Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытайдан және іргелес мемлекеттерден келген қазақстандықтардан емханаға қаралуды өтінді. – Бұл сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жасап отырған шара. Денсаулық нашарлаған жағдайда біз шара қолданып, сізді және отбасы мүшелеріңізді оқшаулауымыз керек. Біз қайта-қайта хабарласа алмаймыз, – деді министр. Оның сөзінше, соңғы уақытта Қазақстанға Қытайдан 25 800 адам келген. Арасында Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да бар. 23 адамның температурасы жоғары екені анықталып, 4 адам әртүрлі инфекция бойынша күдікпен ауруханаға жатқызылған, нақты диагноздары үш күнде белгілі болады. – Қытайдан Қазақстанға өткен адамдар жайлы ақпаратты шекара қызметі береді. Біз ары қарай жергілікті атқарушы билік пен шекарадан өткен азаматтардың тұрғылықты емханаларына жолдаймыз. Сөйтіп, барлығы тексеріледі. Дегенмен азаматтар өз еріктерімен келіп тексерілгені де жөн. Өйткені жұқпалы дерт белгілері 14 күн ішінде белгілі болады, – деді Е.Біртанов.
Елжан Біртанов жұқпалы дерттің алдын алу шаралары жасалып жатқанын, егер Қазақстан аумағында тарай қалса, онымен күресуге дайын екенін және қазір 4,5 мың науқас төсегін әзірлеп, медициналық құрал-жабдықтарын сайлап қойғанын мәлімдеді. Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінде ҚХР-дағы коронавирусқа байланысты жедел желілер ашылған. Жұмыс уақытында Қазақстан азаматтары мына нөмірлерге хабарласа алады: +7 (7172) 72-05-49, +7 (7172) 72-01-98, +7 (7172) 72-04-93. Жұмыстан тыс уақытта және демалыс күндері +7 (7172) 72-01-11 нөміріне хабарласуға болады. Сондай-ақ Қытайдың кейбір қалаларында карантиннің енгізілуіне байланысты Қытай аумағындағы біздің азаматтар үшін Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде +86 10 65324189 телефоны бойынша тәулік бойы жедел желі іске қосылған. Қытай билігі вирустың таралу мүмкіндігі өсіп бара жатқанын айтады. Коронавирусты жұқтырған адамдар Германия, Шри-Ланка, Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Таиланд, Канада, Непал, Вьетнам, Сауд Арабиясы, Сингапур, Жапония, АҚШ, Франция, Австралияда кезіккен. Айдар ДӘУІТҰЛЫКоронавирустың ошағы саналатын Ухань қаласында 11 миллионнан астам адам тұрады. Уханьнан келетін қазақстандық студенттер 14 күнге карантинге оқшауланады. Мұны Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.