Қазақстан қаржыгерлері халықаралық конференцияға қатысты
Қазақстан қаржыгерлері халықаралық конференцияға қатысты
139
оқылды
27-28 мамырда АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) алаңында Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің Банктік қадағалау органдары тобының (BSCEE тобы) 33-ші жыл сайынғы конференциясы өтті. Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің аймақтық тобы конференциясының ашылу салтанатына AFSA Бас директоры, 2021 жылғы BSCEE тобының төрағасы Мұхтар Бөбеев пен Халықаралық есеп айырысу банкінің Қаржылық тұрақтылық институтының төрағасы Фернандо Рестой қатысты. Ашылу барысында Мұхтар Бөбеев өтіп жатқан конференция банктік қадағалау саласындағы ақпаратпен және озық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Конференция аясында пандемия жағдайында пруденциялық саясат пен қадағалау технологияларын дамыту, онымен байланысты цифрландыруды жеделдету, сондай-ақ ұлттық банк секторларындағы ағымдағы жағдай, реттеу жаңалықтары мен басқа да мәселелер талқыланды. BSCEE тобы 1991 жылы құрылған. Оның құрылу мақсаты Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің Банктік қадағалау органдары арасындағы тығыз ынтымақтастық пен коммуникацияларды көтермелеу және қолдау; Банктік қадағалау жөніндегі (BCBS) Базель комитетімен байланысатын Орталық және Шығыс Еуропа аймағын таныстыру, үздік қадағалау практикаларымен және ноу-хаумен алмасу мүмкіндігін қамтамасыз ету болды. Бүгінгі таңда BSCEE құрамына 26 елдің банктік қадағалау органдары кіреді: Австрия, Албания, Армения, Беларус, Болгария, Босния және Герцеговина, Венгрия, Грузия, Қазақстан, Латвия, Литва, Молдова, Польша, Ресей, Румыния, Солтүстік Македония, Сербия, Словакия Республикасы, Словения, Түркия, Украина, Хорватия, Чехия, Эстония және Черногория. 2018 жылғы 26 қарашада Абу-Дабиде Базель комитетінің банктік қадағалау жөніндегі халықаралық конференциясы шеңберінде Қазақстан Республикасы АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті атынан BSCEE тобына кірді. AFSA-ның BSCEE тобына мүшелік етуі оның банктік қызметтер нарығын реттеу және қадағалау саласындағы Базель комитетінің стандарттарына сәйкес АХҚО-да ең жақсы халықаралық тәжірибені қолдану мақсаттарына ықпал етеді. Жалпы BSCEE тобына мүшелік ету Қазақстанда банк қызметтері нарығын дамыту бөлігінде Конституциялық заңның іске асырылуына жәрдемдеседі. Банк секторы АХҚО-ның аймақтық қаржы хабы ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар банк секторы Қазақстанда және өңір экономикаларында экономиканың өсуін күшейту үшін инвестициялық ағындарды қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді. АХҚО 2015 жылғы желтоқсанда қабылданған «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес құрылды. АХҚО қаржы қызметтері мен капитал нарықтары саласында, оның ішінде бағалы қағаздар, банк қызметтері және исламдық қаржыландыру саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуды мақсат етеді. AFSA АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған заңды тұлға. Ол АХҚО-ның ережелері мен қағидаларын жүзеге асырады, нақтырақ айтқанда, қаржылық компаниялар мен нарық институттарын лицензиялауды, тіркеуді, аккредиттеуді және қадағалауды қамтамасыз етеді.