28 мамыр күні «Түркістаным–Тұраным» атты симпозиумға қатысқан суретшілердің туындылары қойылған көрме ашылды. Әлемдік деңгейдегі шығармалар жинақталған көрме Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің саммиті аясында өтті.
Аталған іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды. Көрмені өткізуге ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйытқы болып, Түркістан облысының әкімдігі қолдады. Іс-шараның мақсаты – түркітілдес халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты, мәдени байланысты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, түркітілдес мемлекеттердің белгілі суретшілерінің туындыларын насихаттау және бір-бірімен іс-тәжірибе, пікір алмасу. Одан кейін түркітілдес елдердің рухани астанасы Түркістанның түлегенін өнер тілімен суреттеу. Симпозиум барысында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сөз сөйлеп, суретшілерге сертификат тапсырып, дипломмен марапаттады. Іс-шарада шетел суретшілері атынан Қырғыз Республикасының халық суретшісі Юристанбек Шығаев пен Қазақстан суретшілері атынан Көркем академиясының академигі Ерлан Айтуаров сөз алып, көрменің маңызына тоқталды. Көрмеге қатысқан суретшілер 5 күн бойы 120-дан астам көз тартарлық туынды жазып, келген қонақтарды тәнті етті.Айбике ЖАНАСЫЛ