Smart city: үнемдеу кілті
Smart city: үнемдеу кілті
380
оқылды

Үйреншікті дүниеге айналып кеткендіктен де болар, ірі сауда орталықтарына кіргеніміз­де есіктері келген-кеткен адамды өздігінен ашылып-жабылып өткізіп тұратынын байқай бермейміз. Бейне бір «келгеніңізге қуаныштымыз!» немесе «тағы да келіп тұрыңыз!» деген ишара сияқты. Бұл автоматты «швейцарлардың» жұмысы бір секундтың ішінде жүздеген комбинациясы өңдеп тұратын технологияларға құрылған. Тіпті, оның материалдық платасында жасанды интеллекттің ал­ғышарты бар. Осыған қарап «Ақылды қала» табалдырықтан басталады» деп бір тұжырымдап қоюға болады. Бір сөзбен айтқанда, Smart city дегеніміз – бірінші кезекте адамдарға қолайлы жағдай тудыру. Одан соң оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ендеше Қазақстан қалалары қаншалықты ақылды?

Алматы көш бастап тұр

Қалалық қызмет көрсетуші ме­кемелердің, яғни білім, денсаулық, коммуналдық шаруашылық, қоғам­дық қауіпсіздік сияқты тағы да басқа салалардың жұмыс тиімділігін арт­­тыру үшін және адам өмірінің бар­лық саласына ақылды тех­но­ло­гияларды енгізу мақсатында елімізде Smart сity тұжырымдамасы жасап шығарылған болатын. Ол 2015 жылдан шындап қолға алына бас­тады. Осы уақыттан қала көше­ле­рінде, әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтан шаһарларында көптеген заманауи камера мен ақылды қиы­лыстар, ақпараттық аялдамалар және автоматтандырылған көше жарықтары сияқты тағы да басқа жасанды интеллект белгілері пайда бола бастады. Көптеген қосымша мен қолданбалар жасап шығары­лып, аялдамада күткен автобу­сы­мыздың қай жерде келе жатқанын қолы­мыздағы смартфоннан-ақ қа­рап алатын жағдайға жеттік. Еліміздегі қалалардың «ақыл­дылығына» қарай жасалған рей­тингте Алматы шаһары 2020 жылдың көшін бастап тұр. Ондағы көрсеткіш бойынша қала 67,2%-ға «смарт­талған» екен. Ал қалған қалалардың ішінде 8 қаланың «ақылы» бірдей – 61%. Олар – Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Орал, Қызылорда, Атырау, Өскемен, Ақтөбе, Талдықорған қалалары. Ал еліміздегі 17 ірі қаланың ішінде ең «ақылы азы» – Ақтау қаласы (48%). Бұл рейтинг бойынша бағалау 11 түр­лі бағыт бойынша және 80 көрсеткіш бойынша жүргізілген екен.

«Е-Шаңырақ» – ауқымы кең жоба

Елімізде «Е-Шаңырақ» жобасы іске қосылғалы жатыр. Бұл Smart сity бастамасы аясындағы тың жоба болғалы отыр. Бұл жаңашылдық ту­ралы 2017 жылдан бері айтылып жүрген болатын. Бастапқыда кондо­миниумның, яғни Тұрғын үй-пай­далану кооперативтерінің (ЖЭК), одан кейін олардың орнын басқан Пәтер иелері коопе­ративтерінің (КСК) қор­даланып қалған проб­лемаларын шешуге арналады деп ойластырылған бұл жоба кейіннен кеңінен ауқым алып, коммуналдық шаруашылық саласын да қамтитын болған. Бұл туралы министр Бағдат Мусиннің өзі хабарлады. «Е-Шаңырақ» жүйесі мен мем­лекеттік қала құрылысының ка­дастрлық инфрақұрылымы мәлі­меттерінің бірыңғай геопорталы сынды Цифрлы ТҮКШ жобаларын қарастырдық. «Е-Шаңырақ» жобасы тұрғын үй қатынастарындағы барлық іс-әрекетті ашық әрі жүйелі етуге жол ашады. Бұл ТҮКШ саласын цифрландырудағы үлкен қадам болғалы тұр. Соның арқасында аз­а­маттар мен бизнес өкілдері инже­нерлік желілер мен табиғи монопо­лиялар субъектілерінің қуаты туралы ақпаратқа қол жет­кізетін болады» деп жазды ол Facebook парақ­шасында. Шындығында, елімізде тұрғын үй қатынастарындағы коммуналдық шаруашылық мәселесі күрделі күйін­де қалып отыр. Осы уақытқа дейін көпқабатты тұрғын үйлер мен оларға іргелес аумақтарды күтіп ұстау мәселесі пәтер иелерінің өзде­ріне жүктеліп, бұл өз кезегінде ұзақ жылдар қомақты қаржы құйылма­ғандықтан, қалалардағы онсыз да ескі тұрғын үй қорының одан сайын тозуына алып келген болатын. ПИК төрағаларының ақшаны иемденіп кету деректері көптеп тіркелген еді. Бұл елімізде қоғамдық негізде жи­налатын қаржыға қандай да бір қадағалау жүргізілмейтінін білдіреді. Осы жағынан алғанда «ақылды қала» аясында қарастырылып отырған «Е-Шаңырақ» жобасы кондо­ми­ниумдық қатынастарды да реттейді деген үлкен үміт бар. Сондай-ақ өз кезегінде министр Smart City жо­басының баяу жүріп жатқан­дығына да назар аудартты. Оның айтуынша, азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Smart City жо­басын жүзеге асыруда, әсіресе ай­мақтарға жіті назар аудару қажет. Мәселен, әкімдіктер қоғамдық кө­ліктердегі электронды билеттеу жобасы сәтті енгізілді деп айтып есеп бергенімен, олардың жұмыс көр­сеткіші көңіл көншітпейді. Себебі 9 облыста автобус-газельдердегі қолма қол-ақшасыз төлемдердің үлесі 50 пайыздан төмен.

Қолайлы, қауіпсіз, үнемді

Smart city дегеніміз – қаланың ресурстары мен қызметтерін тиімді басқаруды арттыру және азаматтарға жайлы жағдай туғызу мақсатымен инновациялық шешімдерді енгізу есебінен инфрақұрылымды жетіл­діре түсу. Мұны әлем елдері өте жақ­сы түсініп отыр. Сондықтан да бұл салаға салынар инвестиция көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мә­селен, әлемдік Smart city нарығының көлемі 2020 жылы 124 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда, 18,9%-ға артық. Осы тұста Швейцарияның IMD бизнес мектебі сингапурлық тех­нология және дизайн уни­вер­ситетімен бірігіп, әлемдегі «ақылды қалалардың» 2020 жылғы рейтингін жасаған болатын. 109 қаланы зер­делеп шыққан ұйым­дасты­рушылар алғашқы үштікте Сингапур, Хель­синки және Цюрих қалаларын атады. Азуын айға білеген Нью-Йорк 10-орында, Лондон 15-орында тұр. Smart city-ге негіз болатын ақ­параттық технологиялардың эко­номикалық өсім мен үнемге жете­лейтінін ұмытпаған жөн. Мысалы, 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданындағы Еңбекшілер көшесінде «ақылды жарықтандыру» жобасы іске қосылды. 43 ескі нат­рийлі лампалар жаңа жарықдиодты түрлеріне ауыстырылды. Нәтиже­сінде, электр энергиясын үнемдеу 50%-дан асып түсті. Былтырғы  ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 244 мың теңге аз жұмсалды. Пилотты жоба жүзеге асқанға дейін бұл телімге 52 310 кВт электр энергиясы шығын­далатын болса, сынақтың сәтті өткені сондай, бұл көрсеткіш 24 792 кВт-ты құрады. Одан да басқа артықшылықтары: бағдарламалық қамту арқылы лампаларды алыстан басқаруға болатыны және экраннан әрбір лампаның жағдайын тексеру мүмкіндігі. Диммирлеу құрылғысы арқылы оның жарығын алыстан-ақ азайтып, көбейтуге болады. Бұл дегеніміз – бригаданың барып-қайту шығындары үнемделеді деген сөз. Сондай-ақ бұл лампалар бұған дейін­гі сынапты жарық шамдар секілді қауіпті емес. Олар арнайы утилизациялауды талап етпейтін экологиялық таза шамдар. Ендеше Нұр-Сұлтан қаласында 30 177 көше шамы және 17 542 автотұрақ шамы бар екенін ескерсек, бұл қала бюджеті үшін үлкен үнем болмақ.

Нұрлан ҚОСАЙ