Ұлт қайраткерлерін ұлықтаған басқосу
Ұлт қайраткерлерін ұлықтаған басқосу
156
оқылды

Қарағанды қаласында ұлты үшін құрбан болған арда азаматтар – қуғын-сүргін құрбандарын, Алаш зиялыларын құрметтеу, олардың патриоттық істерін халыққа насихаттау, өскелең ұрпаққа аманаттау мақсатында «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты республикалық онлайн ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Облыстық ішкі саясат ұйымдастыруы­мен өткен тағылымды шараны облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ашты. – Жарқын болашақ үшін ХХ ғасырдың қайғылы тарихын білу және есте сақтау маңызды. Бүгінгі конференция – қуғын-сүргін кезінде жазықсыз зардап шеккен­дердің барлығына құрмет көрсету болып табылады. Зиялы қауымның жарқын өкіл­дері жойылып, миллиондаған адамдар Қазақстан жеріне күштеп көшірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихтағы ақ дақтарды жою, Алаш қайраткерлерінің бай мұрасын зерттеу қажеттігін атап өтті. Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік және өңірлік комиссиялар жұмыс істейді, – деп атап өтті Абзал Нүкенов. Адамзат баласының көкірегін қарс айырып, шерменде күйде қалдырған саяси қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз жандар­дың қаны мен көз жасына жуылған шерлі тарихтың ақтаңдақ беттері болып қала бер­мек. Жазықсыз құрбан болған жандар­дың есімін ұмытпау, сол кезеңнің саяси астарына терең үңілу, олардың еңбегін елге жария ету – бүгінгі ұрпақтың борышы.  Рухани шараны академик, Е.Бөкетов атын­дағы Қарағанды университеті рек­торы, профессор Нұрлан Дулатбеков жүр­гізді. Конференцияға қатысушылар құжат­тар мен мұрағат материалдары негізінде жаңа зерттеулер ұсынды. Академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Зарқын Тайшыбай, Жамбыл Артықбаев, журналист-жазушы Төрехан Майбас, саяси қуғын-сүргін құрбандары қауым­дастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы және тағы басқалар сөз сөйледі. «Қазақтың рыцарлық қоғамы және тоталитарлы жүйе тайталасы: XX ғасырдағы этнос тағдыры», Боқты және Тоқырауын көтерілісі жайлы мәліметтермен қатар, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, сол кездегі саяси жүйеге шолу кон­ференцияның өзекті тақырыбына айналды. Саяси қуғын-сүргінге ілінген жандарға арналған Қарағанды облысының өзінде жеті лагерь болған екен. Осындай мә­ліметтерді негізге ала отырып, тарих ғылымдарының докторы, академик,  Ұлт­тық аграрлық университеті «Рухани жаң­ғыру» институтының директоры Хангелді Абжанов: – Қазақстан репрессия құрбандарын ақтау кезеңіне аяқ басты. Бір жылда көптеген жұмыс атқарылды. Мен қуғын-сүргін тарихын зерттеу үшін мемлекеттік мекеме – ғылыми-зерттеу институтын ашуды ұсынамын. Бұл әлемдік трагедия туралы шындықты ашуға көмектеседі. Оны Қарағандыда құру керек, өйткені Қараған­ды облысында КСРО-ның ең ірі еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі Карлаг орналасқан еді. Қуғын-сүргін тарихын зерттейтін жақсы мектеп бар, – деді. Қарағандыда саяси қуғын-сүргін кезеңдерін зерттейтін институтты ашу керек деген ұсынысты Нұрлан Дулатбеков конференция қарарына кіргізетінін жеткізді. – Сансыз сылтаумен саяси қуғын-сүргін құрығына ілініп, құрбанына айналғандардың лайықты бағасын беру керек. Әлеуметтік, моральдық тұрғыда шы­найы ақтау қажет, – дейді әлихан­танушы-ғалым, халықаралық журналист Сұлтанхан Жүсіп. Ал тарихшы Зәуреш Сақтағанова: «Көптеген іргелі зерттеулерге қарамастан, әлі де көп  дақ  бар. Бүгінгі күннің өзінде Қазақстандағы лагерьлер саны туралы мүлдем басқа мәліметтер беріледі. Жалпы, сәйкессіздікке байланысты елеулі шатасу­лар мен қателер бар. Жүйелі және жан-жақты зерттеу қажет. Мәселе мынада, Бас про­куратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі ко­митетінің мұрағаты әлі күнге дейін жабық, онда «құпия» белгісі бар құжаттардың негізгі бөлігі шоғырланған», – дейді. – Саяси қудалаудан көп жапа шеккен өңірлердің бірі – Қарағанды облысындағы  Шет ауданы. Кәмел Жүністегі ағамыздың айтуынша, ашаршылықтан кейін аудан тұрғындарының бестен бірі ғана қалған. Репрессия 1937 жылдан бұрын басталған. Қазақтың қасіреті болған Қарлагтың бөлімшесі Шет ауданында Шетлаг құрылды. Қуғынға ұшыраған 180 аудан тұрғынының 106-ның дерегін таптық. Қалған 64 адамның ешқандай дерегі табылмады. Лагерьді итпен күзетті. Мал қораға қамалған адамдардың қашуға мүмкіндігі болды. Бірақ ондай әрекетке барғандарды атып тастап отырды. Әрине, олар туралы ешқандай ресми құжат жоқ,– дей келе өлкетанушы, жазушы Төрехан Майбас Шетлаг әлі де зерттеуді қажет ететінін тілге тиек етті. Өткенге құрмет танытып, ұлттық та­рихымызды ұлықтап жүрген зерттеуші-алаш­танушы, Qyr balasy қоғамдық қоры­ның атқарушы директоры Елдос Тоқтарбай  қордың атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.   Жас ғалым, ББейсенов атындағы Қарағанды ака­демиясы ғылыми-зерттеу инсти­тутының қызметкері Әділет Жағыпар «Алаш» қозғалысының және «Есеп» жастар ұйымының көрнекті тұлғалары туралы жазылған «ЕСЕП» – Алаш партиясының ізбасарлары» атты туындысын  таныс­тырды. Тарихтың өткенін таразылау, одан сабақ алу – бүгінгі күннің еншісінде. Қазақ тарихында мәңгі ұмытылмастай орын алатын қуғын-сүргін кезеңі ұлтымыздың беткеұстар тұлғаларын қынадай қырды. Тарихи деректер 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылып кеткен дейді. Алаш ардақтыларын жалған жаламен  халық жауына балап, түрмеге тоғытқан осы бір жылдардың жаңғырығы арада қанша уақыт өтсе де өзінің маңызын жоймады. Халық ардақтыларына жағылған күйе кеткенімен, тарихта қаралы кезең болып қала берді. Конференция жұмысын қорытын­дылаған Нұрлан Дулатбеков: – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні  біркүндік шара емес. Жыл бойы жалғасады. Қасиетті қазақтың жерінде, Сарыарқаның төрінде көптеген ұлыс өкілі тұрақтады. Олар жыл сайын қазақ халқына мың алғысын білдіріп отырады. Бұл  біздің дұрыс жолда келе жатқанымызды білдіреді. Әрине, жеңіл тақырып емес. Бұл  – біздің ұлттық кодымызға енетін, әрқашан жадымызда қалатын тақырып. Сондықтан мұқият болып, атадан балаға жеткіземіз деп ойлаймыз. Барлық халық бұл қуғынның зардабын көрді. Бірақ біздей жапа шеккен ешкім болған жоқ, – деп сол кездегі саяси жүйе­нің қаншалықты ұлтымызға ауыр болғанын баса айтты.  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы