Бокстан Дубай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионаты Қазақстан ерлер құрамасы үшін сәтті бастала қоймады. Өкінішке қарай, 56 келідегі отандасымыз Махмұд Сабырхан алғашқы кездесуінде-ақ төрешілер шешімімен жеңілді.
Сабырхан бірінші айналымда Үндістан өкілі Мохаммад Хуссам Уддинмен кездескен. Тартысты жекпе-жек қазақстандық боксшының басымдығымен өткеніне қарамастан төрешілер 5:0 есебімен жеңісті үнділік спортшыға берді. Сөйтіп, Қазақстан командасындағы жүлдеден үмітті боксшылардың бірі турнирден бірінші айналымда шығып қалды. Қазақстан сапынан 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Закир Сафиуллин де құрлықтық біріншіліктегі жорығын ерте аяқтады. Моңғолиялық Баатарсухийн Чинзориг есебімен кездескен ол 4:1 есебімен жеңілді. Әп дегеннен екі бірдей боксшымыздың жеңіліс табуы құрама жігіттері үшін ауыр соққы болды. Есесіне 52 келіде жұдырықтасқан тағы бір оғланымыз Сәкен Бибосынов Шри-Ланка өкілі Ласинда Эранданы 5:0 есебімен жеңді. 69 келідегі құрама үздігі Абылайхан Жүсіпов ширек финалда тартысты жекпе-жек көрсетті. Жергілікті боксшы Хусейн Аль-Кандариді 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңген ол жартылай финалға жолдама алды. Одан кейін Дубай шаршы алаңына шыққан қазақстандық Әбілхан Аманқұл да командаластарының ізін жалғады. 75 келіде сынға түскен отандасымыз үндістандық Ашиш Кумарды 3:2 есебімен қапы қалдырды. 91 келіге дейінгі салмақта жарыс фавориті саналған қазақстандық Василий Левит те жартылай финалға шықты. Ол ширек финалда «Астана Арланстың» бұрынғы боксшысы ирандық Эхсан Рузбаханиді 4:1 ұпайымен сан соқтырды. 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін үздік боксшыларымыздың бірі, болашағынан көп үміт күттірген былғары қолғап шебері Бекзат Нұрдәулетовтің бұл сында жолы болмады. Шаршы алаңда басымдылықты қарсыласына беріп қойған Бекзат ширек финалдық айқаста ирандық Мейсама Гешлагиден 4:1 есебімен жеңілді. Бұл салмақта Бекзаттан үміт күткендер көп еді. Тіпті, бірқатар бокс мамандарының өздері жарыс басталмай тұрып жеңісті алдын ала біздің боксшыға беріп қойған. Бірақ турнир кезінде жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Ал құрамадағы тәжірибелі боксшылардың бірі әрі Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев жеңісті жолынан жаңылған жоқ. 91 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғаған капитан ширек финалда үндістандық Нарендерді айқын басымдылықпен (5:0 есебімен) ұтты. Осылайша, Дубайдағы Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасынан жартылай финалға 6 боксшымыз жолдама алды. Финалға өту үшін 49 келіде Даниял Сәбит Марк Лестер Даренспен (Филиппин) жұдырықтасады. 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов Үндістан боксшысы Амитпен, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов моңғол боксшысы Баттумур Мишелтпен, 75 келіде Әбілхан Аманқұл ирандық Сейдшанин Мусавимен қолғап түйістіреді. 91 келі салмақ дәрежесінде Василий Левит қырғыз боксшысы Рустам Ырысбекұлымен, +91 келі салмақта Қамшыбек Қоңқабаев ирандық боксшы Поурия Амиримен шеберлік байқасады. Құрлықтық турнирдегі қазақстандықтар үшін ең маңызды қарсылас дәстүр бойынша Өзбекстан құрамасы саналады. Өзбек боксшыларының қаншалықты қарымды қарсылас екенін біздің бапкерлер мен боксшылар жақсы біледі. Дегенмен кейінгі кезде Азиядағы өзге мемлекеттердің де боксқа ерекше көңіл бөле бастағанын байқауға болады. Бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев Азия чемпионатында әлсіз қарсыластың жоқ екенін, біздің боксшыларға еш босаңсуға болмайтынын қаперге салды.