Робот-сот елімізге әділдік орната ала ма?
Робот-сот елімізге әділдік орната ала ма?

Жасанды интеллект жан-жақты «жалмап» барады. Әр саладан орнын тауып келе жатқан робот сот жүйесіне де жет­т­і. Енді әділ шешім шы­ғару­ға темір-соттар көмек­те­сетін болды. Әлемдік тренд­тен Қазақстан да қалыспауға бекінген сыңайлы. Өйткені Жоғарғы Соттың биылғы бекіткен жос­­парының ішінде жасанды интеллектіні сот процестеріне қа­тыстыру бар екенін байқадық. Арнайы әзір­ленген алго­­ритм­дер ар­қылы робот ұқсас істерді қа­рап шығып, тіркеп, сарап­тама жасауды мойнына ала­ды. Әйтсе де, нүк­тесін қоя­тын — сот. Саладағы соңғы кезде көбейіп кеткен жем­­қор­лық, әді­летсіздікті азайтуға бұл бастаманың әсері бола ма? Өзге ел­дердің тәжірибесі­нен не ұға аламыз? Қандай артық­­­шы­лықтары мен кемші­ліктері бар?

Осыдан екі жыл бұрын KLF-2019 атауымен заңгерлік форум өткен еді. «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасының сол кездегі басқарма төрағасы Рүстем Жүр­сінов Жоғарғы Сотпен бірлесіп, Жол картасы аясында сот ше­шім­дерін іздеу және болжаумен ай­налысатын жасанды ин­тел­лектіні енгізу туралы қанатқақты жоба әзірленіп жатқанын ха­­барлаған. «Бірінші кезекте, бұл соттың жұ­мысын жеңілдету үшін жаса­­­­­­лып отыр. Күнделікті күйбеңді азай­тып, даулы мәселелерді қа­рауға көбірек көңіл бөлуге мүм­кіндік береді» деген еді Жүрсінов. Ал енді жұ­мыстың қалай жүр­гізілетінін тал­дап көрсек. Бізге белгілі ақ­парат көп емес. Біле­тініміз, қазір базаға 2 миллионнан астам аза­маттық дауға қатысты сот ак­тілері енгі­зіл­ген. Компьютерлік жүйе сол мил­лиондаған істің ішінен шертіп тұ­рып, ұқсасын тауып береді. Міне, алдағы уақытта соттардың сондай смарт-кө­мекшілері пайда болады. Бұл дегеніміз – соттың уа­қы­тын үнемдейтіні рас. Өйткені ұқсас істерді, онда қабылданған ше­шімдерді іздестіруге роботты жұм­сап қойып, ол уақытта маңыз­дырақ әрі күрделірек өзге істі қа­рауға мүмкіндік туады. Бүгінде соттар онсыз да ұқсас істерді шо­лып шығады. Ал енді мұндай жеңілдік жасалса, оған бар бол­ғаны әділ шешім шығару ғана қалады деген сөз. Өйткені робот оған дейінгі шаруаның біразын шешіп береді. Әлбетте, жансыз жүйенің аты — жансыз жүйе. Ол адамға теңесе алмауы мүмкін. Сондықтан қыл­мыстық не аза­маттық істерді қараумен робот айналыспайды. Ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату, елден шығуға тыйым салу, алименттерді өндіру сынды қа­рапайым істерді қарайды. Себебі мұндай жағдайда адами фактордың аса қажеті жоқ. Болжам бойынша, жасанды интеллект жылына 400 мың­­ға жуық сот актісіне қа­тысты шешім шығаруда көз қырын салады деседі.

Параға — тосқауыл, сотқа — көмекші

Заңгер Ләззат Ахатова жа­сан­ды интеллектінің сот жұ­мысын ра­сында жеңілдететінін, бірақ істің санатына да көп нәрсе бай­ланысты екенін айтып отыр. «Ме­ніңше, роботқа «бас жара­тын» іс­терді тапсырмайды. Айта­лық, сани­тарлық нормаларға сай бол­май, дүкеннің не шашта­раз­дың жұмы­сын уақытша тоқ­тату деген сияқты жеңіл әкім­шілік істерді қараса болады. Яғни, «ар­ба да сынбайтын, өгіз де өл­мей­тін» істерді адам қа­рады не, жа­санды интеллект қа­рады не — айыр­машылығы жоқ. Бұл қайта сот­тардың ісін жеңіл­детеді. Жалпы алғанда, істердің кате­гориясын нақтыламайынша қан­дай да бір баға бере алмаймын. Әр істің ерекшелігі болады. Бар­лығын бір ізбен қарауға бол­майды. Түрлі тағдыр, түрлі жағ­дай де­гендей. Содан соң заңна­мада судья шешім шығарарда ішкі түйсігін, сенімін негізге ала­тыны туралы баптар бар. Адами факторды алып тас­таса, жа­санды интеллектте қай­дағы ішкі түйсік? Адам тағ­ды­рына, кәсібіне, оның жеп отыр­ған на­нына тікелей бай­ланысты істер болса, тек адам қарау керек деп есептеймін», – дейді маман. Тағы бірнеше заңгерге хабарласып, бұл бастамаға қатысты ойын сұра­ғанымызда енгізіл­мейін­ше жақ­сы не жаман деу қиын деу­мен шек­телді. Демек, уақыт өте біраз нәр­се белгілі болады. Кем­шілік те, ар­тықшылық та су бетіне бір­тіндеп қалқып шығады.

Бұл дегеніміз – соттың уа­қы­тын үнемдейтіні рас. Өйткені ұқсас істерді, онда қабылданған ше­шімдерді іздестіруге роботты жұм­сап қойып, ол уақытта маңыз­дырақ әрі күрделірек өзге істі қа­рауға мүмкіндік туады.

Роботтың сезімі мен жаны жоқ болғандықтан, оны құдды қатаң, заңды аттап өтпейтін киберсот­тың бейнесінде елестетуге болатын сыңайлы. Ал жасанды интеллек­ті­ге сіздің қалтаңыздағы қаражат қызық емес. Ол анық әрі айқын көрініске ғана баға береді. Демек, бұл ретте саланың біршама тәр­тіптеліп қа­луына, ұсақ-түйек іс­тердің болса да әділетті нүктесі қойылатынына үл­кен үміт артуға болады.

Азаматтарға қандай пайдасы бар?

Айтпақшы, мұндай жасанды интеллектінің соттан бөлек, қа­рапайым азаматтарға да көмегі тиеді екен. Өйткені алдағы уақытта кәсіби заңгерге қаражат шы­ғын­дамай-ақ, сотқа шағым берген жағдайда жеңу ықтималы қанша пайыз екенін өзі-ақ есептей алатын болады деседі. Ол қалай десеңіз, айтайық. Мәселен, сотқа шағым түсіруді жоспарладыңыз. Қолда бар деректің бәрін ақпараттық жүйеге жүктеп, бірнеше сұраққа жауап бересіз. Сөйтіп, соңында жеңіс не жеңілістің пайызын шамамен есеп­теп береді. Яғни, механизмнің ың­ғайлы тұсы сол, қаражатты да, уақытты да үнемдеуге болады. Ай­талық, жеңу ықтималыңыз 30 пайыз ғана болса, демек барған күннің өзінде жеңуіңіз неғайбіл деген сөз. Ол жерде адам аралас­пағандықтан, бәрі нақты, заң жүзінде қарасты­рылады. Мысалы, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрар­дың алдында жүйеге салып тексеріп алған артық бол­майды. робот сот Жағымды әсерден үмітті екенімізді жасырмаймыз. Бірақ Қазақстандағы адам өмірін жеңіл­дету мақсатында енгізілген көп жаңалықтың керісінше күйге түсіріп жатқанын көзіміз көріп отырған соң, айтпай кетсек тағы болмас. Мысалы, мұғалімнің жүктемесін азайтады, бала мен ата-анаға таптырмас құрал болады деп сендірген мақтаулы «Күнделіктің» әуре-сарсаңын еске түсіріңіз. Одан қала берді, бәрі базада анық көрініп тұрады, науқастар арлы-берлі жүріп шаршамайды, дәрігерлерге тіпті оңай болады деген «ДамуМед» ше? Сапасы сын көтермей жатқан мұндай диджитал технология аз емес. Сот жүйесіндегі ақылды көмекші, азаматтарды артық ақша шығындаудан аман алып қалатын ақпараттық жүйенің жан-жақты қарастырылып, сәтті енгізілгені қайсыбіріміз үшін болса да маңызды.

Әлемдік тәжірибелерге талқы

Жә, жағымсыз ойды ысырып қойып, бұл технологияны бізден бұрын енгізген елдердің тәжіри­бесін шолып көрелік. Былтыр пан­демия кезінде жарты жылдай уақытқа тоқтатылғанымен, кейін­нен қайта жалғасқан біздегідей қанатқақты жоба Нью-Йоркте де қолға алынғанына біраз болды. Сот жүйесінде жасанды интел­лектіні пайдаланғандағы басты мақсат — жергілікті түрмелерге түсетін сал­мақты азайту. Аме­рикада кішігірім қылмыс үшін немесе соттардың шектен тыс консерванттық көз­қа­расының кесірінен түрмеге түс­кендер көп деседі. Сөйтіп, 2017 жылы сот ісінде реформа жасау қолға алы­нады. Екі тәуелсіз зерттеу ком­паниясының қолына 1,6 млн қылмыстық іс беріледі. Оның ішінде тергеудегі адамдар жайлы барлық ақпарат бар: тұратын жері, ұлты, көшесі, жасы, қандай істерге қатысы болды және т.б. Нәти­же­сінде, кредит беру-бермеуді ма­құл­дайтын бағалау рейтингіне ұқ­сас жүйе жасалған. Бір айта кетерлігі, бұған дейін де АҚШ-та мұндай жобалар болған. Бірақ ол уақытта ақтар мен қа­раларды кепіл қою арқылы босату жағы дұрыс жасалмады делінген еді. Мысалы, 2014 жылы Нью-Джерсиде осындай жоба қолға алынған кезде, түрмелердің жар­тысы босап, жақсы әсер бер­ге­німен, нәсіліне қарай бөлу мә­селесін шеше алмаған болатын. Неге жүйе идеал бола алмай тұр? Өйткені мұрағатта адам жайлы толық ақпарат болады. Ал оған сәйкес, оның әлгі жүйедегі рейтингі де нашар болып көрінеді. Бір жақсысы, жобаны жүргізген Pretrial Justice Institute үкіметтік емес ұйымы қатесін мойындап, алго­ритмінің дұрыс жасалмағанын мәлімдеген. Міне, осы жағынан ескерсек, сот жүйесінде жасанды интеллектіге бағалауды сеніп тап­сыру қиын. Яғни, сотқа дейінгі бағалау кезінде теңқұқылы шешім қабылдау құралы бола алмауы мүмкін. 2019 жылдың соңында қы­тай­лық билік Жоғарғы халық со­тының саяси құжатының жаңа нұсқасын таныстырған. Ол жерде «киберсот» лауазымы ресми түрде тіркелді. Бұл — жасанды интеллект пен аудио синтезінен тұратын кешенді жүйе. Мобайл сот дид­жи­тал мәсе­лелерді шемішкеше ша­ғады екен. Яғни, ол авторлық құқық не элек­тронды сауда сияқты істерді қарайды. Бірыңғай видео­чатқа қосылған процесс қаты­сушылары цифрлық аватары бар киберсотпен сөйлеседі. 2017 жылы жасалған робот сынақ кезінде үш мил­лион­нан астам отырысқа қатысқан. Мұны енгізудегі басты мақсат –Қытайдағы қарқынды дамып келе жатқан мобайл тө­лемдер мен диджитал келіс­сөз­дерге қатысты сот істерін цифр­ландыру. Жалпы алғанда, заман дамыған сайын роботтар барлық салада адамның орнын басып жатқанын көріп отырмыз. Сот жүйесіне де келері анық еді. Дамыған елдерде еніп үлгерді. Соттан бөлек, Еуро­пада қазіргі таңда робот-қор­ғау­шылар сынақтан өткізіліп жатса, Америка Құрама Штат­та­рында сотталу­шыларды қорғауға кірісіп кеткен. Сондықтан көңілге көп күдік сала берумен іс бітпейді. Бәлкім, белгілі бір әрекеттерге бай­ланысты дәл шешім шы­ға­ратын киберсоттар арқылы әді­летсіз азайып қалар. Дегенмен сот про­цесінде төрелікті темірге тү­гелдей тапсыруы екіталай. Әрі әлгі ал­горитмді жасайтын та­рап­тың да салқынқанды, еш жаққа бүйрегі бұрмайтынына кім кепіл? Біреудің кесірі біреуге тиіп, онсыз да оңа­луын тілеп жүрген салаға олқылық қосылмаса болғаны.

Жадыра АҚҚАЙЫР