Марқұмның жақындары: «Әселді Грузияға алып кетіп, сатқан осы Мұрат» деп есептейді. Сол себепті қазақстандық тергеу соты күдіктіні «адам саудасы» бабымен қамауға алған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
26 жастағы Әсел Айтпаева Грузияда көлік сататын компанияда жұмыс істеген. 5 мамырда оның денесі Тбилисидегі көпқабатты үйдің ауласынан табылды. Бойжеткен өлер алында Бесик Тордуаның үйінде болған екен. Бүгінде 57 жастағы азамат қызды зорлады және өлімге итермеледі деген күдікпен қамауда отыр. Грузия прокуратурасы Мейірбековті де зорлау фактісімен сырттай айыптап жатыр. Бірақ оның адвокаты ешбір шешіммен келіспейді. Қорғаушының пікірінше, тергеу ісінде, әсіресе «адам саудасы» бойынша еш дәлел жоқ.М.Мейірбековтің адвокаты Шыназбек Маханов: «Маған дәлелдеп берсінші, тергеу органдары немесе прокуратура, «Тордуа Бесик ақша беріпті, пәленбай... Мейірбеков алыпты, ақшаны алғаннан кейін қашып кетіпті» деп маған дәлелдесін. Әңгіме жоқ. Ары қарай шағым да, ештеңе де жазбаймыз. Тағы да айтамын, мынаның бәрі ертегі. Ол енді менің субъективті көзқарасым. Еш негізге сәйкес келмейді», – дейді.
Бұған дейін Әсер Айтпаеваның денесін анасы Грузияға барып, алып келгенін жазған болатынбыз.