Мал жаю үшін ақылы жайылым билетін енгізу керек – Сенат депутаты
Мал жаю үшін ақылы жайылым билетін енгізу керек – Сенат депутаты
268
оқылды

Елімізде 21 миллион гектар жер тозған. Сондықтан өңірлер жайылым таппай қиналып отыр. Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов Үкімет басшысына сауал жолдады. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Жер мәселесін ұлттық деңгейдегі маңызды жоба ретінде жүйелі түрде қарастырмаса жайылым мәселесі шешімін таппайды дейді ол. Сенатордың айтуынша, жайылым мәселесін шешу үшін  ұзақ мерзімді басқару жөнінде жоспар бекітіп,  пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару  керек.

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов: «Жайылымдарды ұзақ мерзімге, басқару жөніндегі жоспарларды бекіту. Қоғамдық пайдалану шарттарын айқындау. Пайдаланушылардың бірлестігін құру және оған жеке ауылдағы ауыл шаруашылығы жануарлары иелерін кіру міндеттігін қарастыру. Жайылым билетін енгізу және мал басына қарай пайдаланудың ақылы болуын енгізуді ұсынамыз», – деді.

Сенатор  ауыл шаруашылығы кооперативін құруды ұсынды. Қазір  дамыған елдердің барлығы ауыл шаруашылығында кооперация құрып, оны пайдаланып отыр. Бұл ауылдық жерлерде еңбек өнімділігін арттыру, қала халқын сапалы жəне арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді дейді.

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов: «Бүгінде ауылдық елдімекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманауи технологиялық процестерге тартылмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша жүргізілген жұмыс дұрыс үйлеспегендіктен нәтижелі болмай отыр», – деді.

Бұған дейін жайылым жерді айналдыра ор қазып, Қызыл кітапқа енген жан-жануар қырылып жатқанын жазған болатынбыз.

  https://youtu.be/0DCv6ul69ZI