Біздің пойыздарды әлі күнге жайлы деу қиын. Көбінің сапасы сыртынан-ақ көрініп тұрған көне вагонына кірсең, ішкі жағдайы да Кеңес Одағын еске түсіреді. Себебі қазақстандық зауыттардың ескі вагондарды жөндейтін қауқары шамалы. Қажетті құрал-саймандары жеткіліксіз көрінеді. Сондықтан қазір шетелдерге теміржолмен қатынайтын жолаушылардың саны азайған. Мұндайда тонналарды тасымалдайтын жүк вагондарының сиқына саусақ шошайтпаса да болады.
Деңгей доңғалақ жөндеуге ғана жете ме?
1991 жылы біртұтас вагон шаруашылығы ыдырап, бұрынғы одақтас республикалардың аумағындағы теміржолдар жаңа тәуелсіз мемлекеттердің меншігіне берілген еді. Ал 1993 жылы барлық жүк вагондары ТМД елдерінің арасында бөліске түсті. Сол сәтте Қазақстан вагондарының инвентарлық паркі 105 мыңға жеткен-ді. Қазір тәуелсіз еліміздің дербес паркінде 34 мың жүк вагоны бар. Мысалы, Қазақстанның көпсалалы ірі холдингі «Қамқор Менеджментке» қарасты «Қамқор Вагон» ЖШС жыл сайын 15 мыңнан астам жүк вагоны мен 25 мың доңғалақты жөндейді екен. Кәсіпорын филиалы – «Павлодар вагон жөндеу депосы» базасында ұйымдастырылған Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағында алғашқы вагон-доңғалақ шеберханасы ашылған болатын. Оны іске асыруға 170 миллион теңге инвестиция салынған. «Қамқор Вагон» ЖШС-нің бірінші басшысы Сәкен Төлебаев ол қаржыға Павлодар вагон-доңғалақ шеберханалары доңғалақтардың жөндеу көлемін жылына 3 мың данаға дейін қамтамасыз ететінін алға тартты. «Қамқор Вагон» компаниясы 2021 жылы Қарағандыдағы вагон жөндеу депосында вагон-доңғалақ шеберханаларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Оған салынатын инвестиция көлемі – 200 миллион теңге. Сондықтан доңғалақтарды жөндеу көлемі жылына 5 мың данаға дейін ұлғайтылмақ. Жалпы, «Қамқор Вагон» компаниясы бүкіл Қазақстан бойынша вагон-доңғалақ шеберханаларын ашуға шамамен миллиард теңге бағыттайды», – дейді ол. Сондай-ақ вагон жөндеу деполарын дамытуға жыл сайын 500 миллион теңге инвестиция салынады екен. Ал еңбекті қорғау және қауіпсіздік шараларына шамамен 200 миллион аударылып тұрады. Бірақ әлгі доңғалақтары болмаса, оның үстіндегі вагондардың осынша бюджет қаржысын ақтап отырғанына сену қиын. Өйткені бізге жолаушыларды да, жүкті де тасымалдайтын «темір жәшіктерді» негізінен шетелдік мамандар жасап береді. Атап айтқанда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері Беларусь елінің Гомель қаласында күрделі жөндеуден өткен жолаушылар вагондарын көрсетті. Жөндеу барысында вагонның тұтас металл шанақ пен арба рамасы ғана қалып, басқа бөлшектері түгел жаңартылады. Ішіне бейнебақылау камерасы, кондиционер жүйесі, әрбір жолаушының отыратын орнында 220 Вт розетка, жолсерікті шақыруға арналған сигналдық түймешік, таза су құтылары, тоңазытқыш пен қысқа толқынды пеш орнатылған. Қысқасы, жылжымалы жатақхана деуге болады. Осылайша, кезең-кезеңімен жылына 100 вагонға дейін жаңартылмақ. Қазір ұлттық тасымалдаушы паркінде 2 200-ден астам вагон бар десек, оның ішінде «Тұлпар-Тальго» вагондарының саны – 670. Ал оның біреуін күрделі жөндеуден өткізу – 148 миллион, жаңасының құны – 400 миллион теңге. Былтыр жаңғыртудан өтуі тиіс 85 вагонды отандық зауыт емес, өзге 3 елдің компаниялары өзара бөлісіп алыпты. Оның себебін «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Асылхан Қалдыкөзов жөндеу сапасына талаптың күшейгенімен түсіндірді. «Қазақстанда вагон жөндейтін 3 компания бар. Оның ең ірісі – Алматы вагон жөндеу зауыты. Бірақ біздің зауыттардың шамасы сонша көлемді игеруге жетпей жатыр», – дейді ол. Сондықтан вагондарымыздың бір бөлігін Беларусь, екінші бөлігін Украина және үшінші бөлігін Ресей жаңғыртып беріп жатыр. «Бізде жыл сайын 100-ден астам вагон істен шығады. Олардың орнын толтыру үшін не жаңадан сатып алу керек, не ескілерін жаңғырту қажет. Сатып алайық десек, қаржылық мүмкіндігіміз шектеулі. Бір сәтте жүздеген вагонды сатып алу мүмкін емес. Сондықтан қосымша жаңғырту тәжірибесін қолданып келеміз», – дейді Асылхан Қалдыкөзов.Технология тұрмақ, техниканың тілін таппаппыз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек. Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады. Осы мақсатқа орай мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады» деген болатын. Алайда қазір елдегі зауыттардың ескі вагондарды өз күшімен жөндей алмайтынын сала мамандары растап отыр. Ол үшін вагон жөндеу ісінде слесарь, токарь, электрогазбен дәнекерлеуші, фрезеровші, бұрғылаушы сынды мамандарсыз іс бітпейтінін ескеру керек. Ал біздің вагондарды жөндеп беріп жатқан 3 елде алдымен шойын жолда шыңдалған сол мамандарды оқыту-тоқыту жағы жақсы жолға қойылған. Осылайша, білікті кадрлардың орны олқы соғып тұрғандықтан, 2019 жылы Екібастұздағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС жұмысын уақытша тоқтатты. Өндірістік қуаты жылына 2 мың ашық және 500 жабық жүк вагондарын шығаруға жетеді делінген оның өндірісі ресейлік бәсекелестеріне төтеп бере алмай қалған. Тапсырыстың азаюы салдарынан жұмысшылары жалақыдан қағылды. Зауыт директорының міндетін атқарушы Берікбай Әміржановтың айтуынша, жергілікті «Богатырь Транс» ЖШС жүк вагондарын Екібастұздан емес, Ресейден сатып алуға көшкен. Кәсіпорынның жандануына жалғыз маман тапшылығы емес, вагон құрастыратын аса қажет құрал-жабдықтардың, шойын құймалардың жоқтығы да қолбайлау болыпты. Бір қызығы, зауыт бұған дейін 2 жыл тоқтап қалып, 2016 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 18 миллиард теңге лизингтің арқасында қайта еңсе көтерген. Енді, міне араға 3 жыл салып, қайтадан «таз қалпына» түсіп отыр. Демек, анау миллиардтар ақталмаған. Одан бөлек, дәл сол жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанда жүк вагондарын шығару да тоқтатылғанын мәлімдеді. «Бұл секторда жүк вагондары өндірісінің құлдырауы байқалады. Төмендеу «ЗИКСТО» АҚ мен «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-не Ресейден үрмелі арқалықтың жеткізілмеуіне байланысты болып отыр. Біздің кейбір өнеркәсіптік кәсіпорындарымыздың басқа елдерден жеткізушілерге тәуелділігі осы кәсіпорындардың тұрақты жұмысына кері әсер етеді» делінген министрлік хабарламасында. Мұндайда вагонды сырттан сатып алуға тура келеді. Ескі пойыз паркін жаңарту өзекті мәселе екенін «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Питер Штрум да растап отыр. Бір сұхбатында ол ресейлік «Трансмашхолдингпен» арадағы келісімшарт негізінде су жаңа 146 вагон сатып алғанын айтқан. Сондай-ақ «Тұлпар» сол «Трансмашхолдинг» АҚ құрамына кіретін Тверь вагон жасау зауытынан 100 вагон жиынтығын алыпты. Айта кетсек, Тверь вагон жасау зауыты – Ресей мен ТМД елдері бойынша локомотив тартқышы бар жолаушылар пойыздарын жасап шығаруға мамандандырылған жалғыз кәсіпорын. Оның вагондары Ресей, Қазақстан, Беларусь, Латвия, Литва, Моңғолия, Мысыр теміржолдарында пайдаланылып жүр. Тіпті, тверьлік вагондардан тұратын пойыздар Хельсинки, Ницца, София, Белград, Варшава және Еуропаның басқа да қалалары арқылы өтетін халықаралық бағыттарға қатынайды екен. Демек, ондай заманауи жабдықталған толыққанды вагондар шетелдерге теміржолмен қатынайтын жолаушылардың саны күрт кеміген Қазақстан үшін әбден керек-ақ. Сол үшін біз Тверь зауытының вагон жиынтықтарын «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 2020-2029 жылдарға арналған жылжымалы құрамды жаңарту стратегиясы аясында сатып алып отырмыз. Осы уақытта жалпы 469 жаңа жолаушы вагоны және 26 электрстанса-вагонын алу жоспарланған. Енді еліміздегі вагон жасау зауыттарын «аты бар да заты жоқ» етпей, инвестицияны нақты игере алатын шамасына сай құйып, өндіріс өрісін кеңірек насихаттай білуіміз керек-ау...Еркеғали БЕЙСЕН