Нұр-Сұлтан Полиция департаменті жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып кеткен шенеуніктің ұлына қатысты оқиға қалай аяқталғанын айтты. Оған 30 мың теңге шамасында айыппұл салынған.
«30 сәуірде Түркістан көшесінде 2004 жылы туған кәмелетке толмаған баланы қағып кету дерегі бойынша сот-медициналық сараптама қорытындысы шықты. Оған сәйкес, 16 жастағы балада дене жарақаты анықталған жоқ. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың заңды өкілінен ЖКО дерегі бойынша жүргізушіге шағымдары жоқ екені және одан әрі тексеруден бас тартатыны туралы жазбаша өтініш келіп түсті», – деді департамент өкілі. Жүргізушіге қатысты ӘҚБтК-нің 600-бабы «Жаяу жүргіншілердің немесе жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жүруіне басымдық бермеу» бойынша әкімшілік іс қозғалды. Айыппұл 10 АЕК — 29 170 теңге. Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан тұрғыны Facebook-те 21 жастағы жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып, қашып кеткенін көргені туралы жазба жариялағаны хабарланған болатын. Ол көлік тізгінінде шенеуніктің ұлы болғанын айтқан еді. «Жай ғана жасырынған емес, фитнес-орталықтың маңына тұрақтап, одан әрі спортпен шұғылданбақ болды. Абырой болғанда, жақын маңда жүрген тағы бір қызбен оның есін жиып, жол полициясы мен зардап шеккен адамға жедел жәрдем шақырдық», – деп жазды ол. Кейін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Дамир Нұрғалиев Toyota көлігін тізгіндеген ұлы Нұр-Сұлтандағы жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып кеткенін растаған еді.А.ЕРСҰЛТАН