Аягөздің бұрынғы әкімі сотталып кетті
Аягөздің бұрынғы әкімі сотталып кетті
5,163
оқылды

Күдікті Аягөзде әкім болған кезінде 2020 жылдың 16 және 17 қыркүйегінде «Көркем» ЖК мердігер ұйымнан табиғи апаттан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін 1,2 миллион теңге көлемінде пара алған. Әкім қаражатты алғаннан кейін қызметтік кабинетінде ұсталды. Бұл туралы Аягөз аудандық соты хабарлады.

Қылмыстық істі Аягөз аудандық соты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі (Пара алу) бойынша қарады. Прокурор сотталушыны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Алайда бұрынғы әкім бұл ақшаны қарызға алғанын айтып, тағылған айыпты мойындамады.

Соттың мәліметінше, Қуаныш Азыхановтың кінәсін куәгерлер толық дәлелдеді. Қаражатты қарызға алғанын жоққа шығарды.

Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі (Пара алу) 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайды анықтаған жоқ. Ал ант қабылдаған адам қылмыс жасаса, оның жазасы да ауыр. Сот экс-әкімді төрт жарым жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.