Тағы екі қант зауыты жұмысын бастауы мүмкін
Тағы екі қант зауыты жұмысын бастауы мүмкін
110
оқылды

Әр күні жылға жетер азықты қам­та­масыз ететін көктемнің соң­ғы айы­ның аяқталуына да санаулы күн­дер қалды. Биылғы ауа райы­ның қысқа күнде қырық құбылып, бірде суып, бірде тым ысып кетуі, желдің жиі мазалауы, жаң­бырдаң апталап жаууы, індетке қарсы ша­ра­лардың құ­былмалылығы көк­тем­гі дала жұ­мыстары мен төл алу науқанына бір­шама кері әсер еткенімен,  бел­гілен­ген басты жұ­мыс­тар жоспарға сай ат­қарылып­ты. Дегенмен тірлік бар жерде азды-көпті кемшіліктер де кездесетіні анық.

Дәл осы науқандық жұмыстар күйіп тұр­ған кезеңде  Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов өзінің  төраға­лығымен ағым­дағы өзекті мәселелер бойынша кеңей­тілген жиын өткізді. Онлайн ре­жим­де болған келелі кеңес­ке аудан, қала әкімдері, тиісті сала жетек­шілері түгелдей қатысты. Бірінші қаралған мәселе көктемгі да­ла жұмыстары еді. Облыста бүгінге дейін дәнді дақылдарды себу жоспары ар­ты­ғымен орындалып,  өңірдегі басты да­қылдардың қатарында аталатын  жүгері егу –74,3%, қант қызылшасын себу 92% ат­­­қарылыпты. Жоспар­ға сәйкес басқа да да­қылдар өз ретімен, тәртібімен себілуде. Дәл қазіргі кезде  ауа райы да көктемгі да­ла жұмыс­тарын жүргізуге  қо­лайлы бо­лып тұрған көріне­ді. – Соңғы жылдары Ақсу қант зауы­ты­ның іске қосылуы облыстағы қант қы­зыл­шасы өндірісіне үлкен серпін берді. Бірақ біздің өңірдің  осынау стра­тегиялық маңызы бар техникалық да­қылды өсіруге және өңдеуге қатысты мүмкіндігі қазір­гі­ден де мол екенін бәріміз жақсы білеміз. Осыған орай алдағы кезде Алакөлдегі, Қарабұлақтағы жылдар бойы тұрып қалған қант зауыттарын іске қосу үшін инвесторлармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса егіс алқап­тарының көлемін ұлғайту, ирригациялық жү­йе­лер­ді жөндеу бағытындағы жұмыс­тарды да қазіргі қарқында жалғастыра беру керек. Ор­тақ істен барлық аудан, қала әкімдері шет қалмауға, белсене қатысуға  тиіс. Ин­вес­торлармен бір­лесіп, майлы дақыл­дар өңдейтін жаңа кәсіпорын­дарды  іске қосуды, рапс сияқты тиімділігі жоғары да­қылдардың көле­мін арттыруды жос­пар­лауды естен шығар­маңдар, – деді об­лыс әкімі. Жанар-жағармайдың маусымдық қым­­баттауы әлеуметтік маңызды тауар­лардың  бағасына да кері әсер етіп отыр­ға­нын жоққа шығармаған жөн.  Алматы об­лысы негізгі ауыл шаруашылығы тауар­ларын өзінде өндіреді дегенмен қым­бат­шы­лық ауылы Жетісу жерін де айналып өткен жоқ. Осыған байланысты халық бірін­ші кезекте тұтынатын азық-түлік түр­лерінің бағасын ырықтандыру да об­лыс басшылығының тұрақты бақ­ы­лауына алын­ған. Күн жылынысы­мен жиі маза­лай­тын су тасқы­нының алдын алу да бас­ты назарда. Облыстағы  елді мекен­дер­дің  санитарлық тазалығы мен көгал­дандырылуы, абаттандырылуы да көңіл­дегідей емес екені де айтылды жиында. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, қыс­қа дайын­дық барысы да пысықталды.  Об­лыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұр­лашовқа 2021-2022 жылғы жылыту мау­сымына дайындықты әр сенбі сайын жиын өткізіп, қадағалап отыру тапсы­рыл­ды. Жылыту желісін жөндеу, қазан­дық­тарды газға ауыстыру ісі де басты на­зарда болуы тиіс екені ескертілді. Со­нымен бірге жиында  ҰБТ-ны ұйым­дас­тыру, туристік мау­сымның ашылуына дайын­дық жұмыс­тары да талқыланды. Індет­пен күрес шараларының барысы тура­лы айтылып, Санитарлық-эпи­де­мио­логия­лық ба­қылау департаментіне індеттің тара­луына жол бермеу шара­ларын күшей­ту жүктелді. «Сарыөзек – Көктал», «Тал­ды­­қорған – Үшарал» трассасы, Бал­қаш көліне апаратын күрежол, «Алтын орда» ба­зары аумағындағы жол бөлігі, Шамал­ған ауылын­дағы теміржол өткелі сияқты инфрақұрылым мәсе­лелері де назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшысы Талдықорғанда, со­нымен қатар жалпы облыс көлемінде заң­сыз құрылысқа жол бермеу керегін қа­таң ескертті. Салынып және жөн­деуден өтіп жатқан әлеу­меттік нысан­дардың жай-күйіне тоқталды. Солардың  қата­рындағы  Балқаш ауданындағы орталық ауру­ха­наның материалдық-тех­никалық базасын толық жаңарту қажет екенін еске салды.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы