Кеңкелес киллер
Кеңкелес киллер
Адам деген айныйтын болса, демде екен. Ашыған айран сияқты. Иығындағы періштесі мен шайтаны төбелесіп қалады ғой деймін? Әйтпесе, қараптан-қарап тұрып, адам деген бұзыла ма? Бір күні,  Александр Ермошенконың миы  ашып, көңілі саси бастады. Сөйте тұрып, желкесін қаси бастады. «Өлтірсем бе екен, өлтірмесем бе екен?» деген ойлар басын цементтей қатырып тастады. Айна алдына келіп: – Қалайсыз?–деп сұрады. – Сіз сұрағалы жақсымын, – деді өзіне-өзі. – Не істейтін болдың? – Әйелімді ме? – Ия? – Киллер жалдап, жанын жаханнамға жіберсем деймін! Ол әйелімен жиі ұрысып, ұртын томпайтып отыратын күндерін еске алды. Бір жасар баласын өзі тәрбиелегісі келді. Сөйтті де, әйеліне айтты: – Жүр, жинал, қыдырамыз! – Қайда? – Алматының ауасынан тұншықтым, шетке шығып, «Ап-Ап!» деп таза ауа жұтып келейікші? Светлана Ермошенко күйеуінің көзіне қарады. Арам ойлы Александрдың көзінде ештеңе жоқ, жанары алдамайтын секілді. Олар көлікке отырып, Алматыны артқа тастады, көңілді келеді. Әсіресе, Александр. «Менің билегім келді!» – деп рульде келе жатып, иықтарын қозғалтып, билей бастады. – Менің әндеткім келеді! – деп қайдағы бір қайғылы әннен үзінді орындады. – Бүгін көңілдісің ғой? –деп сүрады әйелі Светлана. – Бүгін күн шықты! – деді ол. Светлана оған таңдана қарады. – Есің ауысқан ба? Күн күнде шығады ғой? – Бүгін күн ерте шықты! – Бұрын ше? – деп әзілдеді әйелі. – Бұрын үнемі кешігіп шығатын! Тойға кешігіп баратын қазақтар сияқты. – Күн түнгі Аймен махаббат болып жүрген шығар? – Солай деймін. Ай жүргіш пе  деп қалдым. Жыпырлаған жұлдыз балаларына қарамастан, Күнмен жүреді екен. – Нені меңзеп келесің? – деп сұрады Сетлана, – мен саған адалмын. – Солай шығар? – Александр, өкпелеймін саған! Александр Қапшағай тас жолынан бұрылып, 150 метр жерде тоқтай қалды, – Жәйша тоқтадық па? – деп сұрады әйелі. – Сенімен свиданиеге шықтым ғой? – Ойнамашы! Осы кезде жалдап қойған кеңкелес киллері Матяшин жетіп келді де, Светлананың басына жуан жұдырығымен қойып қалды. Есеңгіреген ананың  бауырындағы бала шырқырап жатса да, оның денесіне отыз жерден пышақ салды. Сырттай бақылып тұрған хаюаннан бетер Александр кеңкелес киллермен қалған ақшасын есептесіп жатты. Өлейін деп жатқан әйелінің құлағына: «Қымбаттым, мен сені өлтірдім!» деп сыбырлады. Кеңкелес киллер дейтініміз, кеңкелес болмаса, ақшаға қызығып, танысының әйелін пышақтап өлтіре ме? «Не деп тұрсың?» деп алқымынан ала кетпейді ме?  Жалдамалы киллер Матяшин 15 жылға, Александр 18 жылға сотталғанымен Светлананың туыстары разы емес. Оларға өмірлік жаза сұрайды. Бүгінде нәзік жандыларға зорлық–зомбылық көрсететіндер қатары көбейді. Әйелдерін өртей салады, пышақтай салады, ата салады, тіпті ата салып, түк болмағандай, үйіне келіп, жата салады.  Тұрмыстық зорлық–зомбылықтан елімізде жыл сайын 500 ден аса әйел құрбан болады екен! Масқара ғой! 500–ден астам мал қырылып қалады десек, «е, мал ғой!» дей салуымыз мүмкін. Ал, адам ажалмен құшақтасып жатса ше? Мына пандемия келген кезден бастап, еркектер бұрынғыдан бетер құтыра бастады. Әйелдерге зорлық,  күш көрсету жиілеп кетті. Көрші ағай жолығып калды. – Әйелдерге зорлық-зомбылық жөнінде не айтасыз? – деп сұрап едім. Желкесін қасып тұрып: – Әйел болмағаныма шүкір! – деді. – Неге? – Күйеумнен күнде таяқ жеп жүрер ме едім? Ал, сіз ше? Осындай қылмыстарға күлер ме едіңіз?  

Ратқұм МІРЕШ