Жоғалған 2 жасар баланы сегіз сағат бойы іздеді
Жоғалған 2 жасар баланы сегіз сағат бойы іздеді
123
оқылды

Аяқтарынан тік тұрған аудандық полицияның жеке құрамы мен жергілікті билік және волонтерлер баланы сегіз сағат бойы іздеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Екі жастағы ұлы ізім-қайым жоғалып кеткенін айтып алаңдаған әке бірден полицияға жүгініпті. Шамамен 27 мамыр күні кешкі сегіздер шамасында аға-әпкелерімен бірге аулада ойнап жүрген бала ізім-қайым болып қас қарайса да табылмаған. Жедел іздестіру шарасы барысында полицейлер 27 мамыр күні 27 жастағы Қабанбай батыр ауылының тұрғынының төрт баласымен үйдің ауласына ойнатуға шыққанын анықтады.

«Балалар әдеттегідей ойнап жүрген. Оларды бір сәтке ғана тастаған ана 2 айлық сәбиін емізуге үйге кетіп қалыпты. Бұл уақытта 8 жастағы ұлы, 7 жастағы қызы және 2 жастағы ұлы аулада қалған. Шамамен кешкі сегіз жарымдар кезінде жұмыстан үйіне қайтқан әкелері келгенде балалар аулада ойнап жүрген. Арада аздаған уақыт өткенде үйге кірген қызынан бауырларын сұрапты. Қыз олардың аулада ойнап жүргенін айтқан. Іші бір сұмдықты сезген ана жұбайынан балаларды қарауын өтінген. Сыртқа шыққан әке ұлдарын таба алмай қалыпты», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Балаларынан қас пен көздің арасында көз жазып қалған әке жағдайды жұбайына айтып дереу іздеуге кіріскен. Сөйтіп, 8 жастағы ұлдарын көрші ауладан тауыпты. Бірақ екі жастағы кіші ұлын қанша шұрқырап іздесе де таба алмаған. Жұбайлар бірден полицияға арыз жазған. Полиция екі жасар жоғалып кеткен балақайға іздеу жариялап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Жедел іздестіру шарасына аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы түгел, ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар мен ерікті азаматтар түгелдей қатысқан. Баланы іздеушілер барлық кәріз және су құбырларын, көрші үйлердің маңайын, жақын маңдағы ормандарды түгелдей сүзіп шықты. Іздеу нәтижесінде шамамен таңғы бес кезінде үйден 800-900 метр шамасындағы су қоймасының жағасынан табылды. Бала ештеңеден қорықпапты. Дегенмен, суықтан қалтырап тоңып қалған екен. Баланы өзінің курткасына орап алған әкімдік қызметкері оны ата-анасына жеткізген. Жоғалып табылған баланы жедел жәрдем қызметкерлері де тексерді. Баланың денесінде дене жарақаттары болмады», – дейді Ақмола облысы полиция департаметінің баспасөз қызметі. Баланың ата-анасы баланың жоғалғаны туралы тергеу амалдарын одан әрі тоқтату туралы өтінішпен арыз жазған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы