстандық кәсіпкерлер «Эйр Қазақстанды» өз басқаруына алып, берекесін кетірді, ақыры қарыздары үшін шетелдік әуежайларда қа­зақстандық ұшақтар қамауға түсті. Өзге елдер тым қауіпті санап, «Эйр Қазақстанның» өзіне ұшуына ты­йым салды. Егер ізінше ағылшындармен бірлесіп, мемлекет Air As­tana-ны құрмағанда, ел мүлде азаматтық авиациясыз қалатын еді. Жекешелендіруге қандай баға беруге болады? Елбасының байламынша, біріншіден, бұл – Қазақ­с­танда меншік иелерінің, орта таптың, ауқатты азаматтардың қа­­­­­­­­лып­тасуына қолайлы жағдай ту­ғыз­ған тарихи үрдіс болды. Өсудің мың­даған дербес нүктелерін, экономикалық драйверлерді де солар жасады. Жекешелендіру жаңа эко­но­микалық және қоғамдық қатынастар үшін кеңістік ашып берді. Екіншіден, жекешелендіру ке­зінде жіберілген қателіктер мемлекетке үлкен сабақ болды. Мемлекеттік мүлік инвестициялық ку­­­пондар, инвестициялық қорлар арқылы үлестірілді. Алайда бұлардың айналымын, жұмысын реттейтін заңнамалық база жасақталмады. Қорларды басқарушыларға қойылатын кәсіби біліктілік пен қаржы талаптары анықталмады, олардың салымшылар алдындағы жауапкершілігі де көзделмеді. Соның кесірінен жекешелендіру тол­қындары жұ­мысшылардың түңі­­луіне, кейбір өндірістердің түбегейлі тоқырауына әкеліп соқтырды. Оның салдарын жою үшін мемлекеттің ұзақ жұмыс істеуіне тура келді. Айтқандай, мемлекет кейіндері зейнетақы реформасын жүргізу, жеке жинақтаушы зейнетақы қорларын құру кезінде сол қателіктерді ескерген көрінеді. Норматив­тік-құқықтық база түзіліп, барлық зей­­нетақы қоры үшін қатаң талаптар белгіленді. Осының арқасында кейін қаптаған ЖЗҚ жойылып, орнына жалғыз БЖЗҚ пайда бол­ғанда, азаматтардың зейнетақы активтері кезіндегі инвестқорлардағы үлестей ұшты-күйлі жоғалмады, мемлекеттік қорға басыбүтін өтті.

АйханАйхан ШӘРІП