Қараусыз балаға қатер көп
Қараусыз балаға қатер көп
519
оқылды

Ілгеріде от пен суға «тілсіз жау» деген атау тектен-тек таңылмаса керек. Әсіресе, жыл сайын өрттің кесірінен қаза табатын адамдар азаймайды. Ең өкінішті жайт, олардың арасында балалар да жетерлік. Кейін­гі жылдары мұндай оқиғалар қо­ғамның алаңдаушылығын тудырды. Себебі өрттен көз жұмған бүлдір­шін­дер елдегі әлеуметтік мәселе­лерге зер салуға түрткі болып отыр.

Аз уақыттың ішіндегі көп қаза

21 мамыр күні Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин халыққа есеп беру жиынын өткізді. Сол жиында ведомство басшысы биыл жыл басынан бері, жарты жылға толмайтын уақытта өрттен 29 бала қаза болғанын хабарлады. Министрдің алға тартқан дәйегінше, бүлдіршіндердің жартысына жуығы, яғни 13-і үйде қараусыз қалған. Құтқарушылар да тырысып-ақ жатқанға ұқсайды. 15 адамды өрттен аман алып қалған. Олардың сегізі – бала. Осын­дай мәліметтерді келтірген Юрий Ильиннің қорытынды сөзіне қарасақ, ата-ананың қарауынсыз қалған балалар арасында өлімнің көбейгені байқалыпты. «Жылыту маусымы кезіндегі бала өлімі ерекше алаңдатарлық халде. Балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері карантинде болып, жұмысы шектелген­діктен балалардың басым бөлігі үйде қала­ды» деген министр. Қаза айтып келмейтіні анық, әйтсе де «сақтансаң сақтаймын» деген сөзді ұмыт­паған абзал. Алайда балаларын қараусыз қалдырған ата-аналарға кінә артар жөн жоқ тәрізді. Баласы бар жанның да қолы мен назарын күйбең тірлік байлайды. Бірақ елімізде өрттің жиілеп кетуі қазір кімді болса да толғантса керек. Алдыңғы 2019-2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл өрт саны 24 пайызға ұлғайып, 2 760 оқиға тіркеліпті. Өрттің басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында болады екен. Яғни, ұғынықты тілмен айтсақ, жер үйлер өрттің ошағы болып тұр. Бұрын өмірдің, жылуы бар үйдің нышанындай көрінетін ошақ пен пеш – тілсіз жау жалынын тұтатып тұрған­дай. Ал өрттің көбеюіне қатысты айтылар себеп біреу ғана. Құтқарушылар өртке негізінен жылыту жабдықтарын дұрыс пайдаланбау мен қауіпсіздік ережелерін сақтамау түрткі болатынын айтады.

Жыл басы жанды жүдетті 

Әр жылдан жақсылық дәмететініміз жасырын емес. Дегенмен биыл жыл басталғаннан-ақ қоғамның жанын өртеген оқиғалар аз болмады. Балалардың өрттен қаза болуы жиілеп кетті. Бір ғана ақпан айындағы «сұмдықты» айтыңыз. Әуелі Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде табиғи газдан иіс тиген бес адамның мәйіті табылды. Олардың төртеуі – кәмелет жасына толмаған балалар. Бұдан кейін 18 ақпанға қараған түні Қызылорда қаласы әл-Фараби шағынауданындағы уақытша тұрған шағын баспанадан өрт шы­ғып, бесіктегі сәби қайтыс болды. Үй ішінде сәбимен бірге оның төрт әпкесі мен анасы болған. Анасы төрт қызымен үйден шығып үлгерген екен. Жаңағы уақытша деп атап отырған баспананы ауызекі «времянка» дейді. Елімізде осындай «времянкалар» тым көп өртенеді. Мәселен, 2019 жылы 4 ақпан­да Нұр-Сұлтан қаласының шетіндегі Көк­тал-1 елді мекеніндегі шағын үйден өрт шы­ғып, бір үйдің бес қызы қазаға ұшыра­ғаны әлі ел есінде. Балалар қазасынан кейін әлеуметтік мәселе қозғала бастағаны да  сол кезде болатын. Елімізде көпбалалы әйелдер әлеуметтік көмекті арттыруды сұрай бас­таған еді. Мұнымен қаза бітпеді. Биыл 19 ақпанда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында бес қабатты үйдегі пәтерде өрт болып, бір отбасының түгелдей бес баласы қайтыс болды. Бар болғаны 16 шаршы метрлік пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019, 2020 жылы туған балалар болған. Оқиға кезінде балалардың қараусыз қалғаны анықталған еді.

Әлеуметтік мәселеге қозғау болды

Бұл оқиғалардан соң ең алдымен аңдаған дүниеміз – урбанизация мен әлеуметтік саясат мәселесіне жаңа көзқарас қажет екені айқын көрінді. Қай кезеңде болса да адам – ең басты құндылық болып қала бермек. 2019 жылы бес баланың қазасынан кейін Үкіметте халықтың кірісін ұлғайтып, тұрмысын жақсарту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына барлық саланың жауапты өкілдері мен аймақ әкімдері, тәуелсіз ұйым мүшелері енген еді. Шынында, сол кезеңде әлеуметтік саясатқа байланысты көп проблеманың ұшығы шыққан болатын. Әйтеуір анығы – пәтерден-пәтерге көшіп, тентіреп жүрген көпбалалы отбасылар жетерлік екен. Бұдан өзге саясаттанушысы бар, қоғам белсендісі бар, түрлі ұсыныстарды айтқаны есімізде. Ұсынысты жинақтап, тоқетерінен түсін­геніміз, еліміз әлеуметтік-демографиялық бағдарлама әзірлеп, қабылдауы қажет. Ол бағдарлама ана мен баланы қорғап, қамқор­лық көрсетудің дүниежүзілік стандарт бойынша барлық аспектілерін қамтуы шарт. Бірақ бағдарлама жайлы айту жеңіл бол­ғаны­мен, оған мемлекет миллиардтаған қар­жы жұмсауы тиіс. Атқарылған іс көп, әйткенмен атқарылмағаны да қол байлайды. Бірақ билік өкілдері мәселеден қашқан жоқ. Мүмкіндігінше мәселені шешу жолын қарастырып, көпбалалы аналар талабына түсіністік танытуға тырысты. Мысалы, қазіргі Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «шын мәнінде көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін ана­лар­ға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан халықтың жәрдемақы мен бас­па­наға қатысты талабы орынды» деген еді. Осыдан кейін 2019 жылы «Nur Otan» пар­тия­сының жанынан балалар құқығын қор­ғау жөніндегі кеңес ашылды. Әйтсе де, бүкіл ресурсты толыққанды қамту мүмкін болмай тұр. Соның салдарынан келеңсіз жайлар әлі де болса тіркеліп отыр. Түйінге келсек, өрттен балалардың көптеп зардап шегуіне қатысты түрлі дәйек келтірушілер көп. Біреу жабайы урбани­зация­ны айыптаса, келесі адам ата-ананың міндеті, енді бірі қауіпсіздікке келгендегі бейқамдықты кінәлайды. Дегенмен бұл тұрғыда қай себептің болмасын, өзіндік маңызы бар жасырын емес. Бір ғана жалын осылайша бүкіл қоғамға қозғау салып отыр. Ал одан балалардың жапа шегуі алаңдатар­лық жайт.

Мадияр ТӨЛЕУ