Ізгілік іздері
Ізгілік іздері

(Жалғасы). Басы өткен санда.

Жазып болған соң мақаланы («Ұрпақ­тан ұрпаққа ұласқан мұра») «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының әде­биет бөліміне апардым. Ол кезде бұл бөлімді Ақселеу Сейдімбеков басқаратын. Мақаланы қалдырып кетіп, кейінірек бір айналып соққанымда, Ақаң: «Үмбеке, мақалаң жақсы. Бәріміздің де жүрегімізді ауыртып жүрген мәселе. Дайындап, ұсынып көрер едім, бірақ кедергіге кездесіп қала ма деген қаупім бар. «Қазақ әдебиеті» қалай болар екен?» – деді. Үстінен шамалап қырнап, мақаланы «Қазақ әдебиетіне» апардым. Дидахмет Әшімханов алып қалды. Араға шамалы уақыт салып, қайта айналып соққанымда, Дидахмет те: «Таныстым. Дайындайын десем, жүрексініп отырмын. Қаратаев па, Мүсірепов пе — айбаты бар ағалардың біреуіне көрсетіп, бір-екі ауыз пікірлерін қағазға түсіріп алсақ қалай болар екен», – деді. Мен «ойланайын» деп шығып кеттім. Бір күні Абай даңғылы мен Фурманов көшесінің қиылысындағы кітап дүкеніне соқсам, Мұхамеджан Қаратаев ағамыз кассаның қасында тұр екен. Бір қыз бала оған бірдемелерді орап берді. Кітап қой деймін. Аздан кейін буыншақты қолына алып, академик есікке карай беттеді. Сыртқа шыққан соң мен оған жақындап «ассалаумағалейкүм» деп дыбыс бердім. Ассалаумағалейкүмнің ізінше: — Ағай, затыңызды баратын жеріңізге шейін мен апарысайын, – дедім. Сәлемімді алды. Заты менің қолымда. Сәлден соң аты-жөнімді айтып, мақаланың тағдырына байланысты ойымды құлағына салдым. Академикте үн жоқ. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. «Бекер айттым-ау» деп, аяғында өзім қарадай қысылдым. Үйі сол маңайда екен, есігінің алдына жақындай бергенде, академик: — Рахмет, шырағым, – деп буыншақты қолымнан алды жаңағы бір шаруаңды Мүсірепов деген батыр шал бар ғой, соның құлағына салып көрсең қайтеді. Бұл мәселеде мен өзім көп таяқ жеген адаммын, – деді. — Жақсы, аға, кешіріңіз. «Батыр шалға» барудың ретін таппадым. «Жолы ауыр» сол мақала 1985 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Өмірге құштарлық» деп аталатын кітабыма еніп, аздаған өзгерістермен оқырман қолына тиді. Меніңше, ол мақала, Көпен, сенің көзіңе түспеген сияқты. Көзіңе түскенімен жадыңда қалмауы мүмкін. Алып-жұлып бара жатқан саяси қате, ағаттық бар ма, жоқ па, ол мақала міне. Таныс. Құдайшылығыңды айт. Мақалада цитат көп, «ұлы» сөзі аяқ басқан сайын. Ол – айла, тактика. Ойды баспасөзге өткізудің, оқырманға әйтеуір жеткізудің амалынан туған «қулық».  

Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан мұра

Есік қаласынан Алматыға қарай шығатын асфальт жолдың «Алтыншы километр» аялдамасында бір әже айнала-төңіректе өзді-өздері сөйлесіп, ойнап жүрген біздің үйдің балаларына қарап: — Ана тілдерінде сөйлейді, мынау бір жақсы балалар екен, – деді. — Оның несі таң, шеше? — Мен қазақ топырағында, Алматы маңында, қазіргі мына Қаскелең поселкесінде туып-өскен орыс қызымын. Сол бала жастан қазақтармен аяқ-табағымыз араласьш, мұңдас, сырлас өскен соң ба, әлде тәрбиемнен бе, мен өзім ана тілімді қалай сүйсем, қазақ тілін де солай сүйемін... — Дұрыс айтасыз, шеше: «Өз халқын сүймеген адам өзге халықтарды құрмет­темейді» (Бауыржан Момышүлы). Айта беріңіз. — Бәлендей суырылып сөйлемесем де мақтануыма болады, мен қазақ тілін қазіргі қайсыбір қазақтардан кем білмей­мін. Жасы ұлғайған сайын адамның көңіліне не болса сол олқы соға бере ме, әлде үстірт түсінеміз бе, білмеймін, әйтеуір біздің жас кезімізде қазақ тіліне деген ілтипат-құрмет айрық­ша-тұғын. Қазір басқа жұртты айтпағанда, қазақтардың арасынан өз ана тілін өздері білмейтіндерді жиі ұшырастырып жүрмін. Меніңше, бұл дұрыс емес... — Біз де солай ойлаймыз, шеше. Қазіргі уақытта бір ғана біздің респуб­ликамызда көненің көздері — 25 мыңнан астам тарихи және мәдени мұралар қор­ғауға алынған. Есепке алынбағандары қаншама! Алайда ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан, бабадан бабаға жалғасқан ұлы мұралардың ұлысы, алды­мен, әр ұлттың тілі ғой. Біле-білсек, заңы­мыз қорғауды әуелі осы ұлы мұрадан бастады емес пе? Ұлттық академиямыз бар,  мың-мыңдаған ұлттық мектептеріміз, ұлттық театрларымыз, ұлттық тіл және әдебиет институттарымыз бар. Өз ана тілімізде ән шырқаймыз, жыр жазамыз. Өркені өскен өлкеміз, өркен жайған өнеріміз, өлеңіміз, ғылымымыз... Бәрінің басын қосып айтсақ: ұлтты қорғау, ұлттың тілін қорғау дегеніміз осы ғой! Біздің социалистік мемлекетімізде барлық ұлт, барлық халық ұлы мұрат, ортақ прогресс — коммунизмте өз өлең­дерін, өз ұлттык табыстарын қосуға сап құрып, қатар беттеп келеді. Тіл де сол ұлы мұрат – коммунизмге қосуға апара жат­қан әр ұлттың рухани байлығы. Әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы ұлттық тілдің табысы ма? Табысы! Тілді көркейту, тілді қорғау дегеніміз, міне, осы! Солай десек те, түсінбегендіктен, ұлттың сөзін сөйлеу ұлтшылдық емес екенін, әңгіме ұлттың сөзін сөйлей білуде екенін жете білмегендіктен кейбір жолдастар қазір аузыңды ашсаң ұлтшыл­дыққа саяды. Жоқ, бұл — қате. Ұлт жайлы бір ауыз сөз айтылса, маңдайға ұрып ес­тен тандыратын баяғы жеке адамға табыну заманындағы аласапыран, асыра сілтеушілердің күні өтті. Сөз түзелді. Айтуға хақылымыз: ұлтшылдық бар да, ұлтты сүю бар! Ұлтты сүю — халықты сүю. Халықты сүю ана жер, мына жерде: «Оһ-о, мы казахи во!» – деп, ауызды көпірту емес. Ұлтшылдықтың «вирусы» қауіпті! Ұлт десе ішінде ит ұлыған адамдар қазір сиреді. Автобустың ішінде, автовокзалда, басқа да жерлерде ауыздары «жыбыр­лаған» бірен-сарандарды ақылды, парасатты жұртымыз желкеден ұрып, автобустан түсіріп жібереді. Екінші маршрут бойынша қаты­найтын автобуста бір дардай адамның жан-жағына айтпағаны жоқ. Біз: «Ағасы, ашуыңызды басыңыз», – деген сайын өршіді. Тақа болмаған соң «Қажымұқан» аялдамасында екі жас жігіт оны авто­бустан итеріп шығарып жіберді. Ұлтты бұлай сүймейді. Ұлтты сүюдің тәжірибесі — ажал сепкен амбразураның аузына кеудесін тосқан Сұлтан Баймағамбетов, Еңбекте ер атанған екі Жұлдызды Жазылбек Қуанышбаевтар. Ана тілінде әңгімелесіп отырған екі замандасты «быжы-быжы» деп мазақ қылған көргенсізді де көргеніміз бар. Ол да әлгінің кебін киді. Кебін кимей ше: ана тілінде әңгіме айту, ана тілін әңгімелеу айып па? Ұлы көсеміміз В.И.Ленин ұлттық сезімді ойнап та, байқамай да («Хотя бы даже по небрежности, хотя бы даже в виде шутки» 45-том, 360-бет) қорлап-кемсітуге болмайтынын қатты ескерткен ғой. Заңымызда да: әр ұлт, әр халықтың тіліне, мәдениетіне, әдет-ғұрпына қандай құрметпен қараған. «Кімде-кім ұлттың тілін кемсітіп, оны мансұқ етпек пиғыл танытса, ол адам — қылмыскер. Ол адам заңның алдында жауап береді». «Өз ана тілімді қалай сүйсем, қазақ тілін де сондай сүйемін», – деген мынау ақ шашты ананың сөзінен шығып кетті ғой бәрі. — Құрметті демалысқа шыққан боларсыз? — Қаш-ш-шан... — Мамандығыңыз?.. — Қазіргі «мамандығым» – немереле­рімді бағып-күту. Сонан соң осы маңда бір шамалылау саяжайымыз бар, қолым қалт еткенде соны әурелеймін. Ағарту­шымын. Құрметті демалысқа шыққаныма біраз болды. — Әңгімеңіздің кipicпeci балалардан басталғаны тегін болмады, шеше. Сіздей жақсы адамдар айнала төңірегіне нұр шашып, шуақ шашып жүреді. Мен қазақ мектебін бітірген адаммын, шеше. Орыс тілін жаман білмеймін. Алға қойған мақсатым: өз ана тілімді жақсы меңгеру, ал, орыс тілін өмір бойы үйрену. Сіздің халықтың тілін үйренуді біздің халықтың ұлы перзенттері Абай, Ыбырай, Шоқандар насихаттаған. Иә, орыс тілін үйренбей болмайды! Өйткені ол бүкіл кеңес халықтарына ортақ тіл және мемлекеттік тіл! Оны үйренбесе, адам — қаріп. Ал ана тілін білмесе, үйренбесе, сүймесе, ол адам — мүгедек! — Дұрыс айтасың, балам, біздің елімізде орыс тілінсіз кәріпсің. Оны білмесең, айтар ойыңды жеткізе алмасаң, кәріп болмағанда нең қалды? Ана тіліңді білмесең, ол айтқаның да дұрыс — мүгедексің! Революцияның қозғаушы күші де — адам, революцияның алдына қойған мақсаты да — адам. Адам дегеніміз мына сіздер мен біздер — ұлттың өкілдері. Революция болмаса, социалистік ұлт болып қалыптасар ма едік, жоқ па — кім білсін. Революциямен жеңіп алған соң ұлттық тілімізді дамытпасақ, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан ата-баба аманатына жүрдім-бардым қарасақ, революцияның мәнін түсінгеніміз қайсы, ұлттық тілімізге деген жауапкершілігіміз, оны ардақтап, қастерлегеніміз қайсы?! — Ойымнан шығып келесіз... Ана тілді қастерлеудің алғы сөзінің авторы да ұлы көсеміміз Ленин: «Біз өз тілімізді және Отанымызды сүйеміз. Әр уақытта ана тілін шұбарламай, бүлдіріп сөйлемей, таза сөйлеу керек, тіл байлығын молайтып, тіл тазалығын сақтау керек», – деп үйреткен сол ұлы адамның өзі. Олай болса: ана тіліне жауапкершілік — ұлы жауапкершілік! Бұл ұлы жауапкершілікті педагог, педагог емес ұлы адамдар қалай түсіндіреді? К.Д.Ушинский: «... Ана тілі — бүкіл ақыл-ой дамуының негізі және бүкіл білімдердің қазынасы». Н.Г.Чернышевский: «Ұлт тілі — өзінің табиғи әсемдігімен ғана бай, құнарлы». В.Г.Белинский: «Әрбір халық өзге ешбір халықта жоқ, болуға тиіс те емес белгілі мөлшердегі сөздерге, терминдерге тіпті сөз орамдарына иелік етеді». М.Әуезов: «Әрбір саналы, мәдениетті адамзатқа ана тілі мен сол ана тіліндегі әдебиеттің қадірін білмеу — мәдениет­сіздік». Р.Ғамзатов: «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ!» Ш.Айтматов: «... Ана тілін білген адам — жақсы адам. Одан нағыз азамат шығады». Ана тілін қастерлеудің бір үлкен насихатшысы Ғабит Мүсірепов: «Тіл — аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Тілді ешкімге түрткілетпеуіміз керек. Әттең, ана тілінің байлығын қастерлеуге тиісті тіл ғалымдарының өздері де кейде қатты қынжылтады...» Моңғол шапқыншылығынан, Жоңғар шапқыншылығынан, басқа да талай-талай қызыл қырғын өрттен аман алып шығып, ата-бабамыз бізге жеткізген ұлы мұра, ұлттық мақтаныш, ұлттық табыс, ұлттык жетістік — осы ана тілі. Қазіргі аға буын, орта буын ұрпақ — мына бізге де кейінгі толқынға ұлттың тілін тапсыру кезегі келді. Біз бұл жауапкершілікті қалай сезінеміз? Академик-жазушы Ғ.Мүсірепов «Қазақстандағы әдебиет сынының жайы мен міндеттері туралы» атты мақаласында осы ана тілі тақыры­бына тағы да қынжыла отырып қайырыла­ды: «Бізде қазақтың басшы қызметкерлері ана тілінде публицистикалық мақалалар жазуды мүлдем қойып кетті. Олар тым болмаса екі тілді (орыс және қазақ тілін) еркін игеруді мәдениетті адам үшін артық санайтын тәрізді. Олардың өздерін қазақшаға аудару қажет. Екіншіден, біздің қалаларда ата-анасы орысша оқи алмайтын, ал балалары қазақша оқи алмайтын отбасылар аз емес. Ал олар өзара үй ішінде айтылатын азын-аулақ сөздермен ғана сөйлеседі. Қазақ жазушыларының балаларының басым көпшілігі өз әкелерінің шығармаларымен аударма арқылы ғана таныс». Академиктің осы ойларын толықтыра­тын: ана тілін білмеудің салдарынан радио, теледидардан мыңқылдап сөйлей алмайтын, газет-журнал, өтініш-талап­тарын орындауға келгенде шарасыз көп­теген ұлттық интеллигенция өкілдерін сынға алған материалдар мерзімді бас­пасөз беттерінде әлі де орын алып жүр. «... Студияға шақырылған кейбір өнер адамдары, – делінген «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жарияланған бір мақалада, – туған халқымыздың қасиетті ана тілін қадірлеп, қастерлеуде енжарлық көрсетпесе екен. Әрбір ұлт адамының азаматтық борышы – өзінің ана тілін құрметтей білуінде жатыр емес пе? Әсіресе қайсыбір жаңа талап өнер иелерінің ана тілінің қадірін жете бағаламауы қынжылтады». — Балаларыңыз қазақ мектебінде оқиды білем? — Солай шештік, шеше. — Балаларын кім қай тілдегі мектепте оқытқысы келеді, әрине, ол әр ата-ананың өз ықтияры. Ол әркімнің өз конституциялық құқығы. Сонда да балаларын кім қай тілдегі мектепке берсе бір мақсат, бір оймен береді ғой. Сіздер... — Мен сізді түсіндім, шеше. Менің байқауымда орыс мектептерінде оқитындардың басқа ұлт мектептерінде оқитындардан бір артықшылығы, бір ерекшелігі, шеше, олар бұл тілде еркін көсіліп сөйлей алады және ойлаған ойларын қағазға еркін түсіре алады. Орыс тілін еркін меңгеру, сөз жоқ, жетістік, мақтаныш. Қазақтың жетілген ұл-қыздары орыс тілінде үлкенді-кішілі аудиторияларда дәріс оқыса, оған неге мақтанбасқа! Олжас Сүлейменов бүкіл еліміздің еңбекшілерімен теледидар арқылы жүздесіп, орыс тілінде жазған өз өлендерін жатқа айтып берсе, өз шығармаларын орыс тілінде жазатын біздің халықтың тағы бір талантты өкілі Әнуар Әлім­жановтың кітаптары дүниенің түкпір-түкпірін шарлап жүрсе, бұған неге мақ­тан­басқа? Ұлт тілінде жазылған шығар­малар — халық пен халықты таныстыратын ұлы дәнекер. Осындай реттерден: Олжас Сүлейменов Махам­беттің отты өлеңдерін орыс тіліне аударып, сол арқылы оны басқа халық­тармен табыстыруды алдына мақсат етіп қойса, бұған неге мақтанбасқа?! Екінің бірі, әрине, Сүлейменов пен Әлімжанов емес. Орыс тілінде шығарма жазбақ түгіл, сөйлеп қарық қылмайтын, ал ана тіліне екібастан мақрұм, ұлттық театрларымызға бара қалса құлақтарына «научник» киіп тыңдайтын «мүгедектер» бұл жерде басқа әңгіме. Бұларға керісінше: қазақ тілінде жыр жазатын, қазақ тілінде ән салатын На¬дежда Лушникованың өзін көріп, сөзін естігенде жаныңыз қалай жадырамайды?! Бұдан бір шамалы уақыт бұрынғы деректерге қарағанда, Қазақстанда тұратын орыс халқының 55 мың 399 өкілі – Лушникова мен Бурмистровалар қазақ тілін өз ана тілі санайтын — екі аналықты тел емген төлдей екі тілді меңгергенін сөз орайында айта кетпекшіміз! — Мен мына жаңалықты білмеуші едім, 55 мың... 55 мың дегенің... — Бірде Лушникова қызыңыз Харьков облысындағы Любитель» деп аталатын орта мектептің оқытушысы Мария Яковлевна Власова деген бейтаныс азаматшадан хат алыпты. Хатында мұғалима былай депті: «Менің 4«а» сыныбьм 5-ақпанда Қазақ КСР-і туралы пионерлік жиын өткізуді жоспарлап отыр. Сүйіктім, менің кішкентай хохолдарыма (украиндық­тарыма) қазақ тілінде «қайырлы таң», «сәлеметсіз бе?» және басқа да адам жанына ең жақын сөздер мен тіркестерді жазып жібергейсің». — Ұлттық тілге деген, халықтардың халықтарға деген ілтипат-құрметінің бір мысалы осы болса керек! — Мен сені түсіндім, балам. — Мен әлгінде, орыс мектептерінде оқитындардың басқа ұлт мектептерінде оқитындардан артықшылығын айттым. Енді менің мына пікіріме қосыласыз ба, жоқ па, басқа ұлт мектептерінде оқитындардың орыс мектептерінде оқитындардан артықшылықтарын айтсам, олар екі немесе бірнеше тілде еркін сөйлей алады және оқи алады. Соған қарағанда ұлт мектептерінде (әсіресе қалалықтар) оқыған көп тиімді сияқты. Аралдық оқушы Лиза Жұматова «Қазақстан пионері» газетіне жазған бір мақаласында біздің осы ойымызға ұқсас ой қозғапты. «Қалада оқитын оқушылар өз ана тілін, ал ауылда оқитын оқушылар орыс тілін біле бермейді, – дейді ол. — Екі тілді білгенге не жетсін шіркін!» — Балаларымды қазақ мектебіне беруіме Ғ.Мүсіреповтің «өз ана тілін жақсы біліп, орыс тілін білмеген баладан біржақты адам шықпақ. Құсқа екі қанат қалай керек болса, қазақ баласы үшін екі тілді таза білу сондай қажет» деген сөзі қамшы болды. «Орысша оқымаса бала кейін оқуға түсе алмай сорлап қалады» деген бір жаман ой көп жұртымыздың басында сіркелеп қалған. Олай дейік десек, мемлекет басқарып отырған қазіргі көрнекті партия, кеңес қызметкерлері мен ғалымдарымыздың, министрлеріміз­дің көбісі бір кездегі ауыл мектептерінде оқып, жоғары оқу орындарын бітіргендер екен. Қайда сорлағаны?! — Жұрт не демейді, балам. Меніңше сенікі ақыл. Ең кемі екі тілде сөйлей алады, оқи алады. Балаларыңызды ана тілі мектебіне бергеніңіз ақыл болған. «Қазақша сөйлейтіндер азайып бара ма, қалай... Енді бір елу жылдан кейін не болар екенбіз?» деген сияқты сары уайым сауал оқта-текте болса да алдымыздан шығып қалып жүр. Бұл қате. Академик Рабиға Сыздықова мұндай сауалдарға былай деп жауап қайырады: «Қазақ тілінің болашағына қамқор болып, оны зерттеу, насихаттау, оның әдемілігін, дұрыстығын сақтауға келгенде жастарға артар үміт көп. Сондықтан да асыл мұрамыздың сынын кетірмей, әдемілеп алға апаратын да кейінгі ізбасарларымыз, мектеп оқушылары деп білемін...» Біз де солай ойлаймыз. Ол үшін әрбір үлт өкілі өздерінің конституциялық, азаматтық парызын жақсы түсінсе болғаны. Ана тілімізде оқытамыз деп едік, соңғы он-он бес жылдың ішінде Алматыда бірнеше қазақ мектебі ашылды. Қажетсінсек әлі де ашылады. Ендеше, оның несі сары уайым, бәрі өзімізден! Рас, қайсыбір лауазымды адамдар мен жергілікті жерлердегі бірен-саран шенеуніктердің кінәсінен тұрмысымызда заңнан ауытқу фактілерінің аз да болса кездесіп қалып жүргені өтірік емес! Заңнан ауытқудың бір мысалы: «Ленин­шіл жас» газетінде (1981) журналист Алашыбай Есмағамбетовтың Целиноград қаласынан жазған шағын сын мақаласы. Мақаланың қысқаша мазмұны: қалада диқандар мен малшылардың балалары оқитын №4 мектептің бірінші класына небәрі 15 бала құжат тапсырып, артынан: «Бір класқа толмайды», – деген желеумен таратылып жіберілген. Бір класқа толмайтын себебі, интернат мәселесі шешілмеген. Интернат мәселесінің шешілмеуі салдарынан қос оныншы класта оқитын 55 оқушының 35-і қалада пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. Осындай сылтаулармен Ақтөбе облысы­ның Мартөк кентіндегі жалғыз қазақ орта мектебінің де халі қалт-құлт... Бұл фактілерден басқа, біздің бай­қауымызда: жергілікті жерлерде ұлт тілін құр­меттеуге байланысты пәрменді наси­хат жоқтың қасы. Ана тілін қастерлеудің, ана тілін құрметтеудің бірден бір жолы, біздіңше: республика көлеміндегі барлық ұлт мектептерінде қазақ тілі пәнін фор­мальді түрде емес («окно» болмайтындай етіп), керісінше нағыз жанашырлықпен, коммунистік белсенділікпен жандандыру және ұлттық балабақшаларды көбейту. Бұл мәселеге келгенде Балтық бойы, Кавказ жене Орта Азия республикалары бізге бірден бір үлгі. Соңғы кезде ана тілі тазалығы — әңгіме, ана тілі мәдениеті, ана тілі нормасы — әңгіме. Тіл тазалығы, тіл құдіреті, сөз өнері, сөздің эмоциялық әсері, сөйлеу мәдениеті — бәрі-бәрі мерзімді баспасөз беттерінде, дастархан бастарында — әңгіме. Өкініштісі: сөз-сөздің, жол-жолдың ара-арасында болмаса, ана тілі тағдырын көбісі айналып өтеді. Ана тіліне мұрын шүйіріп қараушылар әңгіме бола қалса, әлгі «әңгімешілердің» көбісі көлтектеп, тырбаңдап қалады. Неге? Ұлтшылдық па? Жоқ, жоғарыда айттық, тиісті жерде ұлттың сөзін сөйлеу ұлтшылдық емес, адамгершілік! Гәп, әрине, оны қай жерде қалай сөйлеуде! Ана тілімізде жазылған мың-мындаған кітап төбе-төбе боп үйіліп, өтпей қойма­ларда жатса, шаң басып дүкен сөрелерінде тұрса, мұның да көп себептерінің бірі — жасыратыны жоқ, тағы да сол ана тілімізді жете білмеуіміздің, түсінбеуіміздің салқыны! Біздің бақытымыз: бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз. Біздің ұлы жеңісіміз: дамыған үстіне дамып келе жатқан өнеріміз бен өлеңіміз, ғылымымыз бен мәдениетіміз. Ана тіліміз де осы дамудың ішінде. Біздің кемшілігіміз: ана тілімізді қастерлей білмейтініміз. Біздің көп­шілігіміз бүгінгі ісімізден тек бүгінгі ғана қуаныш-күлкімізді іздейміз, бүгінгі ғана бақытымызды ойлаймыз. Біз халықтың соңы емеспіз. Біз халықтың жалғасымыз, жалғасымыз бар. Олай болса, біз балаларымыздың балаларының да бақытын ойлауға, оларға материалдық және рухани мұра қалдыруға тиіспіз. Рухани мұраның ұлысы, қайталап айтамыз, тіл — ата-баба аманаты. Бұл аманатты ата-бабамыз бізге жеткізіп берсе, жалғасымызды жалғастыру бүгінгі аға, орта буын ұрпақ – мына біздің міндетіміз, біздің парызымыз. Ана тілінің өмірін ұзартатындар — ең әуелі өнер адамдары мен ақын-жазушы­лар. Өйткені олар сол халықтың өкілдері. Олар әуелі сол халыққа қызмет етеді. Егер өз тіліндегі оқырман-көрермендері болмаса, олар ана тілінің өмірін қалай ұзартпақ? Ана тілінің шырайын шығарып, өмірін ұзартатын, оның тағдырын басқа жұрттан бұрын ойлайтын ақын-жазушы­ларымыз бен ағартушыларымыз бұл ұлы тақырыпты қалай бағалап, қалай жыр­лайды?   С.МҰҚАНОВ: Әкемнің құты, Шешемнің сүті, Сіңірген тұла бойыма. Бар асылын халықтың, Лениндік ұлы тарихтың, Құйған сана-ойыма — Туған тілім өркенде, Бола бер күшті, көркем де, «Өнер алды — қызыл тіл».   Ә.ТӘЖІБАЕВ: Ана тілім — тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сыр ойдағы. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе тілім, мен де бірге өшемін. Тілсіз хайуан бишара, Бишараға не шара!  

(Жалғасы бар)

 

Көпен ӘМІРБЕК