Дзюдодан Венгрияның Будапешт қаласында 6-13 маусым аралығында әлем чемпионаты өтеді. Жылдың ең маңызды додасында әлемнің 133 елінен келген 700-ге жуық дзюдошы бақ сынайды. Жеті күнге созылатын жарыста барлығы 14 cалмақ (7 ерлер, 7 әйелдер) дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Олимпиадаға іріктеу кезеңінің аяқталуына да санаулы күндер қалғанын ескерсек, дзюдо әлеміндегі бұл бәсекенің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Күні кеше әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан командасының құрамы белгілі болды. Бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиев Будапештке 9 спортшысын алып барады. Атап айтқанда, 60 келіде Ғұсман Қырғызбаев пен Мағжан Шамшадин, 66 келіде Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов пен Аңсар Ғайнуллин, 81 келіде Дидар Хамза, 90 келіде Ислам Бозбаев пен Ерсұлтан Мұзапаров, +100 келіде Ерасыл Қажыбаев бозкілемге шығады. Қазақстандық татами шеберлерінің алдағы сынға дайындығы туралы бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиевтен сұрап, аз-кем әңгімеге тарттық. Ол дзюдошылардың қазіргі уақытта Алматы облысындағы Жаңашар ауылында оқу-жаттығу жиындарына дайындалып жатқанын, жарыс алдында ұлттық құрама жауапты сынға сақадай сай болатынын жеткізді. – Жиын 22 маусым күні басталды. 2 маусымда барлық жаттығу жұмыстарын аяқтап, 3 маусым күні Венгрия астанасы Будапештке ұшамыз. Біздің әлем чемпионатындағы басты мақсатымыз – Токио Олимпиадасына қатысу үшін рейтингілік ұпай жинау. Әрине, әлемдік додада Қазақстанның байрағын көкке көтеруді, әнұранын шырқатуды бәрінен биік қоямыз. Сол үшін жүлдеге қол созып, елдің атын абыроймен қорғауға тырысамыз, – дейді бас бапкер. Әңгіме барысында маңызды жарысқа жас спортшылардың да қатысатынын тілге тиек етті. – Жастарды осылай ірі додаға қатыстырып, ересектермен бірге алып жүріп, мүмкіндік берген дұрыс. Біз солай физикалық және тактикалық тұрғыдан спортшыларымызды бақылаймыз. Бұл сынға жастардан 60 келіде Мағжан Шамшадин, 73 келіде Аңсарбек Ғайнуллин қатысқалы отыр. Біз оларға мүмкіндік бермекшіміз. Бір жағынан тәжірибесі де толысып, осындай жарыстар арқылы шыңдала түседі. 90 келіде күресетін екі спортшымыз Ислам Бозбаев пен Ерсұлтан Мұзапаровқа да сенім артып отырмыз, – деп жастардың да әлемдік турнирлерде төбе көрсетіп жүргенін атап өтті Ғалымжан Жылгелдиев. Айтпақшы, әлем чемпионатында жекелей салмақтағы жарыс біткеннен кейін, артынан командалық жарыс бойынша (микс) 3 салмақта ерлер, 3 салмақта әйелдер белдеседі. Будапештке баратын қыздардың да дайындығы пысықталып жатыр. Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев дүниежүзілік біріншілікке кімдерді алып баратынын жариялады. Әлем біріншілігінде құрамадағы сегіз дзюдошы бағын сынайды. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Отгонцэцэг Галбадрах пен Абиба Әбужақынова, 52 келіде Нұрсұлу Ералиева, ал 57 келіде Севара Нишанбаева қатысады. Қазақстан сапынан 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ешкім қатыспайды. 70 келіде қос дзюдошы белдеседі. Атап айтқанда, Зере Бектасқызы мен Мөлдір Нарынова Будапешт татамиіне шығады. 78 келіде ел құрамасынан ешкім күреспейді. Тиісінше, аса ауыр салмақта, 78 келіден жоғары салмақ дәрежесінде екі татами шебері бақ сынайды. Осы салмақта Камила Берліқаш пен Назгүл Маратова белдеседі. – Будапешт татамиінде барлық балуанымыздан жақсы нәтиже күтеміз. Соның ішінде Отгонцэцэг Галбадрах пен Севара Нишанбаеваға көп үміт артып отырмыз. Биыл Абиба Әбужақынова да өте жақсы күресіп, тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Биылғы әлем біріншілігіне қатысатын қыздардың басым бөлігі жастар құрамасының спортшылары екенін де ескерген жөн. Сондықтан бұл дода спортшыларымыздың әлем біріншілігіне қатысып, тәжірибе жинап алуына жақсы мүмкіндік болмақ, – дейді бас бапкер Ерлан Алпысбаев. Балуандар жарысының басталуына да он күнге жетер-жетпес уақыт қалды. Әне-міне дегенше әлем біріншілігіндегі маңызды жүлделер сарапқа салына жатар. Осы әлемдік додадан кейін Халықаралық дзюдо қауымдастығы дзюдошыларға тиісті ұпайларын таратып, әлемдік рейтинг арқылы Токио Олимпиадасына жолдама алған балуандардың тізімін жариялайды. Жалпы алғанда, бұл әлем чемпионатына дейін біршама жарыстар кезең-кезеңімен өтті. Ешкім жарыс жолында аянып қалған жоқ. Олимпиадаға жолдама оңайлықпен бұйыра бермейтіні де белгілі. Біз алда өз саңлақтарымыздан жақсы нәтиже күтеміз. Балуандарымыздың байрақты бәсекеде бабы мен бағы қатар шаба бергей.