Қыздарымыз жарап тұр, жігіттер қайтер екен?
Қыздарымыз жарап тұр, жігіттер қайтер екен?
127
оқылды

Бокстан Дубай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионаты Қазақстан ерлер құрамасы үшін сәтті бастала қоймады. Өкінішке қарай, 56 келідегі отандасымыз Махмұд Сабырхан алғашқы кездесуінде-ақ төрешілер шешімімен жеңілді.

Сабырхан бірінші айналымда Үндістан өкілі Мохаммад Хуссам Уддинмен кездескен. Тартысты жекпе-жек қазақстандық боксшының басымдығымен өткеніне қарамастан  төрешілер 5:0 есебімен жеңісті үнділік спортшыға берді. Сөйтіп, Қазақстан командасындағы жүлдеден үмітті боксшылардың бірі турнирден бірінші айналымда шығып қалды. Қазақстан сапынан 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Закир Сафиуллин де құрлықтық бірін­шіліктегі жорығын ерте аяқтады. Моңғолиялық Баатарсухийн Чинзориг есебімен кездескен ол 4:1 есебімен жеңілді. Әп дегеннен екі бірдей боксшымыздың жеңіліс табуы құрама жігіттері үшін ауыр соққы болды. Есесіне 52 келіде жұдырықтасқан тағы бір оғланымыз Сәкен Бибосынов Шри-Ланка өкілі Ласинда Эранданы 5:0 есебімен жеңді. 69 келідегі құрама үздігі Абылайхан Жүсіпов ширек финалда тартысты жекпе-жек көрсетті. Жергілікті боксшы Хусейн Аль-Кандариді 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңген ол жартылай финалға жолдама алды. Одан кейін Дубай шаршы алаңына шыққан қазақстандық Әбілхан Аманқұл да командаластарының ізін жалғады. 75 келіде сынға түскен отандасымыз үндістандық Ашиш Кумарды 3:2 есебімен қапы қалдырды. 91 келіге дейінгі салмақта жарыс фавориті саналған қазақстандық Василий Левит те жартылай финалға шықты. Ол ширек финалда «Астана Арланстың» бұрынғы бокс­шы­сы ирандық Эхсан Рузбаханиді 4:1 ұпайымен сан соқтырды. 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін үздік боксшыларымыздың бірі, болашағынан көп үміт күттірген былғары қолғап шебері Бекзат Нұрдәулетовтің бұл сында жолы бол­мады. Шаршы алаңда басымдылықты қарсы­ласына беріп қойған Бекзат ширек финалдық айқаста ирандық Мейсама Гешлагиден 4:1 есебімен жеңілді. Бұл салмақта Бекзаттан үміт күт­кендер көп еді. Тіпті, бірқатар бокс маман­дарының өздері жарыс басталмай тұрып жеңісті алдын ала біздің боксшыға беріп қойған. Бірақ турнир кезінде жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Ал құрамадағы тәжірибелі боксшылардың бірі әрі Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев жеңісті жолынан жаңылған жоқ. 91 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғаған капитан ширек финалда үндістандық Нарендерді айқын басымдылық­пен (5:0 есебімен) ұтты. Осылайша, Дубайдағы Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құра­масы­нан жартылай финалға 6 боксшымыз жолдама алды. Финалға өту үшін 49 келіде Даниял Сәбит Марк Лестер Даренспен (Филиппин) жұ­дырықтасады. 52 келі салмақта Сәкен Бибо­сынов Үндістан боксшысы Амитпен, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов моңғол боксшысы Батту­мур Мишелтпен, 75 келіде Әбілхан Аманқұл ирандық Сейдшанин Мусавимен қолғап түйістіреді. 91 келі салмақ дәрежесінде Василий Левит қырғыз боксшысы Рустам Ырыс­бекұлымен, +91 келі салмақта Қамшыбек Қоң­қа­баев ирандық боксшы Поурия Амиримен шеберлік байқасады. Құрлықтық турнирдегі қазақстандықтар үшін ең маңызды қарсылас дәстүр бойынша Өзбекстан құрамасы саналады. Өзбек боксшы­ларының қаншалықты қарымды қарсылас екенін біздің бапкерлер мен боксшылар жақсы біледі. Дегенмен кейінгі кезде Азиядағы өзге мемлекеттердің де боксқа ерекше көңіл бөле бастағанын байқауға болады. Бокстан Қазақ­стан ерлер ұлттық құрамасының аға жаттық­тырушысы Ғалымбек Кенжебаев Азия чем­пионатында әлсіз қарсыластың жоқ екенін, біздің боксшыларға еш босаңсуға болмайтынын қаперге салды. бокс – Әрине, біз үшін алдағы Олимпиада ойын­дарының маңызы жоғары. Үлкен жарыс алдын­да бұл турнирді де сәтті аяқтағымыз келеді. Азия чемпионаты бүгінде үздік турнирлердің біріне айналып үлгерді. Өзбекстан өкілдерінен бөлек үндістандық боксшылардың да деңгейі біршама көтерілген. Одан бөлек, Таиланд, Филип­пин, Оңтүстік Корея, Қытай, Олимпиада қожайындары Жапония боксшылары да еш­кім­нен кем емес. Сондықтан бұл сында бәсеке­лестік өте жоғары, – дейді бас бапкер. Белгілі қазақстандық боксшы, Халық­аралық IBA кәсіпқой Әлем чемпионы Марат Мәзімбаев Азия чемпионатында ерлер құрама­сы кем дегенде үш алтын алады деп болжам жасады. Бокс маманының жорамалы қан­шалықты сәйкес келетінін жартылай финалдық кездесулер анықтап беретін сыңайлы. Одан кейін де финалдық бәсекеде біздің саңлақтарға оңайға түсе қоймас. Әзірге қыздарымыз жарап тұр. Дубайдағы финалда Ерік Алғабектің тоғыз шәкірті сынға түседі. 54 келідегі Дина Жоламан мен үндістан­дық Сакши арасындағы кездесу 2:3 есебімен қарсылас пайдасына аяқталған болатын. Алайда қазақстандық тарап шағым түсіріп, кездесу нәтижесі қайта қаралды.  «Біз шағым түсірген соң төрешілер әділ шешім қабылдап, жеңіс қазақстандық спортшыға берілді» делінген федерация хабарламасында.  Соңғы шешім қабылданғаннан соң Дина Жоламан Қазақстан сапынан финалға шыққан тоғызын­шы спортшы атанып шыға келді. Осы орайда біз финалға жолдама алған қыздарымызға тоқталып өткенді жөн санап отырмыз. 60 келідегі Римма Волосенко үндіс­тандық Симранжит Бахтты жеңіп, финалға жолдама алды. 64 келідегі Милана Сафронова өзбекстандық Мохинабуду Абдуллаевадан басым түсті. Өкінішке қарай, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова Өзбекстан өкілі Мавлуда Мауленова­дан жеңіліп, турнирдің қола жүлдегері атанды. 57 келіде сынға түскен отандасымыз Владислава Кухта тағы бір үндістандық боксшы Жасейминмен жұдырықтасқан болатын. Тартысты жекпе-жекте Кухта жеңіске жетіп, алтынға таласатындар қатарын толықтырды. 48 келідегі Алуа Балқыбекова үндістандық Мониканы жеңіп, ақтық сынға өтті.  Сондай-ақ 51 келіде жұдырықтасқан Назым Қызайбай шри-ланкалық қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Назым да турнирдің финалында бақ сынайды. Осылайша, әуесқой бокстан БАӘ-де өтіп жатқан Азия чемпионатында қыздарымыз жүлде алу жағынан жетістіктерін (2010 жылы 8 медаль, биыл 10 медаль) жаңартты. 9 қыз финалға шықса, 1 спортшымыз қола жүлдегер атанды. Ендігі кезек ерлер құрамасында. 6 боксшымыз финалға шығуға ұмтылыс жасап көреді. Олардың шамасын шаршы алаңда байқаймыз. Айта кетейік, бұл жарысқа басты фаворит­тердің бірі саналған Қытай құрамасы (2019 жылы – 6 алтын), одан бөлек Тайвань (2019 жылы – 1 алтын) мен Солтүстік Корея (2019 жылы – 1 алтын) мемлекеттері қатысқан жоқ. Негізі, биыл Әлем чемпионаты Үндістанда өтуі тиіс болатын. Ол жақтағы эпидахуалға байланысты жарыс Біріккен Араб Әмірліктеріне ауысты. Санаулы күннен соң 2021 жылғы Азия чемпионатында топ жарған үздіктер анық­талады. Сол кезде қазақстандық боксшылардың өнеріне баға беріле жатар. Бәрінен бұрын жалпыкомандалық есептегі орнымыздың жоғары болғаны маңызды. Ал ол үшін бізге тек жеңіс керек. Ендеше боксшылардан алтын күтеміз.  

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ