Шайтаны шәй ішіп отыр
Шайтаны шәй ішіп отыр
260
оқылды
Таңертең оянып, боянып, жұмысына жиналып отырса, ас бөлмесінде сықылықтап күлген дауыс естілді. Жәймен есікті ашып қараса, бір кішкентай қыз шәй ішіп отыр. Шашы жайылып кеткен. Жүрегі зырқ ете қалды. Ақырын жанына келді. – Әй, сен кімсің? –деп сұрады ол, – Апай, мен сіздің шай­таныңыз­бын ғой. – Қандай шайтан? – Адамды азғыратын шайтаны болады мен солмын. – Шық үйден! – Апай, шәй ішіп алайыншы? – Ойбай, сен кімсің сонша? – Мен бе? Айттым ғой, шайтаныңызбын. – Мен ондайларға сенбеймін. Жамал Жаманбаева оның шашынан сүйрелеп шығарып жіберді. Сөтіп, жұмысына келді. Бірақ, мазасы болмады. Жаңағы шайтаны құрғыр есіне түсе берді. Шайтаныңызбын дейді ме? Мені азғырмақ па? Әй,  бастық болып тұрғанымда, қонышымнан бассам қайтеді? Қой құрысын! Е, несі бар, жемейтіндер жердің астында. Рентген аппараттарын қымбат бағаға сатып алсам ше? Өйтіп–бүйтіп. Пандемия уақытында мұным қалай болар екен? Ертең жүрегім айнып,  құсып жүрмеймін бе? Ебін тауып, көрсем бе? Осындай сан сауалмен басы қатқан ол ертеңіне оянып, айна алдында боянып, жұмысқа барайын деп жатып, шәй ішкісі келген. Ас бөлмесіне кіріп келіп еді, шайтаны шәй ішіп отыр екен. Енді ол, қорықпастан, бармақтай қыз шайтанның қасына отырды. – Атың кім? – деп сұрады. – Шайтанушка. – Неғып отырсың? –  Шәй ішіп,. – Шық үйімнен! – Кешіріңіз, мен сіздің шай­таныңызбын ғой. – Болсаң ше? – Ебін таппайсыз ба? – Сенен ақыл сұрамаймын. – Заңсыз болса да, сатып алыңыз. Жамал Жаманбаева ойланып қалды. Сөйтсем бе екен? Жоқ, елімізде короновирус өршіп тұрғанда, мұным адамгершілікке жата қоймас.  Әлде... – Шайтангүл, қалай ойлайсың? – Солай ойлаймн. – Ұят емес пе? – Ұялмаңыз. – Неге? – Сізде бет жоқ қой. – Осылай шәй ішіп отыра бересің бе? – Қуырдақ қуырып жіберіңізші? – Жарайды, сен жолын айтасың ба? – Ия да. Денсаулық сақтау басқармасы­ның  бұрынға басшысы қолымен шекесін сүйеп, ойланып қалды. Мына шайтаным дұрыс айтып отыр. Сөйте салайын, ә? Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Жамал Жаманбаеваны шайтаны азғырды. Ол қызмет бабын асыра пайдаланып, жылжымалы рентген аппараттарын заңсыз қымбат бағаға сатып алды да, үстінен отыз миллион теңге жонып жей салды. Шайтаны азғырды деген осы. Бірақ, жегені желкесінен шықты. Ақтау соты оны үш жарым жылға бас бостандығынан шектеді.  Ал, шайтаны әлі шәй ішіп отыр.  

Жатыпатар ЖАНЫС