Сот соттала ма?
Сот соттала ма?
172
оқылды

Қарағанды қаласында үйінен 10 мың еуро және 3 млн теңге табылған судьяға қатысты қылмыстық іс жүріп жатыр. Қазыбек би аудандық сотында прокурорлар «алаяқтық жасап, пара беруге арандатқаны үшін» деп айыпталған судья Ержан Ғабдуллинге қатысты сот процесі басталды. Бұл соттардың өзі емес,  қылмыскер отыратын орындықта отыруы бірінші жағдай емес...

Айыппен келіспейді

Бұл іс бойынша «Оливия»  құрылыс компаниясының заңгері Елена Кантер-Скрипкинаға да айып тағылған. Ол «пара беруге оқталғаны үшін»  сотқа тартылып отыр. Екеуі де Қарағандыдағы тергеу изоляторында қамауда.21 мамырда прокурорлар айыптау актісін оқыды. Айыптау тарабының айтуынша, судья Ғабдуллин 8 млн теңге сыйақы үшін «Оливия»  құрылыс компаниясының пайдасына қарай сот шешімінің қабылдануына ықпал етуге тырысқан. «Оливия» ЖШС 2020 жылы Қарағандыда тұрғын үй салу бойынша мемлекеттік сатып алу байқауының әділетсіз өткенін мәлімдеп, жергілікті билікті сотқа берген. Компания атынан сенімхат негізінде әрекет еткен заңгер Елена Кантер-Скрипник байқау нәтижесін заңсыз деп танытуға күш салған. Артынша судья Ғабдуллин «Оливия» компаниясының шағымы негізінде биліктің үстінен азаматтық іс қозғаған. Сол күні дәл осы серіктестік шағымы негізінде судья Майпасов тағы бір іс қозғаған. Кейін екі іс бір өндіріске біріктірілген. – Судья Ғабдуллин жауапты мемле­кеттік қызмет атқара отырып, қызметтік өкілетін пайдаланып, ауыр қылмыс жасады. Заңгер Кантер өзі жақсы білетін судья Ғабдуллинге хабарласып, «Оливия» ЖШС-інің пайдасына қарай сот шешімін шығаруға ықпал етуді өтінген. Апел­ляциялық инстанса кезінде де судья Ғабдуллиннің қолдауына үміт артқан. 2020 жылы желтоқсан айында судья Ғабдуллин 8 млн теңге ақшалай сыйақы берсе, өтінішті орындайтынын айтқан. Олар ақша сот шешімі шыққаннан кейін табыс­талады деп келіскен. Телефон әңгімесі мен жазбаларында олар ақша сөзін «анализ» сөзімен ауыстырып отырған, – деді мемлекеттік айыптаушы. Алғашқы инстансада компанияның шағымы жартылай қанағаттандырылған, тұрғын үй салу бойынша жасалған келісімдер жарамсыз деп танылған. Кейін апелляция болып, жауапкер жағы шешімді сотқа берген. Сот процесі онлайн өтуде. Сотта Ғаб­дуллин тағылған айыптарды мойын­дамайтынын және айыптау жағы белгілеген квалификациямен келіспейтінін жеткізді. Ал екінші айыпталушы айыпты мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты.

Құтылып кетті

Қарағандыда судьяның іс-әрекетіне қатысты дау-дамай шықты. Бұл жолы сезіміне ерік берген облыстық соттың судьясы Тотай Ерімбетов көзге түсті. Судья сот процесіне қатысқан әйел адамға ғашық болып қалса керек, оған қоңырау шалып, SMS хабарлама жазып,  мазасын алыпты.  «Судья  қыр соңымнан қалмады» деген әйел адам 2019 жылдың 9 желтоқсанында шағым жазыпты. Ол арызын Қазақстан  Судьялар одағы­ның Қарағанды филиалы судья әдебі жөніндегі комиссияның отырысында қарасын  деген өтініш білдіріпті. Шағымды арызданушы мен оның өкілінің және  судья Тотай Ерімбетов қатысқан жиында комиссия арнайы қарады. Судьялық Әдеп кодексі талаптары­ның бұзылу фактісі анықталған болатын. «Судьяның судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау фактісі танылған жағдайда  комиссия талқылаумен шектелу­ге немесе қоғамдық мін тағуға құқылы. Бұл жағдайда комиссия тарапынан қоғамдық мін тағу туралы шешім қабылданған»  деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз қызметі. Шығарылған шешімге қатысты судья Тотай Ерімбетовтен және арызданушыдан екінші рет шағым түспеген. Осылайша, әдепсіз қылығы жұртқа жария болған судья қоғамдық мін тағу айыбымен құтылды. Ет сасыса, тұз сепкен қазақ, «тұз сасыса,  не себемін?» деп уайымдаса керек. Ал айыпталушының қылмысқа қатысы «бар ма, жоқ па?» деп бас қатырып үкім шығарушы соттың өзі сол орында отырса не айтуға болады? Бір сотымыз қоғамдық айыппен ғана құтылса, екінші судья қайтер екен? Соттала ма, әлде...  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы