Егер Қазақстандағы өзен-көлдер қалың жауған қар, нөсерлете төккен жауын есебінен ұдайы толығып отырмағанда, еліміздегі бар суды бес жыл ішінде тауысып ішіп қояды екенбіз. Қоршаған ортаны қорғауға жауапты ведомство қызықты дерек келтірді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, республикамыздағы жыл сайынғы жерүсті су қоры 100 текше шақырымды құрайды. Алайда оның 46 км 3 Қазақстаннан тыс жерлерде қалыптасады. Мысалы, Ертіс бастауын Қытайдан алады. Ал қазақ жерінде құдық қазудың перспективасы қандай? Меморган жерасты суларының барланған қоры небәрі 15 текше шақырым екенін жеткізді. Бірақ жеріміздегі бар судың тең жартысы табиғаттың өзіне керек. «Жалпы, 100 км3 судың 50 текше шақырымы экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қажет. 24 текше шақырымға жуығын экономика салалары әртүрлі мақсаттарға шығындайды. Соның ішінде 16 км3 – ауыл шаруашылығында, 7 км3 – өнеркәсіпте жұмсалады. Тағы 1 текше шақырым көлемдегі суды қазақстандықтар шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін тұтынады», – деді министр. Дүниежүзілік ресурстар институтының бағалауы бойынша, жалпы алғанда Орталық Азия мемлекеттері су тапшылығы жоғары елдердің қатарына жатады. Ал Қазақстан орташадан жоғары су тапшылығы бар елдердің қатарына кіреді. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырмасына және ел Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмасына сәйкес министрлік 2020-2030 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасын жасап шықты. Онда суға қатысты басты мәселелер көрсетілген. Біріншіден, ел тұрғындары сапалы ауызсумен қамтылуда қиындық көреді, сондай-ақ диқандар егін өсіру, вегетациялық мезгілде суармалы суға зәру. Судан қоршаған орта да таршылық көруде. Бұл топтағы мәселе қатарына экологиялық тепе-теңдікті сақтау (Арал, Балқаш, Жайық), экологиялық жағдайдың көрші мемлекеттер (ОА, ҚХР, РФ) жүргізетін су саясатына тәуелділігі және су объектілерінің ластануы, сонымен қатар су ресурстарын үнемді тұтынбай, босқа рәсуа ету кесірінен су көздерінің сарқылуы жатады. Бұдан бөлек, ел экономикасына зардабын әкелген проблемалардың тағы бір тобы бағамдалды: бұлар – су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуы, нысандардың тасқын судан қорғалмауы, өнеркәсіптегі су рецеркуляциясының төмен көлемі. «Елдегі барлық каналдардың 80%-ы – тозған, бүгінде 18 мың шақырымы жөндеуді қажет етеді. Ескірген инфрақұрылым және соның салдарынан болатын судың ысыраппен жұмсалуы, сапалы судың тапшылығы, тариф есептеуде қолданатын тетіктің әлсіздігі, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, көршілес мемлекеттермен су бөлу мәселелері – қазіргі су саласындағы аса өзекті мәселелер. Бұл проблемаларды шешу үшін жаңа әрі жеке мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет. Осы мәселе бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының тиісті тапсырмалары бар», – деді М.Мырзағалиев. Бағдарлама жобасының мақсаты – елдің тұрақты дамуы үшін су ресурстарымен кепілдендірілген қамтамасыз ету, су нысандарын халықтың тұрмыс-тіршілігі мен елдің экономикасында экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін күйде сақтау және қалпына келтіру. Бүгінде бағдарламаның негізгі 7 нысаналы индикаторы анықталған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – 2030 жылы туады деп болжанған су тапшылығын жаңа іс-шаралар арқылы шешіп, жерүсті суларының қазіргі деңгейін (100 км3) сақтап қалу, 7 текше шақырым көлеміне дейін кәусарды ұстайтын жаңа су қоймаларын салу, елдегі суды үнемдеу көрсеткішін 5 текше шақырымға дейін жеткізу; 15 км3 көлеміне дейін жерасты суларын пайдалану болады. Қазақстанда 26 жаңа гидротехникалық құрылыс салынбақ. Қолданыстағы 182 республикалық меншіктегі, 300 коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртылады. Айхан ШӘРІП