Жасанды интеллект жан-жақты «жалмап» барады. Әр саладан орнын тауып келе жатқан робот сот жүйесіне де жетті. Енді әділ шешім шығаруға темір-соттар көмектесетін болды. Әлемдік трендтен Қазақстан да қалыспауға бекінген сыңайлы. Өйткені Жоғарғы Соттың биылғы бекіткен жоспарының ішінде жасанды интеллектіні сот процестеріне қатыстыру бар екенін байқадық. Арнайы әзірленген алгоритмдер арқылы робот ұқсас істерді қарап шығып, тіркеп, сараптама жасауды мойнына алады. Әйтсе де, нүктесін қоятын — сот. Саладағы соңғы кезде көбейіп кеткен жемқорлық, әділетсіздікті азайтуға бұл бастаманың әсері бола ма? Өзге елдердің тәжірибесінен не ұға аламыз? Қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?
Осыдан екі жыл бұрын KLF-2019 атауымен заңгерлік форум өткен еді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сол кездегі басқарма төрағасы Рүстем Жүрсінов Жоғарғы Сотпен бірлесіп, Жол картасы аясында сот шешімдерін іздеу және болжаумен айналысатын жасанды интеллектіні енгізу туралы қанатқақты жоба әзірленіп жатқанын хабарлаған. «Бірінші кезекте, бұл соттың жұмысын жеңілдету үшін жасалып отыр. Күнделікті күйбеңді азайтып, даулы мәселелерді қарауға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді» деген еді Жүрсінов. Ал енді жұмыстың қалай жүргізілетінін талдап көрсек. Бізге белгілі ақпарат көп емес. Білетініміз, қазір базаға 2 миллионнан астам азаматтық дауға қатысты сот актілері енгізілген. Компьютерлік жүйе сол миллиондаған істің ішінен шертіп тұрып, ұқсасын тауып береді. Міне, алдағы уақытта соттардың сондай смарт-көмекшілері пайда болады. Бұл дегеніміз – соттың уақытын үнемдейтіні рас. Өйткені ұқсас істерді, онда қабылданған шешімдерді іздестіруге роботты жұмсап қойып, ол уақытта маңыздырақ әрі күрделірек өзге істі қарауға мүмкіндік туады. Бүгінде соттар онсыз да ұқсас істерді шолып шығады. Ал енді мұндай жеңілдік жасалса, оған бар болғаны әділ шешім шығару ғана қалады деген сөз. Өйткені робот оған дейінгі шаруаның біразын шешіп береді. Әлбетте, жансыз жүйенің аты — жансыз жүйе. Ол адамға теңесе алмауы мүмкін. Сондықтан қылмыстық не азаматтық істерді қараумен робот айналыспайды. Ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату, елден шығуға тыйым салу, алименттерді өндіру сынды қарапайым істерді қарайды. Себебі мұндай жағдайда адами фактордың аса қажеті жоқ. Болжам бойынша, жасанды интеллект жылына 400 мыңға жуық сот актісіне қатысты шешім шығаруда көз қырын салады деседі.Параға — тосқауыл, сотқа — көмекші
Заңгер Ләззат Ахатова жасанды интеллектінің сот жұмысын расында жеңілдететінін, бірақ істің санатына да көп нәрсе байланысты екенін айтып отыр. «Меніңше, роботқа «бас жаратын» істерді тапсырмайды. Айталық, санитарлық нормаларға сай болмай, дүкеннің не шаштараздың жұмысын уақытша тоқтату деген сияқты жеңіл әкімшілік істерді қараса болады. Яғни, «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» істерді адам қарады не, жасанды интеллект қарады не — айырмашылығы жоқ. Бұл қайта соттардың ісін жеңілдетеді. Жалпы алғанда, істердің категориясын нақтыламайынша қандай да бір баға бере алмаймын. Әр істің ерекшелігі болады. Барлығын бір ізбен қарауға болмайды. Түрлі тағдыр, түрлі жағдай дегендей. Содан соң заңнамада судья шешім шығарарда ішкі түйсігін, сенімін негізге алатыны туралы баптар бар. Адами факторды алып тастаса, жасанды интеллектте қайдағы ішкі түйсік? Адам тағдырына, кәсібіне, оның жеп отырған нанына тікелей байланысты істер болса, тек адам қарау керек деп есептеймін», – дейді маман. Тағы бірнеше заңгерге хабарласып, бұл бастамаға қатысты ойын сұрағанымызда енгізілмейінше жақсы не жаман деу қиын деумен шектелді. Демек, уақыт өте біраз нәрсе белгілі болады. Кемшілік те, артықшылық та су бетіне біртіндеп қалқып шығады.Бұл дегеніміз – соттың уақытын үнемдейтіні рас. Өйткені ұқсас істерді, онда қабылданған шешімдерді іздестіруге роботты жұмсап қойып, ол уақытта маңыздырақ әрі күрделірек өзге істі қарауға мүмкіндік туады.
Роботтың сезімі мен жаны жоқ болғандықтан, оны құдды қатаң, заңды аттап өтпейтін киберсоттың бейнесінде елестетуге болатын сыңайлы. Ал жасанды интеллектіге сіздің қалтаңыздағы қаражат қызық емес. Ол анық әрі айқын көрініске ғана баға береді. Демек, бұл ретте саланың біршама тәртіптеліп қалуына, ұсақ-түйек істердің болса да әділетті нүктесі қойылатынына үлкен үміт артуға болады.Азаматтарға қандай пайдасы бар?
Айтпақшы, мұндай жасанды интеллектінің соттан бөлек, қарапайым азаматтарға да көмегі тиеді екен. Өйткені алдағы уақытта кәсіби заңгерге қаражат шығындамай-ақ, сотқа шағым берген жағдайда жеңу ықтималы қанша пайыз екенін өзі-ақ есептей алатын болады деседі. Ол қалай десеңіз, айтайық. Мәселен, сотқа шағым түсіруді жоспарладыңыз. Қолда бар деректің бәрін ақпараттық жүйеге жүктеп, бірнеше сұраққа жауап бересіз. Сөйтіп, соңында жеңіс не жеңілістің пайызын шамамен есептеп береді. Яғни, механизмнің ыңғайлы тұсы сол, қаражатты да, уақытты да үнемдеуге болады. Айталық, жеңу ықтималыңыз 30 пайыз ғана болса, демек барған күннің өзінде жеңуіңіз неғайбіл деген сөз. Ол жерде адам араласпағандықтан, бәрі нақты, заң жүзінде қарастырылады. Мысалы, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрардың алдында жүйеге салып тексеріп алған артық болмайды.Әлемдік тәжірибелерге талқы
Жә, жағымсыз ойды ысырып қойып, бұл технологияны бізден бұрын енгізген елдердің тәжірибесін шолып көрелік. Былтыр пандемия кезінде жарты жылдай уақытқа тоқтатылғанымен, кейіннен қайта жалғасқан біздегідей қанатқақты жоба Нью-Йоркте де қолға алынғанына біраз болды. Сот жүйесінде жасанды интеллектіні пайдаланғандағы басты мақсат — жергілікті түрмелерге түсетін салмақты азайту. Америкада кішігірім қылмыс үшін немесе соттардың шектен тыс консерванттық көзқарасының кесірінен түрмеге түскендер көп деседі. Сөйтіп, 2017 жылы сот ісінде реформа жасау қолға алынады. Екі тәуелсіз зерттеу компаниясының қолына 1,6 млн қылмыстық іс беріледі. Оның ішінде тергеудегі адамдар жайлы барлық ақпарат бар: тұратын жері, ұлты, көшесі, жасы, қандай істерге қатысы болды және т.б. Нәтижесінде, кредит беру-бермеуді мақұлдайтын бағалау рейтингіне ұқсас жүйе жасалған. Бір айта кетерлігі, бұған дейін де АҚШ-та мұндай жобалар болған. Бірақ ол уақытта ақтар мен қараларды кепіл қою арқылы босату жағы дұрыс жасалмады делінген еді. Мысалы, 2014 жылы Нью-Джерсиде осындай жоба қолға алынған кезде, түрмелердің жартысы босап, жақсы әсер бергенімен, нәсіліне қарай бөлу мәселесін шеше алмаған болатын. Неге жүйе идеал бола алмай тұр? Өйткені мұрағатта адам жайлы толық ақпарат болады. Ал оған сәйкес, оның әлгі жүйедегі рейтингі де нашар болып көрінеді. Бір жақсысы, жобаны жүргізген Pretrial Justice Institute үкіметтік емес ұйымы қатесін мойындап, алгоритмінің дұрыс жасалмағанын мәлімдеген. Міне, осы жағынан ескерсек, сот жүйесінде жасанды интеллектіге бағалауды сеніп тапсыру қиын. Яғни, сотқа дейінгі бағалау кезінде теңқұқылы шешім қабылдау құралы бола алмауы мүмкін. 2019 жылдың соңында қытайлық билік Жоғарғы халық сотының саяси құжатының жаңа нұсқасын таныстырған. Ол жерде «киберсот» лауазымы ресми түрде тіркелді. Бұл — жасанды интеллект пен аудио синтезінен тұратын кешенді жүйе. Мобайл сот диджитал мәселелерді шемішкеше шағады екен. Яғни, ол авторлық құқық не электронды сауда сияқты істерді қарайды. Бірыңғай видеочатқа қосылған процесс қатысушылары цифрлық аватары бар киберсотпен сөйлеседі. 2017 жылы жасалған робот сынақ кезінде үш миллионнан астам отырысқа қатысқан. Мұны енгізудегі басты мақсат –Қытайдағы қарқынды дамып келе жатқан мобайл төлемдер мен диджитал келіссөздерге қатысты сот істерін цифрландыру. Жалпы алғанда, заман дамыған сайын роботтар барлық салада адамның орнын басып жатқанын көріп отырмыз. Сот жүйесіне де келері анық еді. Дамыған елдерде еніп үлгерді. Соттан бөлек, Еуропада қазіргі таңда робот-қорғаушылар сынақтан өткізіліп жатса, Америка Құрама Штаттарында сотталушыларды қорғауға кірісіп кеткен. Сондықтан көңілге көп күдік сала берумен іс бітпейді. Бәлкім, белгілі бір әрекеттерге байланысты дәл шешім шығаратын киберсоттар арқылы әділетсіз азайып қалар. Дегенмен сот процесінде төрелікті темірге түгелдей тапсыруы екіталай. Әрі әлгі алгоритмді жасайтын тараптың да салқынқанды, еш жаққа бүйрегі бұрмайтынына кім кепіл? Біреудің кесірі біреуге тиіп, онсыз да оңалуын тілеп жүрген салаға олқылық қосылмаса болғаны.Жадыра АҚҚАЙЫР